Жаңалықтар

Абай арнасы ұлт мәдениеті мен руханиятының шырағы

«Abai tv» телеарнасының басшысы Азамат Кеңесұлымен сұхбат
Абай арнасы ұлт мәдениеті мен руханиятының шырағы
Фото: abaitv.kz 31.10.2022 19:42 3053

2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойында ойшылдың мұрасын дәріптеуге арналған ауқымды жұмыс басталды. Қоғамдық сананы қайта түлету жолында ақынның әрбір сөзін халық жадына көркемдеп жеткізетін телеарна ашу жоспары қарастырылып, «Abai tv»-ның тұсауы кесілген-ді. Бұл сүйінші жаңалыққа екі жыл өтті.

Ұлы ақынның атымен аталатын телеарнаның өзіндік көрермені қалыптасып, рухани-мәдени бағытта мазмұнды дүниелер ұсынып, ұлттың рухани мұрасын түгелдеп, жоғын жоқтап, ескіден келе жатқан салт-дәстүрінің мән-мазмұнын дәріптеп, рухани жаңғырудың бесігіне айналып үлгерді. Біз телеарнаның басшысы Азамат Кеңесұлымен тілдесіп, сапалы контент дайындаудың жайына қанықтық.

 – Отандық ақпарат кеңестігінде мәдени-ағарту бағытында хабар тарататын Abai tv ашылғанда бәріміз қатты қуандық. Телеарнаның тыныс-тіршілігі қалай? Әңгімені содан бастасақ...

Телеарнаны ашылуы тарихи оқиға болды. Ұлт мәдениет мен руханиятын түлетудің үлкен жобасы ретінде қарадық.  

2020 жылы алғашқы эфирлеріміз жазылып, халық назарына ұсынылып жатқан кезде, он күн бұрын алдыңа келіп сұхбат берген азаматтың індеттен дүниеден озғаны жайлы хабар келді. Сондай бір кезеңге тап болдық. Мұның барлығы бізге эмоционалдық, психологиялық  тұрғыда барлығымызға ауыр тиді. Себебі барлығы дерлік елдің мен деген азаматтары еді.

Негізі телевидение тәжірибесінде телеарнаны ашу үшін кем дегенде бір жылдай дайындық жүреді. Бізде дайындыққа уақыт болмады. Егер біз сол сәтте ашылмасақ, кейін оның ашылып-ашылмауы екіталай болды. Әр жобаның өміршең болуы үшін іздендік. 

– «Ақыл ойдың айнасы» деген ұранмен жол тартқан телеарна төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттаудағы үлесі қандай?

Жалпы бұл телеарна уақытылы ашылды деп ойлаймын. Қазір өмірдің бәрі жылтырақ дүниеге толып кетті. Елдің бәрі арзан ақпарат, өсек-аяңға үйір болуда.

Жасыратыны жоқ, ұлт руханияты үшін тарихи оқиғаны жазсақ та, көрермен бірінші кезекте жеке адамдар туралы «өсекті» тыңдап, оқиды.  Бірақ мұның барлығы өткінші дүние. Ұлт құндылы мен тарихы қоғамдық сананы қалыптастыратын – жоғарғы мәдениет. Қазір қайда барсаң да дискуссия. Алайда өмірдің мәні – бұл емес.

– Арнаның «Абай» атын алуының өзі шығармашылық ұжымға үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Әріптестеріңіздің бағыты айқын болғанымен, жолы ауыртпашылық тудырмайды ма?

Көрермендер арасында қу тіршіліктің әуре-сарсаңынан біздің арнаны көру арқылы тыныштық табатынын жиі айтады. Бұл – тынымсыз еңбекті, үлкен ізденісті қажет ететін шығармашылық жұмыс. Контент сапасын арттыруда рейтинг қуаламай, ұлттық болмыс-бітіміміз бен қабілет-қасиетімізді ашатын бағдармалар беруді басшылыққа алдық. Оған қоса телевединия саласындағы заманауи жетістіктерді де меңгеруге күш салып келеміз.

Мейлі сұхбат болсын, мейлі шағын хабар болсын агрессия, сынау, жамандау сынды сәттерді эфирге шығармаймыз. Негізгі философия сәулелі ойды насихаттау арқылы адамның рухын байыту. Егер сапалы контент болса, оны тұтынатын адамдар көп болады. Бір ғана мысал, тиктоктың жылтырақ дүниесімен бірге, біздің бағдармалар да әлеуметтік желіде миллионнан аса қаралым жинауда.

– Арнаның Абайтану іліміне қосқан үлесін қалай өлшер едіңіз? Абайды біз білмейтін қандай қырын таныта алдыңыздар?

Кез келген дүниенің философиясы болады. Абайдың филосифиясы өте тереңде. Әр сөзін саралауға жеке бағдарлама арнауға болады. Абайдың тікелей шығармашылығын насихаттайтын 3-4 бағдарлама бар.

Абайтану ілімін насихаттауда біз халықаралық деңгейге шықтық. Өткен аптада түріктің абайтанушылары келіп, сұхбат берді. Атақты әдебиетші  Асқар Сүлейменов айтқандай: «Қазаққа қашан ес кіреді, сол кезде Абай да ескіреді». Оның әрбір қара сөзінің эстетикасы жас ұрпақтың қолданысына қиындықсыз еніп кетеді.

Ұлы ойшылдың «адам баласын заман өсіреді» деген ұлағаты бар. Осы сөзге зер салып, біз цифрланған әлемге қаншалықты бейімделдік деген сұрақ туады. Жалпы ақпараттық кеңестікте жаңа медиа деген тренд пайда болып, дәстүрлі ақпарат көздері – газет, радио, телеарналардың рейтингісі төмендей бастады. Осындай өтпелі кезеңде Abai tv қандай жаңашыл қадамдарға баруда?

Біздің басты жоспар – рухани азық болатын контент дайындау. Беру формасы уақытпен сұрыпталып келеді. Қазір бес минуттық бағдарлама аралық хабарларды дайындап жатырмыз. Бұл бізге уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Көлемді сұхбаттардан іліп алар дүниені қиып отыру уақыт алады. Ал қысқа хабарды біз толықтай әлеуметтік желіге жариялаймыз. Сол арқылы миллиондаған қаралым жинап, телеарна аудиториясына жастар легін тартамыз.

– Өз басым, қолға пульт алған сайын, міндетті түрде Abai tv-ны қосамын. Көбіне дөңгелек үстел басында бір тақырыптың төңірегінде талдап жатады. Дұрыс! Бұл қажет дүние! Алайда көрерменге ақпарат берудің өзге формасын ұсынатын уақыт келген шығар. Осы турасында не дейсіз?

Жаңа айтып кеткендей, бағдарламар арасында қысқа хабарларға көп мән берудеміз. Солардың бірі «Көне сөз» атты бес минуттық хабар дайындалып жатыр. Онда ұмытылып қалған сөздерді қайта қолданысқа енгізуді мақсат етеміз. Дәстүрдің озығы мен тозығы болатындай кейбір хабарлар да ескіріп жатады.

Бірақ біз мәдениетті танытудың, насихаттаудың классикалық формасында қалдық. Дегенмен саналы жастардың ортасында талқыланатын мәселелерді қозғай отыра, жастарды қонаққа шақырып,телеарнаға бет бұрдық. Жас болсын, кәрі болсын өзінің шыққан тамырын іздейді. Сол тұрғыда тарихи жобаларды қолға алып, үлкен жаһанда ұлттық идентификацияны сақтап қалуға тырысудамыз.

– Телеарнада түсірілген бағдарламалар, фильмдер мен телехикаялар көп. Осы көркем дүниелерді көрермен қалай қабылдайды. Осыған мониторингті жиі жүргізіп тұратын боларсыздар? Көрермен аудиториясының басым көпшілігі қай жасқа жатады?

Аптаның жұма, сенбі, жексенбі күні қазақ тілі нұсқасындағы Оскар сыйлығын алған фильмдерді қоямыз. Мысалы, әлемдік жоғарғы мәдениет жасаған тарихи оқиғалар, құбылыстар мен оның жарқын өкілдері жайлы фильмдерді дубляждап елдің назарына ұсынамыз.

Өнерді, мәдениетті, тұлғаларды насихаттайтын фильмі жиі экрандалады. Қызық жағдай, бір күні Оскар алған фильмдерді бермей қалған едік, көрермен хабарласып, сұраған болатын.

Айта кету керек, Қазақстан телерадио корпарациясының дубляж бөлімі өте мықты. Тіпті сол фильмдердің түпнұсқасын көрсеңіз, қазақшасын көргендей әсер ала алмайсың.

Жұма күні Дархан Әбдіктің «Соңғы муза» бағдарламасында көрсетілетін фильмді алдын ала талқылайды. Ондағы мақсат субмәдениетті қалыптастыру. Бұл киноны басқа қырынан көруге мүмкіндік береді. Бұл арқылы біз әр сәт пен әр заттың орнын айқындай алу қабілетіміз машықтанады.

– Телеарнаның әлемдік деңгейде танымалдығын арттыру – қазақ ұлтының рухани-мәдени болмысын, қасиетін насихаттаумен тең. Біз Abai tv-ның әлемдік ақпарат кеңестігінде өзіндік орнын алуына тілектеспіз! Арнада қандай тың бағдармалар бар? Жоспарыңызбен бөлісе кетсеңіз...

Әлемдік деңгейге шығу үшін екі жыл жеткіліксіз. Бұл уақыт аралығы қалыптасуға кетті. Бірақ біздің бағытымыз «Қазақты әлемге таныту, әлемді қазаққа таныту». Мәденит дегенді сөз қылып жатырмыз ғой, соған орай «Галерея» деген хабар ашып жатырмыз. Қысқаша түсіндіріп өтсем, 1+1 деген фильм бар соның сюжетінде мүгедек жан бір жай ғана шашылған қызыл бояуға қарап отырады, күтушісі оны түсінбейді. Мұнда режисер Қазақстандағы жағдайды айтып тұрғандай. Бізде бейнелеу өнерді бағалау мәдениеті төмен. Қазір кез келген адамды галереяға кіргізсең 10 минутта ішін айналып шығып кетеді. Ал дамыған қоғамда бір картинаның алдында шынымен сағаттап тұруға болады. Осы бағытта өнертанушы мамандармен келісіп, көрермен назарына суретті түсіну мәдениеті жайлы бағдарлама ұсынамыз. Революция ойлап таппасақ та, мазмұндық жағына көп көңіл бөлеміз.

Көрерменге ұсыну дағдысын қалыптастырып жатырмыз. Режиссер спектакльды түсіру үшін пъесаны оқуы керек, оркестр түсіру үшін нотаны оқи білу керек. Сол сияқты сұхбатта да түрлі ракурс пен қонақтың шынайы эмоциясын көрерменге жеткізу маңызды.

– Қазір журналистика саласындағы өзекті мәселенің бірі – білікті, білімді жас кадрларды табу. Abai tv-да жас журналистердің үлесі қалай?

Шығармашыл топ 6-7 адамнан тұрады. Олар өндіріске жауап берелі. Мамандарымыз әр жақтан, әртүрлі саладан келді. Әрбірі өнертанушылар. Эфир уақыты 17 сағатты құрайтын арна үшін кадр өте аз. Алайда, үреніп, түсіністіктің арқасында тың дүниелер туындап жатыр.

– Abai tv-ны театр, кино, музыка, әдебиет, тарих қамтылған рухани-мәдени әмбебап телеарна ретінде танимын. Осы жерде өз ойымды қоса кетуге рұқсат берсеңіз, арнадан дала өркениетінің орталығы болған көне қалалар туралы арнайы бағдарламаны көргім келеді. Бұл мүмкін бе?

Негізінде хабарлардың 80-90 пайызы аймақтарда түсіріледі. Тіпті хабарды аудандағы мәдениет үйіне дейін барып, түсірдік. «Ғасырлар пендесі» деген екі маусымдық жоба болған еді. Маңғыстау, БҚО тарихи орындарын және Бөкей ордасын қамтыдық. Елге танымал болмаса да, тарихи кезеңдерді терең білетін қариялар бар. Соларды іздеп, тарихты басқа қырларынан ашып көрсетуге тырыстық. Белгілі бір тарихи кезеңде елге беймәлім болған тұлғалардың есімін жаңғыртып, оқиғаны жаңа қырынан ашуға мән бердік.

2023 жылғы маусымда Қазақстан аумағында болған көне қалалар туралы жоба жасасақ па деп отырмыз. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға