Жаңалықтар

Ағынтай батыр мен Андықожа батыр

Ағынтай батыр (туған жылы белгісіз – 1672 жылы қайтыс болған) – Есім хан мен Жәңгір ханның сенімді батырларының бірі.
28.07.2014 09:17 7634

Ағынтай батыр

Ағынтай батыр (туған жылы белгісіз – 1672 жылы қайтыс болған) – Есім хан мен Жәңгір ханның сенімді батырларының бірі. Ағынтай 1620 жылдан бастап жоңғарлармен болған көптеген ұрыстарға белсенді түрде қатысқан. Талай рет жаудың батырларымен жекпе­жекке шығып, үнемі жеңіп отырған. 1643 жылы болған Орбұлақ шайқасында болған Жәңгір ханның 600 сарбазының ішінде болып, жоңғардың 50 мың әскеріне қарсы соғысқан. Белгілі Шапырашты руының атақты Қарасай батырымен бірге Салқам Жәңгірді қалмақ тұтқынынан босатып алуға қатысқан Ағынтай батырдың орасан күштілігі мен батылдығы туралы халық аңыздарында көп айтылған. Замандастары оның жұдырығы кез-келген адамды құлатып салатынын білген, сондықтан халық жұдырығы күшті адамды Ағынтайдың жұдырығына теңеген. Ағынтай қайтыс болған соң өзінің үзеңгілес досы Қарасай батырдың зиратының жанына – Құлшынбай тауына жерленген. Қазір Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы халықтың көздің қарашығындай сақтайтын осы жерінде халықтық азат ету қозғалысының әйгілі батырларына арналған ерекше мемориалдық кешен тұрғызылды. Кешеннің жобасын белгілі архитекторлар Бек Ыбыраев пен Садуақас Ағытаев жасаған. Кешеннің ашылу салтанатына (қазан, 1999 ж.) мемлекет және қоғам қайраткерлері – Әбіш Кекілбаев, Даниал Ахметов, Өмірбек Байгелді, академик Жабайхан Әбділдин, т.б. қатысты. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қажымұрат Нағманов, Айыртау ауданының әкімі Армия Әбілқайыров жиналғандарға жүректен шыққан құттықтау сөздері мен шынайы алғысын арнады. Сол  кезден  бастап бұл кешенге келген халық нөпірі бір толастаған емес. Бұл халықтың ел қорғаған батырларына деген зор сүйіспеншілігі мен алғысының көрсеткіші ғой.

1999 жылдың 22 маусымында Қызылжар қаласында облыстық драма театрының алдындағы алаңда Қарасай мен Ағынтай батырдың ескерткіші ашылды. Ескерткішті Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ашты. Митингті облыс әкімі Д.А.Ахметов ашты. Ескерткіштің авторы – белгілі мүсінші Болат Сапарұлы Досжанов. Ескерткішті жасауға идея берген облыс әкімі Даниал Ахметов болатын.

 Андықожа  батыр

Андықожа батыр Орта жүз Арғын ішінде Атығай  руынан, оның ішінде Қойлы Атығай – Құдайқұл – Әлмәмбет. Әлмәмбеттен Андықожа батыр туады. Туған топырағы Солтүстік Қазақстан облысы бұрынғы Бейнетқор ауданы «Үшқызыл»  колхозының  шығыс  жағында  3­4  км  жерде,  ата­мекені «Қаршыға ұстаған» деген қалың шұбар бауырында 1672 жылы дүниеге келген.

Облысымызға белгілі азамат Қаскеев Ғазездің айтуынша Андықожадан – Жабағы, одан – Төлек, одан – Малдыбай, одан – Естай, одан – Қаскей, одан – Ғазез. Сонда Ғазез Анды­қожа батырдың алтыншы ұрпағы болып табылады.

Андықожа батыр Абылай ханның бас қолбасшысы болған Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлармен достығы берік, үзеңгілес жолдасы болған көрінеді. Олар Андықожа батырдың табандылығын, ерлігін, батырлығын зор бағалаған.

Абылай хан Қызылжарға алғаш келгенде Андықожа өзінің 40 сарбазымен күндік жерден Жолдыөзек бойында қарсы алып, жол бастап отырған.

Сібірдің үскірік аязына, жаздың аптап ыстығына шыныққан төзімді, жаужүрек сарбаздарын басқарған Андықожа батырға жаугершілік заманда Абылайдың қолбасшысы Бөгенбай батыр күні бұрын хабар беріп, шақыртып алып, ұрыстың ең қиын, ең жауапты тұсына жұмсайтын болған. 1726 жылы Бұланты өзенінің бойында қазақ жасақтарының оң қанатын Андықожа басқарған Атығай сарбаздары жаудың тас­талқанын шығарған көрінеді. Андықожа ұрысқа алдымен кіріп, соңында шығатын көрінеді. Сонда Бөгенбай батыр: «Андеке, өзіңе разылығым бұрын да, осы жолы да өз алдына. Бұл жолғы жігіттерінің жаужүректілігіне мүлде риза болдым. Әрқайсысы да аман болсын, жарайсыңдар», – деп дән риза болған екен.

Бөгенбай, Жәнібек, Андықожа батырлар аралары екі­үш жас, шамалас болса керек. Түркістанда Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде жерленгендердің жалпы саны – 121, оның ішінде сақталған 41 құлпытас қалпына қайта орнатылған көрінеді. Сол тізімнің орта тұсында (Ақ сарай қабырғасындағы үлкен планшетте) үш батырдың аты­жөндері келтірілген.

1.      Қанжығалы Бөгенбай батыр (1690­1775);

2.      Шақшақұлы Жәнібек батыр (1693­1752);

3.      Атығай Қойлы Андықожа батыр ( 1672­1752) жазулар бар.

(Жолтай Жұмат, Есберген Алаухан. Қасиетті мекендегі қала. – Түркістан).

 

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға