Абай облысында ескі мектеп ғимараты балабақшаға айналады

Абай облысының Бесқарағай ауылында «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынған 300 орындық білім ордасының құрылысы толық аяқталып, оқу процесі биылғы оқу жылының 4-інші тоқсанында басталады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алайда нысанға тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» АҚ электрмен жабдықтауға қатысты туындаған мәселеге байланысты ғимаратты жергілікті атқарушы органдардың балансына бермеген.
Аудан орталығында 2 мектеп бар. Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектеп балабақшаға бейімделген ғимаратта орналасқан. Мұнда 500-ге жуық оқушы білім алуда. Білім басқармасының басшысы облыс әкіміне мектеп оқушыларының барлығын жаңа салынған білім ордасына орналастырып, ғимаратты балабақша ретінде жаңғыртуды ұсынды.
Аймақ басшысы аудандық Мәдениет үйінің жұмысымен де танысты. Облыс басшысына ауданда жеке инвесторлар есебінен жүзеге асыруды жоспарлап отырған жобалар туралы баяндалды. Олардың қатарында Бесқарағай ауылында 100 орындық балаларды дамыту орталығы, күнбағыс майын өндіретін зауыт, көп пәтерлі тұрғын үй кешені, Белокаменка ауылында 50 орындық мектеп салу, Шошқалы көлінің туристік әлеуетін арттыру секілді жобалар бар. Аудан әкімі Бесқарағай ауылында ғимараттар тұрғызу үшін жаңа қазандық салу қажеттігін айтты.
Қазандық салу мәселесін қарастырайық. Есептеп, ұсыныс беріңіздер. Ауданға келіп, жұмыс бастаймын деген инвесторларға барлық жағынан қолдау білдіру керек, - деді облыс әкімі.
