Жаңалықтар

Абай – қазақ тарихындағы ұлы тұлға

Зерттеуші Жанбота Тасболатұлымен сұқбат
Абай – қазақ тарихындағы ұлы тұлға
Фото: El.kz/ Чурсинов Артем 10.08.2022 16:59 14898

Абай – ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы. Ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы. Оның композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Ақынның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, дүниетанымы, жаны, тілі және рухы көрініс тауып, Абай әлемі деген құбылыс ретінде бағаланып келеді.

Абай күніне орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің іргесінде құрылған «Абай» академиясы ғылыми-зерттеу институтының мәтінтану және әдеби зерттеу бөлімінің бас ғылыми қызметкері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, зерттеуші Жанбота Тасболатұлы Кәріпбаевпен сұқбаттасқан болатынбыз.

Абай – қазақ тарихындағы ұлы тұлға

– Жанбота Тасболатұлы, зерттеуші ретінде Абай қандай адам болған? Оның көрші-көлеммен, доспен, туыспен қарым-қатынасы, жақсы көрген ісі туралы өз білгеніңізбен бөліссеңіз.

– Абай күніне ғана емес, жалпы әр қазақтың баласы «Абай жолы» романымен таныс. Енді біз әдебиеттану саласында зерттеулермен айналысқаннан кейін зерттеушілердің еңбектерін қарап шықтық. Бірінші кезекте Мұхтар Әуезовтың жазған зерттеулеріне сүйеніп, соны арқау етеміз. Ол кісі көтерген проблемаларды әрі қарай өзімізше қарастырып көруге қадамдар жасаймыз. Бір ақиқаты көпшілік қоғам түсінуі керек. Роман мен шынайы Абайдың биографиясының арасында үлкен алшақтықтар бар. Әрине өздеріңіз білесіздер роман Кеңестік кезеңде жазылды. Соның идеологиялық талаптарының шеңберін сақтады. Алайда тәуелсіздік жылдарында өмір тарихында Абайға байланысты жинақтау, ғылыми айналымға қосу. Тіпті Әуезовтің өзі, оның замандастары Алихан Бөкейханов тұңғыш рет Абайдың жылдығына орай ол кісі туралы сыни алғашқы мақала жазды. Сол үрдіс бүгінге дейін ізі суымай, жаңа заман тұрғысынан Абай шығармашылығына қарау мәселесі дамып келеді. Сонымен қатар біздің мемлекетіміз Абай шығармашылығы мұрасын негіздеріне айналдырып отыр.

Осы орайда президентіміздің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласынан қарауға болады. Осының барлығы оң үрдіс. Жалпы қазақ әдебиеті мен руханиятында өте лайықты тұлғалар өте көп. Абай тек қана ақын емес, ол қазақ деген ұлттың қалыптасу кезеңі мыңдаған ғасырларды құрап отырған тарихи процесс екені белгілі.

Қазақстан аумағында әр түрлі мәдениеттер болды. Әр түрлі мемлекеттер құрылды. Сол елдерде  үлкен данышан, ойшыл кісілер өмір сүрді. Олардың тізбегі қазақ сахарасында үзілген емес. 

Бір нәрсені ескеруіміз керек. «Абай және Шығыс әдебиеті» деген тақырып бар. Абай және Шығыс дегенде екеуінің арасына жік қойғандай боламыз. Ескеретініміз қазақтар да шығыс халқымыз. Шығыстың түркі тілдік тобына жатамыз. Сүннеттік бағыттағы ислам дінін ұстанамыз. Сондықтан ғасырлар бойы ислам дінінің аясында түркілік бірлігіміз бен даму ерекшеліктеріміз бар. Тарихшылар жалпы түркілік сосын ұлттардың оқшаулану кезеңі деп тарихи кезеңдерді екіге бөледі. Сонда Науаилар жалпы түркілік кезеңнің өкілдері болып табылады. Ал Абайлар ұлттардың өз атына ұлт ретінде аталып, ұлт ретінде қалыптасу кезеңінде шығармашылықпен айналысқан тұлға. Екі тұлғаны атын атап отырған себебім түркі дүниесінде Науаидың өзінен кейінгі ықпал етпеген шығармасы, әлем әдебиетіне жасаған ықпалы ерекше құбылыс болды. Ол өзінен кейінгі ақын-жазушылар мен ойшылдарға жасаған ықпалы бар.

– Абайдың жалпы дүниетанымын қалыптастыруға, халықтың мұрасымен таныстыруға, дүниені тануына әжесі Зеренің ықпалы болды. Бұл туралы не айтасыз?

– Абай Құнанбай Өскенбайұлы деген қазақтың тарихи тұлғасының бел баласы. Романның өзінде де Абайдың анасына байланысты жайттар біршама тарқатылады. Оның дүниетанымын қалыптастыруға халықтың мұрасымен етене жақын танысуына, жалпы дүниені тануына әжесі Зеренің ықпалы үлкен болды. Бізде қазақта бала тәрбиесімен көпшілігінде аналары айналысқан. Себебі әкелері ат үстінде, елдің қамымен жүреді. Құнанбай жайлы деректер көп сақталған. Ол кісі аға сұлтан болған. Тарихи тұлға ретінде мұрағат деректері көп мәлімет қалдырған.

– Абай өлеңдері жалпы философияға толы.«Махаббатсыз дүние бос...»  деп айтып жатамыз. Осы орайда Абайдың ғашықтық өлеңдері махаббат лирикасы жөнінде айта кетсеңіз. Абайға махаббат тақырыбына қалам тербеткен жандар туралы білсек. 

– Бірден Абай шығармашылығын айтқан кезде бізде Абайдың лирикасына байланысты менің байқағаным біржақты көзқарас қалыптасқан. Жалпы өзі Абай кітабын ашқан кезде жинағы «Шығыс ақындарынша» деген өлеңмен басталады. Өлеңде түркілік, ғылыми шағатай тілінде тәжірибе жасағанын көреміз. Махаббат лирикасы өздеріңізге белгілі. Ол «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Ғашықтық құмарлықпен ол екі жол» өлеңдерінде, «махаббатсыз дүние бос» деген тізбектегі шығармалары бір қарағанда әйел мен еркектің арасындағы ғашықтық тақырыбындағы туындылар сияқты болып көрінеді. Алайда терең үңілетін болсаңыз поэзияда ол аллегория, метафораны қолданған. Абайдың екі шумақтан тұратын « Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...» деген өлеңі бар. Бұл жерде ол роман желісі бойынша Тоғжанға ғашық болды деген тұжырымдар жасаймыз. Бірақ Абайдың лирикасы тек екі жастың аасындағы махаббат емес, оның поэзиясынан жаратқанға, туған жерге, досқа, ата-анаға, бауырға  деген сүйіспеншілігін байқаймыз.

Абай – қазақ тарихындағы ұлы тұлға

–  Құнанбай мен Абайдың арасындағы әке мен бала қатынасы қандай болды? Әр кезеңде Құнанбай туралы әр түрлі пікірлер айтылып жүр. Шын мәнісінде Құнанбайды дұрыс танып білдік пе? Шындығында ол қандай адам болған?

–Жалпы  Абайдың тарихын Әуезовтың өзі әулетінен бөліп қарамайды. Ол міндетті түрде Абайдың шежіресінен әңгімені бастайды. Бұл әулет тобықтыны басынан билеп келе жатқан әулет. Басынан осы әулет билік құрды. Тобықтының ішінде ғана емес, өңірдегі орта жүздің балаларының арасында билік айтты. Осы орайда біздің академиядан Абайдың өзіне, ортасына байланысты бірқатар еңбектер жарық көрді. Олардың қатарында Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай әулетінің тарихы» деген кітабын атауға болады. «Абайдың ғұмырнамасы» деген танымдық туындыны да ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар «Би Құнанбай» деген Тұрсын Жұртбайдың зерттеуі бар. Осы қатарда Құнанбайдың әулетіне байланысты шығармалар көп. Құнанбай туралы Янушкеевичтің еңбегінде «Ұйқыдан оянысымен, көзін ашысымен, таңның атқанынан, күннің батқанына дейін бір тоқтамай сөйлейтін көсем, шешен, ділмар...» деп жазылған. Ол кісі шариғатты да, қазақтың әдет-ғұрыптарын да білген. Сол заманда қазақта қандай ілім болғандығын да Құнанбай білді. Арқа өңірінде алғашқы мешіттердің тұрғызылуы, қазақтың арасында рухани тәрбиенің жүргізілуін қолға алған да Құнанбай. Ол кісі қажылық жасаған. Меккеде жатып такия салғызғаны туралы әңгіме бар. Бұл ақпарат кейін мұрағаттық деректермен расталды.

 –   Сұқбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға