Жаңалықтар

Аңыздарға арқау болған Бұрқанбұлақ сарқырамасы

Қазақстанның киелі де көрікті жерлері 
Аңыздарға арқау болған Бұрқанбұлақ сарқырамасы
21.10.2020 17:13 9756

Орта Азия аймағы бойынша ең биік, ең әдемі сарқырама қайда екенін білесіз бе? Ия, болжамыңыз дұрыс! Ол дәл Қазақстанның жүрегінде, Жетісу Алатауындағы Қора өзенінің аңғарында сарқырап ағуда. Оның әсемдігін көру үшін бұл жерге жыл сайын мыңдаған туристер арнайы ат арытып келіп жатады. Қаратаудың ұшар қиясынан құлдилай құлай аққан сарқырама бастауын Бұрқан бұлағынан алады. Көз алмай, тапжылмай сағаттап қарап тұра беруге болатын сарқыраманың биіктігі 168 метрге жетеді. Ал көз жететін төменгі үш қиясының биіктігі 114 метр екен.

Деректерге сенсек, Бұрқан бұлақ сарқырамасы теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан.

Аңыздарға арқау болған Бұрқанбұлақ сарқырамасы

Шеке тесер аптап ыстықтың кезінде де сарқырама маңында адам жанына жайлылық сыйлар салқындық сезіліп тұрады. Тау суы жартасты бойлай белбеумен ағады. Ол Қора шатқалының оң жақ бөктерін жиектейді. Ал жартастардың арасында сумен қайралып қалған тар науаларды сығалап өтіп, төменгі жақта ірі құз шоқысына соғылады, осылайша ағыны арттырылған тау суы сарқырап келіп, қуатты ағынмен табиғи су алабына қосылады.

Ал тау баурайындағы шыршалар мен арша ағаштарының хош иісі сарқырама суынан ылғалданған аумақ ауасына керемет табиғи хош иіс сыйлап, бұл жерді табиғи шипажайға айналдырып жібергендей болады. Бұл Бұрқанбұлақ сарқырамасына ат шалдырушы туристердің санын жылдан-жылға арттыруда.  

Жалпы бұл аумақтың отандық туризмнің інжу-маржанына айналатындай да жөні бар. Себебі, оның географиялық орналасуының өзі шын мәнінде көптеген ерекшеліктерге ие. Мұндағы атадан мұра болып қалған, жергілікті халық қасиетіне табынған киелі жерлердің де шоқтығы биік. Ал табиғат ескерткіштері мен таңғажайыптарын туған жердің кереметтерінің біріне телуге болады.  Мұндай көрерге көз керек кереметтердің бірі – Бұрқанбұлақ сарқырамасы.

Бұрқанбұлақ сарқырамасы Жоңғар Алатауының шығыс беткейі саналатын Қора шатқалында орналасқан. Су биіктігін әлгінде айтып өткеніміздей, көз ұшына ілінер қарасы 112 метрден құлдилайды. Қора шатқалының бойында жартастарды бойлап өскен қарағайлар кездеседі. Мұнда аң-құстардың түр-түрі және бар. Зерттеушілер Қазақстанда сирек кездесетін қызыл қасқырдың да осы жерлерді мекен ететінін айтады.  

Жалпы Қазақстан жері түрлі табиғаты әсем орындар мен тарихи жәдігерлерге толы. Бұрқанбұлақ сарқырамасы Қазақстан ғана емес жалпы Орта Азиядағы ең биік сарқырама болып саналады. Сонымен, ол Алматы облысының Ескелді ауданында Жоңғар Алатау тауларында орналасқан.  

Саяхтшылар сарқырамаға жазда баруға кеңес береді. Маусым-шілде айларында тау басындағы мұздар еріп, тау сулары Бұрқанбұлақ көлінің аңғарын толтыра бастайды. Бұл өз кезегінде сарқыраманың ағынын арттыратыны анық. Әрине, бұл жерге күзде де, қыста да келуге болады, сарқырама жылдың қай мезгілінде болмасын, кереметін жоғалта қоймайды. Сарқыраманы тамашалаушылар үшін оның төңірегінде арнайы шағын демалыс орындары да ұйымдастырылған.

Сарқырамаға жету жолы «соқпақты-соқтықпалы». Тау аңғарындағы бұл кереметке жәй автокөлікпен жетіп бару мүмкін емес. Сондықтан сарқырамаға жаяу көтерілмеймін дегендерге, жол талғамайтын көлікті таңдауға кеңес беріледі.  

Сарқыраманы алыстан тұрып та тамашалауға болады. Сұлулығын алайда, сөзбен айтып жеткіз мүмкін емес. Қиядан құлаған су құз тастарына күркіреп соғылып, жан-жаққа сыңғырлап шашырайды.  Оған жақын маңда тұрған адамдар лезде-ақ суға малшынып шығады.

Біз сарқыраманың көз ұшындағы үш қиясын ғана көреміз. Ал ең жоғарғы бірінші қиясы тым биікте шатқал ішіне ене тереңірек орналасқан. Оны көру үшін таудың тар соқпағымен жоғары қарай көтеріле түсу керек.

Судың сарқыраған дауысынан жанындағы адамның айтқанын есту мүмкін емес. Алайда, судың гүрілі мен сыңғырын естудің өзі бір ғаламат әсер сыйлайды.

Сарқырама суы тастай суық, сондықтан мұнда суға шомылу мүмкін емес. Алайда, салқын суға түсуге дәті жететіндер де болады. Қанша дегенмен, тау суы бастауын еріген мұздан алады емес пе?!

Жартастың табанына түскеннен кейін су ағысы жайлап, маңғаздана Қора суымен қосылып кетеді. Бұл жерге келген адамның кеткісі келмейді. Өйткені, мұнда демалып қана қоймай, жаңа энергиямен қуаттанасың.

Аңыздарға арқау болған Бұрқанбұлақ сарқырамасы

Тағы бір қызықты дерек: сарқырама ежелден киелі орындардың бірі саналған.

Талайлардың аңсарын аударған Бұрқанбұлақтың атауының шығу тарихына байланысты ел ішінде неше түрлі аңыз-әңгімелер де бар. Соның бір-екеуін мысал ретінде келтіре кетейік.

Ерте замандарда Бұрқан есімді жігіт болыпты. Бұрқан сіңірі шыққан кедей екен. Шамасына қарамай, сол кедей жігіт өзі есігінде жүрген байдың бойжеткен қызына өлердей ғашық болады. Қыздың аты Қора екен, ол да жас жігітті ұнатады, сөйтіп екі жас бір-бірін көрмесе тұра алмайтын халге жетеді. Әрине, есігіңдегі жалшысына жалғыз қызын берсін бе, бай олардың қосылуларына үзілді-кесілді қарсы болады. Қандай айла-тәсіл қолданбасын мейлі, жігіт пен қыз арасындағы махаббаттың отын өшіре алмайды. Содан ызаланған бай жартастың ұшар басына қамал соғып, Бұрқанды сонда қамайды. Бір-біріне қосыла алмаған жігіт пен қыздың көз жасынан сол жерде бұлақ пайда болып, кейін ол алып сарқырамаға айналады. Ал шатқалды халық қыз есімімен Қора деп атап кетеді. Осылайша ғашықтардың еімі ел ішінде қатар аталатын болды.

Бір аңызда бұл аймақта есте жоқ ерте заманда бір әйелдің өмірден өткені айтылады. Әлгі әйелдің Бұрқан есімді баласы болыпты.

Баласын жанынан артық жақсы көрген анасы оның өзіне әйелдікке көргенді, мінезі ұяң қызды алғанын қалайды.

Алайда, ақылы көркіне сай Бұрқан өзі ерке, өзі тәкаппар Қора сұлуға ғашық болады. Бұрқанның анасы бұл некеге қарсы болып, баласын жар басындағы қамалға қамап тастайды-мыс.

Алайда, махаббат күш-жігер берген Бұрқан қапастан құтылып шығып, Қора сұлумен бірге осы жартастар арасына сіңіп, жоқ болып кетеді. Олар неше ғасырлардан бері осы жартас қамалдарды қолұстасып бірге кезіп жүр-мыс. Ал Бұрқанның анасы баласын жоқтап әлі де жылайды... Айтпақшы, Бұрқанбұлақтан алыс емес маңайда «Ананың көз жасы» деп аталатын кішкентай бұлақ бар.  

Сарқыраманың шығу тарихына байланысты тағы бір аңыздарда «Бұрқан» деп моңғолдар Будданың бейнесін атағаны айтылады. Бұл жерлерде ежелгі уақыттарда моңғол тайпаларының көш жолы болуы кәдік, олар сарқыраманың сұлулығына тәнті болып, бұл жерді өздері сыйынатын жерге айналдырған-мыс. Ал шынында Қора шатқалында Будданың ежелгі мүсіні де сақталған.  

Ертеде Бұрқанбұлақ сарқырамасының жанынан өтіп бара жатқан Қобыланды батыр жол үстінде қазан қайнатып жүрген екі сұлу қызды көреді. Жас батыр Қобыланды қыздарға өзі атып алған құстарды ұсынады. Қыздар батырды асқа шақырады. Асты аузына апарар алдында батыр әдеттегідей дұға жасайды. Сол уақытта алдындағы ас малдың тезегіне айналып кетеді. Бұған ашуланған қыздар әп-сәтте жезтырнаққа айналып, жігітке тарпа бас салады. Бұлар қазақ аңыз ертегілеріндегі күлдіргіштер болатын, олар құрбандықтарын қытықтау арқылы өлімге дейін жеткізіп, кейін жеп қояды. Қобыланды батыр шоқпарын алып, әлгілердің басын мыжып өлтіреді. Одан кейін олардың мекені болған орманды түгелдей өртейді. Бұрқанбұлақтың құпиялылығын аңыз-ертегіге құмар халық осылай түсіндіреді. Сол уақытта жалмауыздардың жемтігі болған адамдардың рухтары әлі де осы аймақты кезіп жүргеніне сенеді-мыс.

Айтпақшы, Бұрқанбұлақ сарқырамасы әлемдегі аты әйгілі Ниагара сарқырамасынан да биік деседі.

Сарқырамаға жететін жолдың қауіпсіз еместігін жоғарыда да айттық. Су тасқыны кезінде Бұрқанбұлаққа апарар жолдың бірқатарын су шайып кеткені де жасырын емес.  

Жалпы Қора шатқалы Тәңірдің өзі қазаққа сыйға тартқан киелі жер болып саналады. Бұл жердің әрбір тасы, бұлағы туралы неше түрлі қиялға ерік берілген аңыз әңгімелер шығарылған.

Бұл сарқырамаға жақын маңда Таубұлақ деп аталатын демалыс аймағы бар. Мұнда жергілікті адамдар ғана емес, сырттан келген туристер де арнайы келіп, «ат ауыздығын алады».  Себебі, дәл осы жерде экологиялық, спорт-сауықтыру және экскурсиялық тіпті экстремальды туризм түрлері қалыптастырылған.

Қора шатқалына кірер тұста көлемі үлкен тас жатыр. Халық оны әулиетас деп атайды. Ерте замандарда Қора шатқалының маңы ел қонған шулы аймақ болған. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бұл бейбіт тіршіліктің шырқын кенет аяқ астынан болған жер сілкінісі бұзады. Үрейі ұшқан жұрт жан-жаққа қаша бастайды. Дәл осы уақытта туырлықты киіз үйлердің бірінде бір әйел  толғатып жатқан еді. Тау басынан тас бұршақтап жауып кетеді. Ананың жанұшырған айқайымен бірге дүниеге сол сәтте келген сәбидің ащы шырылы қатар естіліп, жан-жақты жаңғырықтырады. Кенет жартастан бір үлкен тас бөлініп, тау беткейімен ауылға қарай домалай жөнеледі. Оның жолына тосқауыл болар ештеңе де жоқ еді. Кенет таңғажайып оқиға болды. Әлгі үйтас ана мен бала жанталасқан киіз үйдің дәл алдына келіп, дүңк етіп тоқтай қалады.  Ол шын мәнінде ана мен баланы бұршақша жауған тастардан қорғап, өлімнен арашалап қалған болатын. Оның киелілігіне сенген ауыл тұрғындары оны кейін әулиетас деп атап кетеді. Соңғы уақыттарға дейін алыс-жақыннан келетін, бұл аңыздан хабары бар адамдар әлгі әулиетасқа арнайы соғып, құрбандық шалады, тәңіріненен тілек тілейді екен.

Шатқалдың өзге кіреберісінде тағы бір үйтас тұр. Онда Будда құдайының бейнесі қашалған. Ал төменгі жағында аңыздағы жануарлардың бірі бейнеленген. Тастың үстіңгі жағындағы ойықтағы суды халық қасиетті деп санайды. Бір қызығы, тас ойығындағы бұл су күн көзінде тұрғанына қарамастан, кеуіп те кетпейді.

Міне, туған еліміздің аумағында осындай түрлі аңызға арқау болған ғажайып жерлер бар.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға