«Ақыртас» пен «Айша бибі» Әлемдегі ерекше тартымды нысандар тізіміне енді
Айша бибі кесенесі мен Ақыртас сарай кешені Әлемдегі ерекше тартымды туристік нысандар тізіміне енді.
Бұл туралы Түркияның Анталья қаласында туристік тартымдылық және туризмді жоғары деңгейде тұрақты дамыту мәселелері бойынша өткен халықаралық комитеттің кезекті сессиясында белгілі болды. Айта кету керек, аталмыш тізімге жаңа нысандарды енгізу бойынша шешім комитеттің сессиясында қабылданады. Комиссия құрамында әлемнің сексен елінің сарапшылары бар.
Айша бибі кесенесі мен Ақыртас сарай кешені Жамбыл облыстық туризм басқармасы мамандарының таныстыруынан кейін сарапшылардың қолдауымен «Әлемдегі ерекше туристік тартымды нысандар» тізіміне енді. Нәтижесінде сол санатты ресми нақтылайтын арнайы сертификат тапсырылды. Енді бұл нысандарды көпшілікке әлеуметтік желі арқылы танымал ету мақсатында «WORLD LIST - TOURIST ATTRACTION» белгісін (логотип) пайдалануға рұқсат етіледі.
Қазақстан атынан «Әлемдегі ерекше туристік тартымды нысандар» тізіміне барлығы 19 нысан енді. Олардың қатарында Астанадағы Бәйтерек, қысқы спорт түрлеріне арналған әлемдегі ірі биік таулы «Медеу» кешені мен «Нұр Астана» мешіті бар.