Абай облысында баскетбол дамып келеді
Абай облысында спорттың баскетбол түрі дамып келеді. Өңірде алғаш рет мектеп оқушылары арасында «Alzhan» баскетбол лигасы өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Спорттық додаға 5-6 сынып оқушылары арасында өтетін жарысқа қала, аудандардан 8 қыздар, 12 ұлдар командасы қатысуда.
Әкімдіктегілер «Alzhan» лигасын құрудағы мақсат жастарды спортпен шұғылдануға тарту, талантты спортшыларды анықтап, олардың ары қарай өсуіне жағдай жасау екенін атап өтті. Лига жас спортшылардың шыңдалып қана қоймай, сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуге көмектеседі.
Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Ұйымдастырушылар баскетбол облысымызда үлкен танымалдыққа ие болып келе жатқанын айтады.
Баскетбол - ойын ғана емес, балаларды көшбасшы, тату болуға тәрбиелейді. Біз жас спортшылардың дамуы үшін облысымызда баскетболды дамытуды жалғастыра береміз, -деді лиганың бас төрешісі Рафаэль Мурсалимов.
Еске салсақ, осыдан бір жыл бұрын облыста баскетбол федерациясы құрылды. Баскетбол инфрақұрылымы дамуда. Оқушылар мен студенттердің баскетбол үйірмесіне тегін қатысуына жол ашылды. Ойын алаңдары ашылып, түрлі жарыстар жиі өткізіліп тұрады.