Жаңалықтар

Абай облысында 150 орындық оңалту орталығы ашылды

Абай облысында 150 орындық оңалту орталығы ашылды
Фото: Абай облысының әкімдігі 23.01.2023 13:21 1423

Елімізде алғаш рет Абай облысының Семей қаласында 150 орынға арналған облыстық оңалту орталығы ашылды. Ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрлан Ұранхаев, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов және қоғамдық ұйым өкілдері, ата-аналар, қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

 - Бүгін облысымыз үшін аса маңызды, көптен күткен оңалту мекемесінің ашылуының куәсі болып отырмыз! Ерекше күтімді қажет ететін азаматтарды оңалтуға арналған мұндай орталық тұңғыш рет Абай облысында өзінің жұмысын бастағалы тұр! Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен  іргесі қаланған бірегей орталық  200 маманды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Білікті мамандар заманауи техникалық оңалту құралдарын қолдану арқылы әр ем алушыға жеке бағдарлама әзірлейді. Оңалту шараларына жүгінетін жерлестеріміздің амандығы мен саулығын назарда ұстау - біздің қоғам алдындағы ортақ міндетіміз. Осы орайда, Мемлекет басшысының қолдауының арқасында Үкімет отырысында облысымызды дамытудың кешенді жоспары талқыланатынын атап өткім келеді. Аталған жоспарға сәйкес облысымда тағы екі оңалту орталығы салынады, - деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Абай облысында оңалту орталығының ашылуы тұрғындар  үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.

– Бүгін Абай облысында тікелей Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен оңалту орталығы ашылып отыр. Бұл орталық Абай облысына өте қажет. Ата-аналар мен балалар бұл сәтті ұзақ күтті.  Облыс тұрғындары үшін орталықтың көмегі зор болады болады деп сенемін, - деді Ербол Оспанов.

Семей қаласының тұрғыны Абылайхан Асылбай енді ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға басқа қалаларға қатынаудың қажеті болмайтынын айтты.

- Бұрын мүмкіндігі шектеулі жандар оңалту қызметтерін алу үшін басқа қалаларға баратын. Жаңа орталықта барлық қажетті құрал-жабдықтар, емдік бассейндер бар. Бұл біз үшін өте жақсы мүмкіндік, – деді Абылайхан Асылбай.

Орталықта «Ана мен бала» бөлімі, әлеуметтік-педагогикалық оңалту бөлімі,  еңбек терапиясы бөлімі, термогидротерапия бөлімшесі, балаларға арналған жатын бөлме, спорттық-сауықтыру аймағы, конференц-зал, демалыс бөлмесі, кітапхана, асхана, кір жуатын орын, дезинфекциялық бөлім, 5 автокөлікке арналған арналған гараж, толық трансформаторлық қосалқы станция, электр қазандығы бар.

Абай облысында 150 орындық оңалту орталығы ашылды

 Ғимарат екі және үш қабаттан тұратын блоктардан тұрады. Орталық іске қосылған соң 200 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Мекемеде психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балалар; тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар; бірінші және екінші топтағы мүгедектер қызмет ала алады.

Спорттық-сауықтыру аймағында сауықтыру алаңы, үстел ойындары алаңы, теннис корты, бадминтон алаңы, гимнастика алаңы және шағын футбол алаңы қамтылған.

«Ана мен бала» бөлімінде 0 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға оңалту шаралары жүргізіледі. Мұндағы демалыс бөлмесі жұмсақ жиһаздармен және теледидармен жабдықталған.

Абай облысында 150 орындық оңалту орталығы ашылды

Әлеуметтік-педагогикалық оңалту бөлімдеріне мамандандырылған сыныптар мен кабинеттер жұмыс істейді – кондуктивтік педагогика сыныбы, монтессори кабинеттері, сурет сыныбы, интерактивті сенсорлық бөлмелер, шағын оқу сыныптары, компьютерлік сынып және т.б. Сондай-ақ мұғалімдер бөлмесі, әдістемелік кабинет, ресурстық орталық, науқастар мен қызметкерлерге арналған санитарлық-гигиеналық кабинеттер тобы бар.

Термогидротерапия бөлімшесінде емдік бассейндер, спорт және акт залы қамтылған.

Барлық бөлмелер мен кабинеттер қажетті медициналық жиһаздармен және отандық және шетелдік өндірушілердің ең танымал және заманауи оңалту жабдықтарымен жабдықталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға