Жаңалықтар

Абай облысында мүгедектігі бар адамдар үшін 600-ден астам нысан бейімделген

Абай облысында мүгедектігі бар адамдар үшін 600-ден астам нысан бейімделген
Фото: ortcom.kz 14.03.2025 10:45 248

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Абай облысында 680 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 40 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуге тиіс. Осылайша, 2023 жылы – картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%-ы бейімделеді.  Қазіргі уақытта ел бойынша 22 777 нысан толықтай бейімделген.

2025 жылдың соңына дейін Абай облысы бойынша 886 нысанды бейімдеу жоспарланған, қазіргі уақытта 680 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілді.

Облыстық маңызы бар мәртебеге ие болған Семей қаласының инфрақұрылым объектілері жыл сайын мүгедектігі бар адамдардың ыңғайлылығына көбірек бейімделуде. Сонымен бірге жедел медициналық жәрдем ауруханасының ғимаратындағы барлық есіктер мүгедектігі бар жандарға арналға арбалар мен оларға еріп жүрушілерге де ыңғайлы жабдықталған, сондай-ақ тактильді жолақтар орнатылып, дәрігерлер кабинеттерінің есігі тұсында нашар көретіндер үшін мәтіні Брайль шрифтісімен терілген тақтайшалар ілінген. Мүгедектігі бар адамдардың көлік құралдары үшін ыңғайлы тұрақтар да қарастырылған. Облыстық абилитация және оңалту орталығында халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін барлық жағдайлар жасалған, оңалту қызметтерінің барлық түрлері көрсетіледі, өте сыпайы және әдепті персоналдар қызмет көрсетеді. Абай Құнанбаев атындағы жергілікті әуежай, теміржол вокзалы, «Қазына» СОО, «Арена» мәдени-спорт кешені, «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мемориалдық кешені, «Отбасы Банк» АҚ филиалы, Семей қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әкімшілік ғимараты да бейімделген және мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді, – деп бөлісті өз ойымен бірінші топтағы мүгедектігі бар азамат Нұрғали Жақыпов.

Бұдан өзге, 2024 жылы мемлекеттік бақылау шеңберінде Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Абай облысы бойынша департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік, сауда және т. б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 60 тексеру жүргізді, оның ішінде: 35 – профилактикалық бақылау шеңберінде, 25 – жоспардан тыс тексеру болды. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 59 ұйғарым берілді, 5,3 млн теңгеден астам сомаға 18 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана беріледі. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға