Жаңалықтар

Абай облысында ҚР Президентінің шыршасы өтті

Абай облысында ҚР Президентінің шыршасы өтті
Фото: gov.kz 24.12.2023 21:03 804

Бүгін еліміздің барлық облыстарында Қазақстан Республикасы Президентінің атынан балаларға арналған «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты басты жаңа жылдық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Семей қаласында ұйымдастырылған мерекелік жиынға Абай облысының әр ауданы мен қаласынан 200 бала қатысты.

Шыршалық кешке 9 жастан 13 жасқа дейінгі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, ерекше білім беруді қажет ететін, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта, қоғамдық өмірде жоғары жетістіктерге жеткен дарынды балалар шақырылды.

«Бүгін жылдың басты іс-шарасы Қазақстан Республикасының Президенті атынан өткізіліп жатыр. Сіздерді осы келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын. Сіздер сапалы білім алып, жақсы оқып, биіктерден көрініп, еліміздің лайықты азаматы болыңыздар. Сәттілік серіктеріңіз болсын. Еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Біз сіздерге сенеміз! Жаңа жылда тілеген барлық тілектеріңіз орындалсын!», – деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Балаларға ерекше безендірілген сахнада аниматорлардың қатысуымен театрландырылған жаңа жылдық қойылым ұсынылды. Мерекелік кешке қатысқан әр балаға 100 мың теңгеге сертификат, тәттілер мен ойыншықтар сыйға тартылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға