Абай елін сынау арқылы халықтың санасын жаңғыртты

Ұлы ақынның мерейтойына орай Семей қаласына ерекше мәртебе берілмек

Биыл барша қазақ елі ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын ел деңгейінде атап өтеді. 2019 жылдың 30 мамырында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың бас ақыны «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын» тойлау туралы Заңына қол қойған еді. Осы күннен кейін еліміздегі барлық аймақ осы ерекше датаны тойлаудың дайындығына кірісіп кеткен болатын. Енді, міне арада көп уақыт өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI Қазақстан» атты мақаласы жарияланып отыр. Осы мақалаға сәйкес «El.kz» порталы елге белгілі тұлғалардың пікірін біліп қайтты.

Ханкелді Әбжанов, ҚР ҰҒА академигі

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы ұлы ойшылды кешенді тануға шылбыр ұстатады. Әсіресе, ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай кәдеге жарата білуде Абай мұрасына баға жетпейді. Сондықтан, мемлекет басшысы, ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн дегенді алға тартады.

(Фотода: Ханкелді Әбжанов)

Абай өзінің де, халқының да ілгері озғанын қалады. Ал бұл арманның үдесінен шығу үшін не қажет екенін күнделікті қарапайым тіршіліктен – еңбек ету, егін салу, сауда жасау, кәсіппен айналысудан таба алды. Ақыл-ойдың табыстарын, рухани-имани тазалықты жоғары бағалады. Адам баласын адам баласынан оздыратын құдірет – ақыл, ғылым, ар, мінезден деп білді. Осы орайда санаға қандай реңк бере қолданғанына тоқтала кетейік. Бірде сананы кәдімгі «ақыл, ес» түсінігінде кәдеге жаратса, екінші ретте абстрактілі ойлау функциясына жатқызады. Ұлттық менталитетпен де байланыстыратыны бар. Ал «санасыз» дегені нақты адамның жарым есті жаратылысын куәландыратын үкіммен пара-пар.

Барша адамзатты бауыр санаған Абай «Мен – қазақпын» деп те айта алды. Бұл Абайға тән ұлттық сананың аса биік деңгейге көтерілгенінің көрінісі. Сол себепті халқының барын бағалады, жоғын түгендеді, кемшілігін сынады. Ендеше сананың ашықтығын ғана қуаттап қойған жоқ, оның сындарлы мазмұнмен де халқына серік болуын армандады. Қазақты сынауын Абайдың күйректігі, түңілуі емес, халқын, оның рухын, санасын жаңғыртуға қайрат қылғаны. Демек, бүгінгі таңда жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Абай арманының орындалуы деуге толық құқымыз бар.

Ерлан  Сыдықов, ҚР ҰҒА академигі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы бағдарламалық мазмұнға ие дүние. Мұнда, Президент мақаладағы бес тарау аясында Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен парадигмасының тұрғысынан бүгінгі ел басқару ісін сабақтастыра отырып, келелі ойларымен бөлісіп, ақын шығармашылығының өрелі бағасын береді. Әсіресе мақаладағы, бірінші: «Ұлттық болмыстың үлгісі» санатындағы тарау ерекше назар аудартады.

Мемлекет басшысының ұлттық жаңғырудың жаңа қырын ақын шығармашылығымен сабақтастыруы тарих сахнасына қазақ деген атаумен шыққан ұлтымыздың ілгері дамуындағы ғылым мен білімнің маңызына мән аудартып, өзектілігін терең түсінуге меңзейді.

 (Фотода: Ерлан Сыдықов)

Осы орайда, Президентіміздің ел мен халық тұрмысының әр алуан астарына Абай Құнанбайұлының ой өрісі тұрғысынан қарауы, бүгінде өзекті мәселелерге айналған білім беру, тіл проблемасы, интеллектуалды ұлтқа айналу, ұлттық патриотизмді қалыптастыру міндеттері шешуші фактор болатынын нақтылы дәйектейді.

Бүгінгі таңда «Педагог мәртебесі туралы» заңының қабылдануы, жастарға үш тілдік стандарт негізінде тәрбие жүргізілуі күнделікті мемлекет басқару ісіндегі тұғырлы негізде жүзеге асып жатқанын да айта кеткен жөн. Өйткені қоғамда Ұстаз мәртебесі мейлінше беделге ие болмай, саналы, білікті де сапалы білім алушыны даярлау мүмкін еместігін өмір көрсетті.

Абай ұлтты сүюдің эталоны десек те болады. Шынында да «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген принциппен өмір сүрсек, халқымыз парасатты, мемлекетіміз мықты, болашағымыз жарқын болмақ!

Бұл  мақаланың тағы бір маңызды жаңалығы, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазақтың біртуар данасы жарық дүние есігін ашқан, өмір сүрген және сарқылмас мұрасы дүниеге келген өңірдің зиялы қауымдар орталығы болған – Семей қаласының ерекше мәртебесі туралы мәлімдемесі болды. Сонау замандардан ұлт руханиятының алтын бесігі болған Семей қаласына ерекше мәртебе берілетінін бүкіл қазақстандықтар қуана қарсы алғаны сөзсіз.

Мемлекет басшысының Абайдың шығармашылық құндылықтарын ХХІ ғасырдағы Қазақстанмен байланыстыруы, халықтық билік тарапынан еліміздің өркендеуіне қаншалықты маңыз берілгенін айқын көрсетті.  

Сұлтан Хан Аққұлұлы, Алаштанушы ғалым, 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған мақаласын оқып шықтым. Мерейтойға арналған мерейтойлық іс-шаралардың көлемі мен мазмұны көңілімнен шықты. Мақалада Семей қаласына тарихи орталық  мәртебесін беру,  Абай шығармаларын әлемдегі ең көп тараған тілдерге аудару сияқты нақты жұмыстар мен атқарылатын іс-шаралар көрсетілген. Бұл  өте жақсы бастама деп есептеймін.


(Фотода: Сұлтан Хан Аққұлұлы)

 Былтыр тамыз айында біз «Ұлы Абайдың ізімен» атты экспедициясы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы Қарқаралы, Жидебай және тағы басқа елдімекендерді  аралап шықтық. Экспедиция барысында жеке меншікке өтіп кеткен көкорай шалғын дала мен мал жайылымдары бос жатқанын көрген болатынбыз. Міне, сол жерлерді мемлекет қайта қарамағына алып, мал шаруашылығымен айналысқысы келген азаматтарға үлестіріліп берілсе, сондай-ақ жылқы шаруашылығын дамытуды бір орталыққа айналдыруға толық негіз бар деп ойлаймын. Мерейтой аясында осындай іс-шаралар жүзеге асса, өңірге экономикалық серпін беретіні сөзсіз.

Сонымен қатар, Хәкім Абай мерейтойы шеңберінде отандық телеарналардан ұлы ақынның  өскелең ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол қара сөздері мен шығармаларына қатысты танымдық бағдарламалар көбірек көрсетілсе деген тілегіміз бар.

 


Бөлісу: