Жаңалықтар

Абай облысында күйік шалған үш өрт сөндірушінің бірі көз жұмды

Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Абай облысында  күйік шалған үш өрт сөндірушінің бірі көз жұмды
Фото: egemen.kz 08.09.2022 18:02 1424

Абай облысында табиғи өртті сөндіру кезінде 3 өрт сөндіруші күйік жарақатын алып, олардың бірі ауруханада көз жұмды. El.kz порталы бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мәлім етілгендей, 7 қыркүйек күні сағат 13.35-те «112» кезекші пультіне Абай облысы Жарма ауданының Бозжыра ауылдық округі Бірінші ауылының учаскесінде құрғақ шөп жанып жатқаны туралы хабарлама түскен. Шақыру орнына №22 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жіберілген.

«Шақыру орнына келген өрт сөндірушілер дереу жалынмен күреске кірісті. Өрт сөндіру автоцистернасы отты сөндіру үшін су жеткізіп жүрген Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының КамАЗ (12 текше метр) көлігінен су алып жатқан еді. Осы кезде жел бағыты өзгеріп, лаулаған от автоцистернаға қарай жылжыды. Техниканы эвакуациялау жолдарының барлығы жан-жағынан отқа оранып кетті. Биіктігі екі метр қарағаш ағаштары жанып жатты.

Өрт сөндірушілер өрт-техникалық қару-жарақты жинауды тоқтатып, шұғыл эвакуациялауға кірісті. Автоцистерна мен су тасымалдайтын КамАЗ көлігі толығымен жанып кетті.

Салдарынан өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Амангелді Тұрлыбеков пен өрт сөндіру бекетінің жүргізуші-қызметкері Айдос Тоғызбаев, өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрлан Сәлімжан түрлі дәрежеде күйік алып, Жарма ауданы Шар қалалық ауруханасына жеткізілді», - делінген министрлік хабарламасында.

Сержант Айдос Тоғызбаев ауруханада көз жұмған. Ол қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасына ұсынылды. Жасы 36-да болған. Азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдан бастап қызмет еткен. Артында әйелі мен 5 баласы қалды.

«Төтенше жағдайлар министрлігі Айдос Тоғызбаевтың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Айдос өз ісінің маманы ретінде әріптестердің есінде мәңгі қалады. ТЖМ қайтыс болған өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді. Абай облыстық ТЖД психологтары өрт сөндірушінің туыстарына көмек көрсетіп жатыр», - деді министрліктен.

Жалын 500 га аумақты шарпыған. Тілсіз жау 8 қыркүйек күні сағат 5.40-та сөндірілді.

«Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамынан 14 адам мен 5 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда. Елімізде қызметтік міндеттерін атқару кезінде өртке қарсы және құтқару қызметтерінің 65 қызметкері қаза болды», - деді ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға