Абай облысында 300-ден астам ата-ана өз міндетін орындамаған

Абай облысында жыл басынан бері 300-ден астам ата-ана өз міндетін орындамаған. Соның 25-сы ата-ана құқығынан айырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жазғы уақытта, әсіресе жасөспірімдерде бос уақыт көп болған кезде құқық қорғау органдары жастар көп жиналатын жерлерде үздіксіз рейдтер жүргізіп келеді. Басты міндет – кәмелетке толмағандар арасындағы, сондай-ақ оларға қатысты қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Жыл басынан бері заңды өкілдер өздерінің ата-аналық міндеттерін орындамағанына қатысты 316 факт анықталды, 26 азамат ата-ана құқығынан айырылды. Бүгінде 121 тұрмысы нашар отбасы есепте тұр. Түрлі құқық бұзушылықтарға жол берген 84 кәмелетке толмаған бала есепке алынды,-деп атап өтті полициядан.
Ведомство өкілдері Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша балалар мен жасөспірімдер сағат 22:00-ден кейін заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерлерде жүруге тыйым салынғанын еске салды.
