Абай облысында әкім қардан тазартылмаған жолдар үшін жауапқа тартылды

Абай облысында әкім қардан тазартылмаған жолдар үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Абай облысында өтіп жатқан республикалық "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жолдарды күтіп-ұстау талаптарының бұзылуы анықталды. Атап айтқанда көлік жүретін жолдың қардан дер кезінде тазартылмауы тіркеліп, осыған байланысты өңірдегі елді мекендердің бірінің әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл заң бұзушылық Абай облысы бойынша Президент саясатын қолдау орталығының филиалы өкілдерімен бірлескен жұмыс барысында әшкереленді. Осы орайда Абай облысының полиция департаменті жолдарды уақтылы тазартудың, әсіресе қыс мезгілінде, көлік қозғалысының қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін еске салады.
"Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін факторларды анықтап, олардың алдын алуға бағытталған. Бұл шара өңірде 21 ақпанға дейін жалғасады.
