Абай облысында қанша ақбөкен бар
Абай облысының аумағында тұрақты мекен ететін ақбөкендердің саны 1000-1500 бас екені белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Негізінен ақбөкендер негізінен еліміздің орталық өңірлерін мекендейді. Дегенмен, күз айларында жайылым іздеп, Жаңасемей ауданының шекарасына дейін жетеді. Абай облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері жуырда рейдке шығып, ақбөкендердің жай-күйіне мониторинг жүргізді.
Ақбөкендер облысымызға күз-қыс айларында келіп, қаңтар-ақпанда көршілес Павлодар, Қарағанды облыстарына қоныс аударады. Өңірімізде тұрақты мекен ететін дала жануарларынан бөлек, шамамен 4-5 мың басқа дейін ақбөкендер қыстады. Рейд барысында Саржал, Жайма, Қосашат, Айнабұлақ учаскелері, Шаған өзенінің жайылмасы, сондай-ақ Дегелең, Қараша, Еңбек, Телман тауларының етегіндегі бағыттар зерттелді. Мониторинг жүргізу кезінде жануарлардың 150-250, ал кейбір жерлерде 500 -ден астам ақбөкендердің топтарға жиналуы байқалды. Жануарлардың жай-күйі қанағаттанарлық, табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтар анықталған жоқ, - дейді инспекцияның жануарлар дүниесi және аң шаруашылығы бөлімінің басшысы Альтаир Шайдуллин.
Ескертетін жайт, ақбөкендер елімізде аулауға, атуға шектеу қойылған.