Абай облысында қатты жел мектеп шатырын ұшырып әкетті

Абай облысында қатты жел бірнеше ғимараттың шатырын ұшырып әкетті. Бұл туралы Kazinform-ға сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыстық ТЖД дерегінше, сағат 06:00-де Бесқарағай ауылында екпіні секундына 20 метрге жеткен жел Долон бастауыш мектебінің шатырын ұшырып әкеткен. Оның ауданы - 288 шаршы метр. Абырой болғанда зардап шеккен ешкім жоқ. 2020 жылы шатырға жартылай жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ Бесқарағай ауданындағы Кривинский бастауыш мектебі де шатырсыз қалды. Қатты желдің салдарынан спорт залы мен акт залына жапсарлай салынған ғимараттың шатыры қирады.
Семейде сағат 12:32-де Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет ғимаратының шатыры бүлінгені туралы хабар келіп түсті. Бұл кезде жел екпіні секундына 18 метрге дейін жеткен, - делінген ақпаратта.
Жел қала көшелерінің біріндегі жер үйдің шатырын да жұлып әкетті. Юность шағын ауданындағы 44793 әскери бөлімі ангарының шатырын да жел ұшырған. Қазіргі уақытта барлық мән-жай анықталып жатыр.
