Ақырет кебін
Ақырет кебін – өліктің ең соңғы киімі, кебіні. Оған байланысты қазақта «Кебенек киген келеді, Кебін киген келмейді» деген тәмсіл осыны аңғартса керек. Яғни А. «ең соңғы» деген мағынаны білдіреді. Ақырет кебін бүктелген матадан жасалып, екі жағы тігілмейді, арқа тұсынан өтетін бір қатар ғана тігісі болады. Кебінді молданың өзі пішіп, кебін тігуге арналған ағаштан жасалған инемен тігеді. Ақырет кебіннің бас, бел және аяқ жағынан баулар шығарылып, мәйітті орап болған соң сол баулармен бас, бел және аяғынан байланады. Өлікке кебінді кигізгеннен кейін үш жерінен, басының астынан, белінен, аяқтың астынан байлайды. Содан соң өлік табыттан алынып, кілемге оралады. Дәл кебін сыртынан байланғандай кілем сыртынан да үш жерден байланады. Ақыретті ерлерге екі қабат етіп жасайтындықтан он құлаштай, әйелге үш қабат болғандықтан 12 құлаштай (іш көйлек, орамал, алшалғыш) мата кетеді. Ақырет кебін ерлер үшін: шыт, ит жейде (көйлек), тән жабар (ерлер үшін шаршы шыт, әйел адамға белдемше), үш қабат ораудан тұрады. Ер адамның ақырет киімдері: құба тон, көйлек, жауырынтық, қысқа бешпет, селде деген бөліктерден тұрады. Орайтын «киім» пішкенде бөздің ені кең болса бір енімен үш бой алады. Ені тар болса екі-екі бойдан алынған ендер жалғанады. Өн бойдың ұзындығы өліктің бойына сәйкес, кемінде бір жарым құлаштан астам болады. Бірінші қабаты басынан бастап тізесіне дейін, қалған екі қабаты аяқтан асады. Бас, аяғы буылатындықтан өн бой өлік бойынан екі қарыстан кем емес ұзын пішіледі. Қайтыс болған әйел адамға бес қабат «киім» кигізіледі: Бірінші қабаты басы мен мойының жабады, екіншісі кеудені, үшіншісі тізеге жетеді. Осылайша мәйіттің беті бес қабат, кеудесі төрт қабат, құрсағы үш, аяғы екі қабат матамен оралады. Қазақ салтында адамның ақыреті өз төркінінен төркіні алыста болса жақын маңайдағы рулас ағайынынан алатын салт бар. Дәстүрлі сенім бойынша олай етпесе марқұмның туысқандарының мойынына қарыз болып қалады деген. Алысқа ұзатылған қыздарға ертеде бір сандыққа ақырет кебінде қоса беріп жіберетін болған немесе кейін төркіндеп келген кезде берген. Әйелдер жасы ұлғайған кезде төркініне арнайы келіп бірге туған-туыстарынан, көбіне қара шаңырақта отырған інісінен ақыретін сұрап алатын салт болған. Жаугершілік заманда ұрысқа аттанған ер азаматтар атының қанжығасына ақырет кебін бірге алып жүру міндеттелген. Кебіннің шын киім деген де аты бар. Ақыретке оралған соң оның күнәларының өтеуі ретінде підия салты атқарылады.
Әдеб.: Әлімбай Нұрсан. Қазақтың өлікті жөнелтуге байланысты жосын-жоралғыларының этномәдени проекциясы // ҚР ҰҒА-ның ха- барлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы. 1994, №4; Фиельструп Ф.А. Из обрядовой жизни киргизов начала ХХ века. М., 2002; П. Обычаи киргизов Семипалатинской области // РВ. 1878, №9; Тәукейұлы С. Ата таным. Ұланбатыр, 2007; Балаубаева-Голяховская А.М. Погребальные обряды у казахов Акмолинский губерний // Сборник научного кружка при Восточном факультете САГУ. Вып.1. Ташкент, 1928; Сорокин Н. Заметка о посмертных киргизских обрядах // Тобольские губернские ведомости. 1871. №5.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»