Жаңалықтар

Ақылды роботтар адамды алмастыра ала ма?

Роботтар үздіксіз өндірісті жолға қойып, уақыт пен күш-қуатты үнемдеп, кәсіпорынның пайдасын арттыруға көмектеседі
Ақылды роботтар адамды алмастыра ала ма?
Фото: ult.kz 17.10.2022 10:34 5655

2030 жылға қарай барлық салада жаппай роботтандыру үдерісі қарқынды жүруінен 800 миллионнан астам адам жұмыссыз қалады. Бізге McKinsey компаниясының зерттеу жұмысы осыны дәйектейді.

Расында, қазір адамзаттың алдында бір сұрақ тұр, ол – роботтар адамға айнала ма? Әрине, роботтар адамға айналып кете қоймас, алайда роботпен бәсекеге адамдар қаншалықты дайын? Міне, осы сұрақтың шешімін табу өте өзекті.

Роботтандырудың оң имиджін қарастырғанда, ең бірінші – өнімділікті басты назарға аламыз. Яғни роботтар үздіксіз өндірісті жолға қойып, уақыт пен күш-қуатты үнемдеп, кәсіпорынның пайдасын арттыруға көмектеседі.

Екіншіден, робот жалақы мен еңбек демалысын сұрамайды, отбасылық мәселемен жұмыстан сұранбайды. Бұл дегеніңіз, жалақы шығыны мен салық төлемін азайтып, компанияның табысын арттырады.

Үшіншіден, дәлдік пен түрлі ақауды азайтып, өнімнің сапасын жақсартады. Бұл да табысты еселеп арттыратын жол.

Төртіншіден, ауыр жұмыс барысында адамның денсаулығына төнетін қауіп азайып, еңбек қауіпсіздігі артады.

Бесіншіден, бизнестің тиімділігі артып, персонал шығыны анағұрлым азаяды.

Қазірдің өзінде әлемнің озық елдері мен алпауыт компаниялар әртүрлі процесті автоматтандыруға басымдық беруде. Тіпті бұл тәсіл бизнестің өмір сүруіне ең қажетті құндылыққа айналып келеді. Бұл процес – бизнес пен жұмыспен қамтуды өзгертіп қана қоймай, жаһандық саясат пен экономиканы да түбегейлі өзгертеді.

Міне, төртінші өнеркәсіптік революция дегеніміз осы – роботтандыру процесімен жүреді.

«Казроботикс» Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясының президенті Айжан Жекееваның сөзінше, ауыр өнеркәсіптің негізгі саласы – тау-кен металлургиясы, елдегі мұнай-газ және уран өндіру, автомобиль өндірісі және т.б. салалардағы отандық компаниялар роботтехнологияны қолдана бастады.

– Жазда «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-на арнайы бардық. Сонда жұмыстың өнімділігін арттыратын трансформаторды жинайтын роботты көрдік. Қазір өндіріс орындары бәсекеге қабілетті болуда автоматтандыру мен роботтандыруға көңіл бөлуі орынды, – деді федерацияның басшысы.

Роботтандыру үдерісі қарқынды жүруде. Мұны күнде көргенімізбен, қатты мән бере бермейтініміз шындық. Мәселен, қазірдің өзінде көптеген технологиялар, оның ішінде, банкоматтар, Telegram-боттар, түрлі қызмет атқаратын қосымшаларды айтуға болады.

Озық елдерде бөлшек сауда саласында қызмет көрсететін терминалдар трендке айналды. 2016 жылы Amazon компаниясы кассирлері жоқ дүкенді енгізді. Онда келушілерге тіпті сатып алулар қажет емес – олар клиент тауарды алған кезде автоматты түрде виртуалды себетке қосылады.

Роботтандырудың алғашқы тенденциясы ірі-ірі компанияларда байқала бастады. Adidas компаниясы жаңа Speedfactory зауытында роботтандыруды толық жүзеге асыруды қолға алды. Бұл роботтар тігу, желімдеудің сапасын арттырумен қатар тұтынушылар үшін бірегей кроссовкалар жасай алады.

Осылайша Adidas компаниясы қаншама жұмысшысын қысқартады. Бұл
– бір компаниядағы құбылыс ғана емес, әлемнің барлық ірі компаниясына тән құбылыс.

Кейбір зерттеулерге қарағанда, бір робот бес адамның жұмысын атқара алады. McKinsey жаһандық институтының бағалауынша, 2055 жылға қарай қоғамдық қатынастарға жататын қызмет түрлері автоматтандырылады.

Жоғалып кетуі ықтимал мамандықтың қатарына зауыт жұмысшылары, кассирлер, офистік қызметкерлер жатады.

Дәл бүгін-ертең роботтар адамның орнын баспаса да, алдағы 20-30 жылда роботтандыру процесінің салдарынан адамдар арасында жаппай жұмыссыздық орын алуы әбден мүмкін.


 

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға