Ақын қашаған күржіманұлының шығармалары – тәуелсіз қазақстанның рухани құндылық мұрасы - 1
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты
АҚЫН ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ МҰРАСЫ
Қазақ әдебиеті тарихындағы дәстүрлі ақындар поэзиясы – ұлттық сөз өнері дамуындағы негізгі әдеби үдеріс желісін құрайтын ұлттық рухани құндылық. Халықтың қалыптасуы өсіп-өркендеуі жолындағы тарихи кезеңдердің ежелгі дәуірлерден бастап қазіргі заманымызға дейінгі көркемдік дәстүр жалғастығы жүйесінде ауызша авторлы әдебиет өкілдері сөз өнерінің халықтың сипатын танытумен келеді. Байырғы түркі өркениеті (V–VIII ғғ.) жазба жәдігерліктерінің мәтіндері де, Ислам діні тарала бастаған алғашқы кезең (ІХ–ХІ ғғ.), Алтын Орда (ХІІ–XIV ғғ.), Қазақ хандығы (XV–XVIII ғғ.), ХІХ–ХХ ғғ. дәуірлері әдеби үдерісінде ауызша авторлы поэзияның ықпалы қоғамдық-әлеуметтік ортаның тұрмыстық хал-ахуалымен тығыз бірлікте жырлануымен ерекшеленді. Хакім Абайдың адамзат ұрпақтарының фәни мен бақи аралығындағы тіршілік кезеңіндегі поэзияның маңызды қызметі туралы тарихи-философиялық ойлары да өмір шындығын дәйектейді:
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
...Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы.
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы? [1, 63].
Хакім Абайдың сыншыл бағалауына лайықты «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» поэзиялық туындылары арқылы дәлелдеген, шығармалары халықтық қабылдау ықыласына ие болғандар ғана ұлттық әдебиетіміздің тарихын құрағаны мәлім. Бұл әлем халықтары әдебиеттеріне ортақ сипат. Шығармалары халық көңілінен берік орын алған, өлең-толғаулары, айтыстары, дастандары жыршы орындаушылардың өнерімен аймақтарға, атыраптарға мол таралған осындай көрнекті ақын – Қашаған Күржіманұлы (1841–1929).
Қашағанның бірқатар туындылары алғаш рет «Әдебиет майданы» (1935), одан кейін «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), «Ақберен» (1972), «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1985), «Бес ғасыр жырлайды» (1984, 1-том; 1989, 2-том); «Топан» (1991), «Алқаласа әлеумет» (1991), «Жыр – дария» (1995) жинақ кітаптарда жарияланды. Ақын шығармаларының халық арасына кеңінен таралуында халық мұрасын насихаттаған жыршылардың, термеші-әншілердің еңбектерін, Қашағанның әдеби мұрасының оқытылуы мен зерттелуі тарихында бірқатар көрнекті ғалым-ұстаздарымыздың еңбектерін атаймыз. Академик Қ.Жұмалиевтің, профессор Х.Сүйіншәлиевтің «XVIII–ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің бағдарламасында» (1939–1987 жж.), академик А.Жұбановтың «Струны столетий» (1958), «Құрманғазы» (1960), «Қазақтың халық композиторлары» (1962), Е.Исмайыловтың «Ақындар» (1956), Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» (1967), «Қазақ әдебиеті. XVIII–ХІХ ғғ.» (1981), «Қазақ әдебиетінің тарихы» (2006), Қ.Сыдиқовтың «Ақын, жыраулар» (1974), т.б. кітаптарда ақын шығармашылығы аталған.
Қашаған Күржіманұлының дарыны негізінде туындаған ақындық өнері жастайынан байқалған. Ақын мұрасын жинап, құрастырып, баспаға дайындап, алғы сөзін, түсініктерін жазып, «Топан» атауымен жеке кітап етіп жариялаған көрнекті әдебиеттанушы ғалым Қабиболла Сыдиқов әкесінен жастай жетім қалған Қашағанның табиғи дарынымен ел назарына ілінгенін, «Ел әңгімелеріне қарағанда, Қашағанды жастай жиын-тойға апарып, ақындық өнерге баулыған Қалнияз ақын» [2, 4] екендігін атап көрсетеді. Қалнияз Шопықұлы (1816–1902) – дәстүрлі ақындар поэзиясының көрнекті тұлғаларының бірі.
Қалнияз Шопықұлы – Хиуа хандығының басқыншылығына қарсы күрескер халық батырларымен (Балуанияз, Қармыс, Төлеп, Амантұрлы, Қожалақ, Қарағұл, Сүгір, Тұрмамбет, Балта, Дәуіт, т.б.) бірге бостандық, азаттық жолындағы күрестерге қатысқан жырау. Оның туған жерден еріксіз басқа елдерде (Хорезм, Тәжікстан, Ауғанстан, т.б.) ағайындарымен туған жері-атамекенді қорғау, сағынуы туралы арнау-толғау өлеңдері, әншілігі, күйшілігі, Қырымның қырық батырын жатқа жырлаған эпик жыршылығы [3, 505-506] жаңа буын ақын-жырауларға өнеге мектебі болған. Қашағанның табиғи дарынды болмысын Қалнияздың танығаны, өзінің және атыраптағы ақындық-жыраулық дәстүр өкілдері ұлағатымен таныстырғаны анық.
Қазақтың авторлы поэзиясын халыққа жаттап таратушылардың қызметтері айрықша маңызды. Дәстүрлі ақын-жыраулардың өмірдеректері мен әдеби мұраларына арналған анықтамалықта: «Өлең-жырлары ел арасына кең таралған... Ақын шығармалары кезінде жиналған. Оны жаттап таратушы шәкірттері Шадыман Үсембаев (1900–1962), Көшен Өсербаев (1901–1958) болды» [4, 85],- деп атап көрсетілген.
Ал, ғалым Қабиболла Сыдиқов Қашаған мұрасын насихаттаушылар қатарында біраз ақын-жырауларды, жыршыларды атайды: «...ақын шығармаларын ауызша таратушылар – Қашағанмен жолдас болып, оның өнегесін үйренген Мұрын Сеңгірбекұлы, Сүгір Бегендіқұлы, Бақтыбай Тайшанұлы, Сәттіғұл Жанғабылов, Ығылман Шөреков, Ыбыр Досалиев, Құмар Жүсіпов, Сұраубай Үттібаев, Өмір Көшекбайұлы, Шамғұл Ибрагимов, Шадыман Үсембаев, Көшен Өсербаев, Жанжігіт Қосназаров, Назарбек Раев сияқты ақын, жыршылар» [4, 205].
Дәстүрлі ақындар поэзиясының қалыптасуы мен дамуы кезеңдерінде табиғи дарын, талант сипатынын, шығармашылық өнер дәстүрімен, көрнекті ақын-жыраулар ықпалымен дамитын заңдылығы бар. Ежелгі сақ, ғұн, түркі өркениеті дәуірлерінде негізі қаланған шығармашылық мектептегі көркемдік дәстүр жолын жалғастыратын мұрагерлік мектеп қазақ сөз өнерінің көркемдік ойлау биіктігіндегі тағылымын танытумен келеді. Көрнекті ұстаз-ғалым Е.Исмайыловтың «Ақындар» атты еңбегіндегі «Ақындық орта, дәстүр мәселесіне арналған ғылыми жүйелеуі де Қашаған шығармашылығының поэтикалық табиғатын түсінуге бағдарлайды:
«Сыншылдық, шешендік, тапқырлық өнер, лирикалы, эпикалы жырларды, мақал-мәтелдерді, аңыз-ертегілерді, халықтық сатираларды әрі шығарып, әрі орындап, дамытып отырып, кейінгі ұрпаққа аса қызықты поэзиялық қазына етіп жеткізетін творчестволық тәжірибе, үлгі – қазақтың ақын, жыршы, жырау, әнші, өлеңшілерінің дәстүріндегі негізгі ерекшелік. Сүйінбай, Шөже, Шернияз, Абыл, Жанақ, Түбек сияқты асқан жүйрік импровизатор ақындардың, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Естай, Шашубай сияқты әнші ақындардың, Марабай Мұрын, Нұрпейіс сияқты атақты эпик жыраулардың творчестволық дәстүрлері өз заманындағы ақын-жыршыларды үнемі қызықтырып отырған» [6, 88]. Бұл – Қашаған шығармашылығының негізгі сипатын аңғартатын ғылыми-методологиялық мәнді пікір.
Қашағанның азаматтық-отаншылдық сарынды лирикалық өлеңдері ақынның дәстүрлі ақын-жыраулар поэзиясындағы көркемдік-эстетикалық көзқарас ұстанымы тағылымын танытады. Ақынның осы сарынды өлеңдерінде («Жұттан кейін», «Замана халі», т.б.) халық тұрмысындағы әлеуметтік шындық қайшылықтары салыстыру-шендестіру жағдайымен жырланған. Қазақ халқының ғасырлар белестерінде өсіп-өркендеу жолымен жалғасқан материалдық және рухани мәдениеттері байлығы тұтасқан байырғы сән-салтанаты қазіргі және болашақ ұрпақтарға өнеге ұлағаты сипатымен жырланған. Қазақ тұрмысының негізгі сәні ауылды-аймақты, сол арқылы байтақ дала кеңістігіндегі ұлттық тұтастық дәнекері нағыз байлар және ауылдар екендігі даралана бейнеленген:
...Қыс күнде байдың сәні екен,
Үлекке салған келесі.
Жаз күнде байдың сәні екен
Тас астау салған дересі.
Ауылдың о да сәні екен
Қасында тұрса қара төбесі.
Жиылар еді төбеге
Ақсақал, бидің кеңесі [2,57].
Ақынның азаматтық, ұлттық-этнографиялық сарынды жырының нысанындағы аса көркем көрініс – қазақ ауылының келбеті. Бұл – біздің мыңжылдықтар белестерінде қалыптасып, қазіргі заманымызға жеткен, енді тәуелсіз Қазақстанның мәңгі дамудағы жаңа тарихында жаңғыра назарға алынып отырылатын ұлттық көркемдік ойлау көрсеткіші:
...Жағалай теңіз кепірен,
Қисапсыз түйе мал еді.
Қабырғасы кемедей,
Дулығасы биік төбедей
Төрт аяғы дередей,
Кірпіктері жебедей
Түйесінің көркі нар еді.
Құмырсқадай қой, жылқы,
Кең бауыр жатқан сала еді.
Кең кереге, сырлы уық,
Келіншек пен қыз тіккен
Мырзалардың сәнді үйі
Ақтөбедей бар еді [2, 57-58].
Қазақ ауылы – жер бетіндегі адамзат ұрпақтары арасында қонақжайлылық, қайырымдылық, жомарттық, мырзалық, кішіпейілділік, т.б. жалпы адамгершілік-имандылық қасиеттер кешенді тұтасқан айрықша дара мекен. Ақын қазақ ауылының осы ғажайып келбетін көркем кестелі жыр өрнектері өрілген ұлттық мақтаныш сезімімен жырлаған:
Есігі көше, төрі базардай,
Сәнді ауылдың сыртынан
Молдалар айтқан азандай.
Үстіне қонған қонаққа
Сырбаз сойып, май берген,
Басытқысына қызыл күрең шай берген.
Арасында сабадан
Ақ шұбат, қымыз жай берген.
Шұрқыратып жылқы айдап,
Өбістіріп құлын, тай байлап,
Жақсының түсіп жолына,
Ізгіліктің еріп соңына,
Ғарапа барып қажы еткен,
Бас парызын ада еткен
Ғаниларым бар еді [2, 58].
«Жұттан кейін» деп аталатын осы өлеңде қазақ тұрмысының аталған сән-салтанатының «Бай – бір жұттық» деп аталатын апатты жағдайға айналғаны, соның салдары дәулеттілердің мүшкіл хал-ахуалы («Кешегі байдың бірі жоқ, толқыған дәулет малы жоқ, бай баласы тіленші, аш кісінің ары жоқ»), дәстүрлі байлығынан айрылған халықтың кәсібінің («Көбісі жұрттың кәсібі – пітнеден болған нәсібі») де, адамгершілік-қасиеттердің әлсіреуі («Бүгінгі адам намысы лек-лек құсқа ұқсайды, байланбағай еді, жарандар, тәубе мен ынсап есігі») де зар замандық мұңды-шерлі күйзеліспен жырланған.
Қашаған – қазақ тағдырын ұлттық-азаматтық берік ұстанымды көңіл-күймен жырлаған ақын.
«Замана халі» өлеңіндегі идеялық-композициялық желіде оның сыншыл ойлары қазақ сөз өнері тарихындағы әртүрлі ауызша авторлы поэзиядағы Асан Қайғы, Бұқар, Махамбет, жазба реалистік әдебиеттегі хакім Абай, Ыбырай, Шәкәрім, Тұрмағамбет, т.б. көрнекті ақындар сарындарымен үндес. Өлеңде дәстүрлі қоғамдық-әлеуметтік ықпалдардың әсерінен қазақтың ұлттық асыл қасиеттерінің әлсіреген, ұрпақтардың азып-тоза бастаған жағдайына алаңдаған қайраткер-қамқор тұлғаның жан ділі, күйзелісі жырланған. Ағасын сыйламаған іні, қонақжайлылықтан-меймандостықтан айрыла бастаған («Сусын, тағам сұраса, бар болса да «жоқ» десе») қазақ отбасылары, қайырсыз байлар пиғылдары, алдаушылық, екіжүзділік етек алған қарым-қатынас, т.б. – бәрі де зар заман поэзиясындағы сыншыл, эллегиялық-психологиялық сарындар үндестігін байқатады:
...Тілінде бар жақсының
Діні кеткенге ұқсайды.
Өтірік сөздер көбейіп,
Шыны кеткен секілді.
Әкімнен кетіп әділдік,
Бай қайырсыз секілді.
Бай бермеске бекінді.
Қатындардың ұятын
Қыз, жігіттің ибасын
Шайтан алған секілді
Байлар жұтқа жолықса
Пақырды қуып қорлаған,
Зілден тапқан секілді.
Батыр оққа жолықса,
Аруағы кеткен секілді.
...Ай менен Күн қауысып,
Күн орнынан ауысып,
Қаңбақтай қара жер зыңырап,
Болмағай-дағы еді бір қауіп [2, 61-62].
Ақын – халық тағдырының қамқоры, тұрмыстық қарым-қатынастар мәдениеті дәстүрлерін сақтауды қадағалаушы. Ақынның сыншыл ойлы, азаматтық сарынды сатиралық сипатты арнау өлеңдерінде сараң байларды («Оразалы байға айтқаны», «Байларға», «Томпы байды тілдеуі», «Көбентайдың Мұрынқұл», «Бекес байға», «Көптілеу байға айтқаны», «Қара шұбар ала ешкі», «Сақыпқа айтқаны», т.б.), жалған діндар, сараң, қайырымсыз сұпыларды («Есқали сұпыға айтқаны», «Сараң сұпыға», т.б.) өмір шындығы аясында бейнелеген. Қазақ халқының ғасырлар бойы сақталған ұлттық жан ділі болмысын бұза бастаған зар замандық зардаптар сипаты ақынның шыншыл, сыншыл тілімен жырланған.
Ақынның философиялық өлеңдерінде («Бұл өмірдің мысалы», «Бұл дүниеде не жетім?», т.б.) тіршілік қозғалысындағы кезеңдер ауысымы, құбылыстар, өзгерістер заңдылығы, қоршаған тұрмыстық-әлеуметтік ортаның қайшылықты, қақтығысты сипаты, т.б. кең қамтыла жырланған. Философиялық-дидактикалық өлеңдер – қазақтың дәстүрлі ақын-жыраулары поэзиясында негізі қаланған, одан кейінгі жаңа жазба әдебиет үдерісіне жалғасқан шығармашылық үлгілер. Бұл – қазақ өлеңінің ойшылдық дүниетаным тереңдіктерінің көрсеткіші. Халықтың қанатты сөздеріндегі, мақал-мәтелдеріндегі, би-шешендердің толғаныс сөздеріндегі философиялық-психологиялық мағыналы ойлармен үндес көркем кестелі тіркестер мен сөздер тұтасқан ақын-жыраулардың нақыл өлеңдері, терме-толғаулары ұлттық сөз өнерінің халықтық-эстетикалық көркемдік ойлау болмысын танытады.
Қашағанның «Бұл өмірдің мысалы» нақыл өлеңінде адамдардың қарым-қатынастарындағы, тұрмыс, тіршілік қозғалысындағы шындық пен жалғандық, уақыт өзгерістерін мойындау тағылымы, философиялық тұжырымды тіркестермен («Өпірем болу не керек, бақ-базарың ауған соң, бәсеке ету не керек, бастан билік кеткен соң», т.б.) бейнелейді, уақыт шындығын дәлелдей жырлайды:
Әділдіктің белгісі –
Расын айтып сардиған.
Пітне көңіл белгісі –
Құпия сөйлеп ыржиған.
...Бұл өмірдің мысалы:
Кешегі көрген бүгін жоқ,
Ұшып кеткен көбелек [2, 72].
«Бұл дүниеде не жетім?» философиялық өлеңінде тіршіліктегі жетім ұғымының сан алуан мағыналық сипаттары сараланған. Тіршілікке қажетсіз болып қалудың, ащы суын ешкім ішпейтін көлдің, қартайғанда балалары, келіндері, халқы құрметтемеген ердің, тақтан түскен ханның, басшысыз қалған шаһардың, отбасылық басшылығынан айрылған шал мен кемпірдің – бәрінің жетім тағдырдың қатал шындығы екендігі жүйеленеді. Ақын тіршілік ағысындағы ұрпақтардың бұрынғы-соңғы назарына халықтың, атамекендердің, байтақ туған Отанның, ел абыздары би-шешендердің, қазақ отбасыларының, құлдыққа түскен адамның, отарлық бұғауға түскен елдің, т.б. әлеуметтік-азаматтық өзекті мәселелердің жетім ұғымын туындататын шындығын түсіндіреді. Сол арқылы Отанын, туған жерін, отбасыларды, жеке адамдарды жетімдік қасіретіне ұшыратпау ұлағатын түсінуге үндейді:
...Хакім әділ болмаса,
Бұқара байтақ ел жетім.
Қаптап елі қонбаса,
Жайылған малы болмаса,
Көкорай шыққан балқашы
Жеусіз тұрып сорласа,
Ел қонбаған жер жетім.
...Қартайса бәсі қайтады,
Қоспақтың жүгін тарта алмас,
Асыл туған нар жетім.
...Бақыты тайған би жетім,
Қатынсыз қалған үй жетім.
Сатып алған құл жетім,
Құлдықта жүрген ел жетім.
Азамат ерлер қайғы етер.
От басында жыласа
Жас төгіп сәби бір жетім.
Ақырында тәрік етуге жарамас,
Ерлердің еткен құрметін [2, 74].