Жаңалықтар

Абай облысында жылу маусымына мониторинг жүргізілді

Абай облысында жылу маусымына мониторинг жүргізілді
Фото: Абай облысының әкімдігі 09.02.2025 20:13 372

Аягөз қаласы мен Шуақ кентіндегі жылумен жабдықтау жүйелері тексеріліп, жауапты тұлғаларға температуралық кестені тұрақты сақтау және жылу көздерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ, авариялық және жөндеу бригадаларының жұмысы күшейтіліп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда температуралық режимді қадағалау міндеттелді. Қазіргі уақытта облыстағы жылу маусымы тұрақты бақылауда және штаттық режимде өтіп жатыр.  

Жаңа мектеп пен аурухана құрылысына бақылау жүргізілді. Сапар барысында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында Аягөз қаласында салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылысы тексерілді. Құрылысты 2025 жылдың 25 тамызына дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта мектептің төбе жабыны мен ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.  

Жаңа мектеп балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударатын бейнебақылау жүйелерімен жабдықталады. Сонымен қатар,  оқушыларға арналған демалыс аймақтары, жұмсақ жиһаздар, музыкалық аспаптар, кітаптар және үстел ойындары қарастырылады.  

Сонымен бірге, Аягөз аудандық орталық ауруханасында 10 төсектік реанимациялық бөлімшенің құрылыс барысы да тексерілді. 2025 жылға қаржыландыру толық көлемде қарастырылған. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи медициналық жабдықтар мен жиһаздар сатып алынуда.  

Жаңа реанимациялық бөлім жедел және ұзақ мерзімді реанимациялық іс-шаралар өткізуге арналған, оның құрамында емдеу аймағы, қарқынды терапия палаталары және медбикелерге арналған орындар болады.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға