Жаңалықтар

Абай облысында бір күнде 26 отбасы баспаналы болды

Абай облысында бір күнде 26 отбасы баспаналы болды
Фото: Абай облысы әкімдігі 21.03.2025 04:25 528

Абай облысы Жаңасемей ауданының Шүлбі кентінде екі пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде бір күнде 26 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілтін аудан әкімі Алмас Тастенбеков тапсырды.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда Жаңасемей ауданында 100-ден астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың баспана мәселесін кезең-кезеңімен шешу үшін бірқатар шаралар қолға алынуда. Солардың бірі – Шүлбі кентіндегі бұрынғы 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жобасы. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер беріледі.

Айта кетсек, 2023–2029 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында Жаңасемей ауданында бірнеше құрылыс жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мұқыр, Бөкенші ауылдары мен Шаған кентінде екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға