Жаңалықтар

Абай облысында пайдалануға берілмеген екі мектеп бары анықталды

Абай облысында пайдалануға берілмеген екі мектеп бары анықталды
Фото: Абай облысының әкімдігі 09.03.2025 07:33 475

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласында «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынып жатқан екі мектептің құрылысымен танысып, қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қарағайлы ықшам ауданындағы 1200 орындық білім ордасының құрылысы аяқталғанымен жергілікті атқарушы органдардың балансына әлі берілмеген. Оқу процесі биылғы оқу жылының 4-інші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр. Нысанға тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» АҚ өкілдері облыс әкіміне телефон желісі тартылмағандықтан мектепті қолданысқа бере алмай отырғанын айтты.

Аймақ басшысы Водный кентіндегі «Жайлы мектеп» бағдарламасымен бой көтерген 600 орындық мектептің құрылысын да көрді. Бұл білім ордасы электр желілерінің жоқтығынан жергілікті атқарушы органдардың балансына берілмеген.

Облыс әкімі Құрылыс басқармасының басшысына екі мектептің құрылысын қатаң бақылауға алып, әр апта сайын жағдайды баяндап отыруды тапсырды.

Өздеріңіз де жақсы білесіздер, Қарағайлы ықшам ауданында да, Водный кентінде де мектеп тапшы. Оқушылар басқа мектептерге барып, оқуға мәжбүр. Ал сіздер «мектеп құрылысы бітті, бәрі жақсы» деп Астанаға есеп бергенсіздер. Енді келіп құрылыс тағы созылуы мүмкін деп отырсыздар. Тұрғындар мектептердің ашылуын асыға күтіп жүр. Халыққа не деп айтамыз? Осының бәрін ескеріп, алдын ала қадағалап, мектепті мерзімінде тапсыруға болар еді. Яғни, жұмыс алдын ала, дұрыс жоспарланбаған. Қалған жұмысты тезірек аяқтап, қолданысқа беріңіздер. Бұл мәселені жеке бақылауда ұстаймын. Содан кейін тиісті шешім қабылдаймыз, - деді облыс әкімі. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға