Жаңалықтар

Ағзадағы паразиттер қауіпті ме?

Жоғары санатты дәрігер, терапевт Жақсыгүл Жұманқызымен сұқбат
Ағзадағы паразиттер қауіпті ме?
28.02.2022 18:56 31837

Жалпы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше адамдар арасында кездесетін аурулардың 80% түрлі паразиттердің кесірінен болады екен. Соның есебінен әлемде жыл сайын қаншама адам өмірімен қоштасады. Ағзадағы паразиттер 200-ге тарта ауру туғызатын микроағзалар мен тасымалдаушысына айналуы әбден мүмкін.

Ағзадағы паразиттер қауіпті ме?

Кез келген адам паразиттерді жұқтыруға бейім болады. Паразит құрттардың ағзада бар-жоғын қалай білуге болады? Олар қауіпті ме? Оларды тазалау және жұқтыру жолдары қандай? Осы және өзге де сұрақтарымызға арнайы маман жауап берді.

– Жақсыгүл Жұманқызы, адам ағзасында паразиттер пайда болған кезде қай маманға барып емделеді?

– Паразиттер пайда болған жағдайда ең бірінші науқас кез келген шағыммен терапевт, педиатр және жалпы тәжірибелік дәрігерге қаралады. Сол кезде оның талдамаларын (анализдерін) алып, тексеріп паразиттер анықталған жағдайда жоғарыда аталаған мамандар өздері емдей береді. Егер күрделі жағдай орын алып, асқынулар болып жатса немесе паразиттер шектен тыс көбейіп кеткен жағдайда инфекционист дәрігерінің көмегіне, консультациясына жүгініңіз.

Ағзадағы паразиттер қауіпті ме?

– Паразиттер біздің көзімізге көрінбеуі мүмкін. Жалпы олар қалай пайда болады? Әлде бұрыннан адам ағзасында тіршілік ете ме?

–Паразиттер ежелден бар жәндіктер. Олар фауна, флора популяциясының ішінде жәндіктерде, саңырауқұлақтардың құрамында 6-7 % құрайды. Олар табиғи құбылыс болса керек іріп-шіріп топыраққа айналуды жалғастырып отырған жер бетіндегі, табиғаттағы санитарлар деп білсек те болады. Егер паразиттер бактерия, вирустар, саңырауқұлықтар болмаса, бәлкім ұзақ жасар ма едік. Бұрында адамның өмір сүру жасы ұзақ болған. Ол паразиттердің болмауының әсері. Тепе-теңдікті популяцияны сақтап тұратын табиғаттың құбылысы деп білеміз.

– Паразиттерді жұқтыру жолдары қандай?

– Паразиттер әр түрлі жолдармен жұғады. Ол бізде жуылмаған жеміс-жидек, қолымызды жумаудан келуі мүмкін. Күнделікті қолданып жүрген төсек-орынның, сүлгі, ыдыс-аяқтан келуі мүмкін. Трансмиссивті деп айтып жатамыз, ол дегеніміз масаның, шыбынның тістеуімен, шағуымен қанға енгізілетін жол болады. Және де топырақтағы дернәсілдердің тері арқылы еніп, қанға түсіп, денеде әрі қарай дамуынан туындайды. Осындай жолдар арқылы паразиттер біздің ағзамызға еніп жатады.

– Ағзамызда паразиттердің бар-жоғын біз қалай білеміз? Оның белгілері бола ма?

– Кішкентай балаларда тіс қайрау, ұйқының бұзылуы, дөңбекшу, бойының өспей қалуы, психикалық дамуының тежелуі, тістердің шіруі, нәжіспенен бөлініп, құрттар кейбір жағдайда көрінуі мүмкін. Паразиттер адамның ағзасын зақымдағаннан кейін, сол зақымдалған ағзаның ауру белгісі көрініп тұрады. Оны зерттеп, тексере келе ол жерде сол ағзаның бұзылатын өзгеріс болмай жатқаннан соң біз оны құртқа тексереміз. Ол кезде үлкен кісілерде өт жолдарының қабынуы, гастропатия, энтеропатия болып жатады. Ұйқылары жиі бұзылады. Сол кезде қосымша паразиттерге тексереміз. Анықталған жағдайда емін жүргіземіз. Паразиттер де жәндік. Олар жан сақтап қалғысы келеді. Кейбір анализдерде паразиттердің бар екені анықталмай жатады. Экземалар, токсико-аллергиялық жағдайлар кезінде, есекжем (крапивница) көп шыққан кезде белгілі бір себебі болмаса, паразиттер бар екені анықталады. Көбінесе қаннан, нәжістен құрт көрініс беріп жатады.

Ағзадағы паразиттер қауіпті ме?

– Ағзамызда құрттардың бар-жоғын анықтау үшін нақты қандай талдамалар (анализдер) тапсыруға болады?

– Кез келген науқас талдама жүргізіп ағзасындағы құрттарды анықтауға болады. Ең бірінші нәжістен паразиттердің жұмыртқасын іздейміз. Сосын қаннан антидене арқылы анықтаймыз. Құрт адамның ағзасына түскеннен кейін бөгде антидене болып есептеледі. Сол арқылы анықтап жатамыз. Сонымен қатар басқа ағзаларға өтіп кететін құрттар болады. Олар жүрекке, миға және бауыр мен бүйрекке өтіп кетуі мүмкін. Ол кезде КТ, МРТ және УЗИ жасалынады. Эхинококк деген таспа құрттың бір түрі болады. Ол кезде өкпеде, мида немесе бауырда өсінділер (кисталар) болуы мүмкін. Оны біз зерттеулердің арқасында дәлелдеп жатамыз. Бір жақсы әдіс ол капсулалық эндоскопия. Эндоскоп жұтып ішке жібереміз. Сол жерден ішіміздегі бүкіл құбылысты суретке түсіреді. Сол сурет бойынша қандай құрт екенін, оның өлшемін дәлелдеп алуға болады. Қай жерге жабысып тұрғанын да көруге болады. Ол өттің ішіне кірмейді. Оны микроскоптың көмегімен көруге болады.

– Паразиттер адам ағзасының қай жерінде жиі кезедеседі?

– Мысалы, ішек құрты (описторхи құрты), описторхоз деп жатамыз. Ол өт жолдарында, бауырішілік өт жолдарында кездесіп жатады. Сондықтан бізге олар холестистит, холестаз беріп жатады. Ол бауырдың қабынуына алып келуі мүмкін. Оның салдарынан белоктардың қандағы арақатынасы өзгеріп буын ауруларына алып келуі мүмкін. Егер құрттар аш ішекте болса, ол жерге гастропатия алып келуі мүмкін.

Ағзадағы паразиттер қауіпті ме?

(Суретте: Жоғары санатты дәрігер, терапевт Жақсыгүл Жұманқызы)

– Паразиттер жас талғай ма?

– Паразиттер егер анасында болса, баласына жұғуы мүмкін. Еңбектеген балаларда еденге шығу, үй жануарларымен ойнау, оларды сипалау паразиттердің жұмыртқалары келіп жұқтыруы мүмкін. Балаларда кездесетін паразит ол майда құрт энтеробиоз деп аталады. Құрт тек кішкентай балаларда, нәрестелерде ғана емес, үлкендерде де болады. Денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша елімізде 85-95% адам гельминттерді жұқтырады. Оның ауру белгісі ол гельминттер адамдардың басым бөлігінде болады деген сөз. Гельминттердің ауру болуы көбейіп кетуінен болады. Адамның ағзасында сырттан түскен бөгде затты ауыз сілекейі, асқазан сөлі, ас ішектегі ферменттер, ұйқы безінің ферменттері өт арқылы жойылып тұрады. Паразиттер оның ішінде гельминттер адам ағзасына түспейді деуге болмайды. Олар түсіп тұрады. Дегенімен олар клиника бермей тұрады. Клиниканы құрттар көбейіп кеткен кезде береді. Құрттардың адам ағзасында бірнеше түрі болады.

– Паразиттің әсерінен туындайтын ауруларға қандай аурулар жатады?

– Паразиттің әсерінен гастропатия, энтеропатия туындауы мүмкін. Паразиттердің салдарынан іштің өтуі болуы мүмкін. Құрттар миға түскенде адамдарда психикалық ауытқу туындауы мүмкін. Құрт ішке түскенде паразит табиғаттың жаратылысы болғаннан кейін оның өзінің жасырынып, популяциясын сақтап қалу үшін әрекет жасайды. Адамның іс-әрекетін өзгертеді. Құрттар көп болғаннан адамның тамаққа деген нәпсісін күшейтеді. Адам популяциясы көбейіп жасы қысқарып жатады. Паразиттерде де өзін сақтап қалу қасиеті болады.

Ағзадағы паразиттер қауіпті ме?

– Паразиттердің түрлеріне тоқтала кетсеңіз

– Құрттардың денесінде мускуласы болады. Сондықтан олар тәтті нәрсені жақсы көреді. Майлы, тәтті тағамдар энергия көзі болып табылады. Адам осындай тағамдарды жегеннен кейін семірмейді, себебі оларда құрт бар деген сөз. Лямблия кездессе лямблиоз, токсокара кездессе токсокароз деп атаймыз. Майда құрттар кездессе энтеребиоз деп атаймыз. Аскарида болып жатса, аскаридоз деп атаймыз. Құрттадың қайсысы ағзаңызда көбейіп зақым беріп тұрса, солар қауіпті болып саналады. Лямблия өт жолдарында, бауырда болса, токсакароз миға барып зақымдайды. Ең қауіптілері қанды бұзатын паразиттер болып табылады. Қайсысы көбейсе,сол жерде қауіп туғызып тұрды.

– Паразиттерге біз қалай тосқауыл боламыз? Олардан арылу және ағзамызда көбейіп кетпес үшін не істеуіміз керек?

– Паразиттер көзге көрінбей келетін жауларға жатады. Біз оларға тосқауыл жасау әдісі гигиена сақтау, жеміс-жидектерді, көкөністерді тазалап жуып жеу. Көбісі салат жапырақтарын түбін алып тастап, тазалап жуып қолдану керек. Қолды үнемі жуып жүру керек. Төсек орныңыз таза болуы керек. Жуып тазалап, үтіктеп пайдалану керек. Ашық жерлерден, су қоймаларынан су ішпеу керек. Ашық тұрған ыдыстан су ішпеу керек. Тосқауыл қоятын біздің иммундық жүйеміз. Анализдер тапсырып , жылына екі рет тексеріліп тұру керек. Егер үйіңізде үй жануарлары болса, гельминттерге қарсы дәрілерін беріп тазалап тұру керек. Кішкентай балаларға даладағы жабайы иттер мен мысықтарға жолауға болмайды. Аулаларда таза емес жерлерге балаларды ойнатуға болмайды. Паразиттер анықталған кезде тексерілу керек. Беймезгіл баланың бетін сүйіп аймалай бермеу керек. Гигиеналық норманы сақтап жүрсек, жұқтырып алу мүмкіншілігі аз болады. Бұлар көрінбейтін жаулар. Олармен күресу өте қиын.

Ағзадағы паразиттер қауіпті ме?

– Паразиттерді емдеу әдісімен бөліссеңіз

– Бүгінгі таңда паразиттерді тазалап емдейтін орталықтар ашылып жатыр. Біздің орталықта паразиттер анықталған жағдайда ересектер мен балаларды емдеудің өзіндік тәсілдері бар. Біз түрлі дәрілерді қолданамыз. Олардың салмағына қарай береміз. Клизма жасаймыз. Үлкендерді екі реттен үш күн. Балаларды бір реттен төрт күн клизма жасаймыз. Оның барлығы дәрігердің бақылауымен жүргізіледі. Клизмадан соң тоқ ішек тазаланғаннан кейін қосымша пробиотиктер береміз. Клизманы он екі шөп дәріден жасалған қайнатпа арқылы жүргіземіз. Құрттардың жұмыртқалары қалады. Паразиттер бірден кетпейді. Үш айдан кейін екінші курсты жүргіземіз. Адамның ағзасын витаминдерін қабылдап отыру керек. Адамның кеселмен күресетін иммундық жүйені нығайту керек. Паразиттер бізбен жүр. Олар кетпейді. Олар табиғатта, жануарларда, үй жануарларында, топырақта өмір сүріп жатады. Лямблия құрты адам ағзасында шамамен 20-25 жыл өмір сүреді. Біз оның көбейіп кетпеуін қадағалап отырамыз. Сол үшін жылына 1-2 рет гельминттерге қарсы дәрілерді ішіп тұру керек. Бұрын гельминттерге қарсы дәрілер болмаған, адамдар құрттан неге өліп кетпеген деген сұрақтар туындауы мүмкін. Ежелде адамдар шөп дәрілерді пайдаланған. Бауыр құрт описторхи адамнан бөлек жануарларда яғни төрт түлік малда да болады. Малды жайлауда өзен-көлдің жағасына жатқызбаған. Құрғақ жерлерде ұстаған. Сондықтан да қазақ итті үйдің ішінде ұстамаған.

– Паразиттердің көлемі қандай болады?

– Паразиттер бір клеткалы және көп клеткалы болып бөлінеді. Бір клеткалы паразиттер көзге көрінбейді. Оны микроскоп арқылы анықтаймыз. Немесе анализ арқылы анықтаймыз. Көзге көрінетін паразиттер оларды гельминтоздар деп атаймыз. Олардың көлемі 0,2 мм, 1-1,5 см, 40 см, 12-15 метрге дейін болуы мүмкін. Ұзын құрттар аш ішектен бастап бүкіл ішекке жайылып жатады. Тоқ ішекке жеткен кезде үзіліп, ыдырап шығады. Кейбіреулері түседі, екіншілері қанға тарап кетуі мүмкін. Олар токсико-аллергиялық әсер туғызады. Есекжем адам ағзасында құрттың болуын оның токсика аллергиялық көрінісі болып табылады. Аллергияның барлығы, бронхтық астма құрттардың әсерінен туындайды. Сырттан бактериялар, вирустар, ыдырамайтын белогы бар гельминттер токсико аллергиялық әсер беріп отырады.

– Адам ағзасында қосымша аурулары болса, өлімге әкеліп соғуы мүмкін бе?

– Өлімнің 25-35% құрттардың әсерінен болады. Ол бүгінде денсаулық сақтау ұйымдарының статистикасында дәлелденген. Егер сіз вирустық гепатит болса лямблия паразиті ағзаға енетін болса, онда ол өт, бауыр ішілік жолдарында пайда болып ары қарай қабынуын туғызуы мүмкін. Описторхи бауыр құрты бауырда пайда болғанда бауыр рагын туындатады. Аурудың үстіне ауру туындатады. Ауруды емдеп жатқан дәрілерге аллергия тудыруы мүмкін.

– Паразиттерді емдеу барысындағы оқиғалармен бөліссеңіз

– Аскориданың еркек (самец), ұрғашы (самкасы) шыққан жағдайлар болған. Құрттың шыққанын көргендегі адамның реакциясын көрсеңіз сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Кейбір адамдар іштерінен шыққан құртты көргенде таңырқап жатады. Бір науқас 30 см құртты көргенде тіпті қатты шошынған болатын. Бір баланың аузынан токсакороз ағытылып шығып жатқанын көргеніміз бар. 40 жылдың ішінде түрлі жағдайлардың куәгері болдық. Бірге жұмыс істейтін әріптесіміз өте арық болатын. Одан құртқа талдама тапсырғанда көлемі күріштей екі паразит шықты. Ондай құртты бұрын көрмегенбіз. Бауыр құрты болып шықты. Адамның арық болуының себебі ағзасында паразиттердің бар екендігін көрсетеді. Ағзада құрты бар адамның бетінде дақтар пайда болады. Үнемі өттің толуы клиникалары көрініс табады. Кейін әріптесіміз емделіп шыққан соң, біршама уақыт өткеннен кейін реңі жақсарып, бетіндегі дақтары кетті. Жыл сайын гельменттерге талдама тапсырып, арнайы препараттарды қолданып отырғандықтан жазылып шықты.

– Дәрігер маман ретінде оқырмандарымызға айтар кеңесіңіз.

– Ең басты кеңесім – гигиенаны сақтау. Бүгінгі таңда құрт көп. Сырттан тамақтан, күдікті жерден тамақтануды тоқтату керек. Балаларды лас жерде ойнатпау керек. Үйдегі ит-мысығыңызға ем жүргізіңіз. Бастысы тазалық сақтаңыздар. Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі.

– Сұқбатыңызға рахмет!

 (Суреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға