Жаңалықтар

Ақыл қалта

Әлемдік әдебиеттің інжу-маржандары
08.07.2016 09:22 13891

Адам бірден кемеліне келіп тумайды, бірақ күннен күнге жеке басын жетілдіріп, өз ісінде шеберлік шыңына өрмелей отырып, ол лайықтылық пен артықшылықтың жоғары сатысына көтеріледі, бұл талғамның нәзіктенуінен, ақылдың сұңғылалығынан, пайымдаудың тереңдігінен, тілектердің мүлтіксіздігінен көрінеді. Бәз біреулер толысуға қол жеткізе алмай-ақ қояды, оларға әрқашан бірдеңе жетіспей тұрады; ал кейбіреулер оған кеш жетеді. Сөзі дана, ісі ізгі, кемел кісіні әрдайым парасатты адамдар құшақ жая қарсы алады, олар онымен тіл табысуды аңсайды.

Ақыл қалта

  

Бальтасар Грасиан 

 Испанның ұлы жазушысы Бальтасар Грасиан лайықты өмір сүрудің тәсілдерін зерттеп, кейінгіге мәңгі мұра боларлық ақыл кітабын қалдырған. Кітап бұдан үш жарым ғасыр  бұрын жазылғанына қарамастан бүгінгі күнге үндес. Себебі барлық дәуір, барлық ортада адамгершілік қағидалары бірдей. Кітап көп елдердің тілдерінде бірнеше қайтара жарық көрген. Ол әлемдік пәл­сапаның інжу-маржандарының бірі.

Кітап арқылы қазақ оқырманы жетістікке жету, достық, махаббат, өзгелердің құрметіне ие болу, қиындықты болдырмау, алданып қалмау жолдары қалай екенін білуге, яғни өзіңді өзің тану, өзіңді өзің табу жолында қай мінез дұрыс, қай қылық бұрыс, өз өлшеміңе салуына мүмкіндік туады.

АҚЫЛ ҚАЛТА

немесе парасат сабағы, мұнда Лоренсо Грасианның шығармаларынан алынған нақылдар жиналған

 1. ҚАЗІР БӘРІ ЖЕТІЛГЕН. ӘСІРЕСЕ - ЖЕКЕ ТҰЛҒА. Ежелгінің жеті данасымен* салыстырғанда, қазіргінің бір данышпанынан көп нәрсе талап етіледі және бір кездегі тұтас халықпен дұрыс қа­тынаста болудан бүгінгі бір адаммен қалыпты араласу көп шеберлікті қажет етеді.

/*Ежелгінің жеті данасы деп Фалес, Питтак, Солон, Клеобул, Периандр, Хилон, Биант алынған/.

 

2. МІНЕЗ БЕН МӘДЕНИЕТ - бойдағы бар абырой айқын көрінетін екі негіз. Бірінсіз бірінің орны тол­майды. Білім аздық етеді - дарын керек. Бірақ наданның соры сол, ол өмірдегі бейімділігін, айналысар ісін, туған өлкедегі, достарының ара­сындағы алатын орнын білмейді.

 

3. ЖАСЫРЫН ӘРЕКЕТ ЕТУ. Күтілмеген жағдай - табыс кепілі. Ашық ойыннан пайда да, қуаныш та болмайды. Өз ние­тіңді білдірмесең қызығушылық тудырасың, әсіресе бұл жоғары дәрежедегі адамдарға қатысты. Тіпті түсінікті болғың келген кездің өзінде, сырыңды жайып салуға асықпа және көлденең көк аттыға өзіңнің жан дүниеңе кіруге мүмкіндік берме. Үнсіз ұстамдылық - ізгілік ордасы. Ниетіңді жариялау оны тұншықтырғанмен бірдей: онда одан күні бұрын кемшіліктер табады, ал сәтсіздікке ұшыраса екі есе бақытсыз боласың. Сонымен, өзіңе әрдайым көп көңіл бөлінсін десең, өз әрекетіңде кемелдікке ұмтыл.

 

4. ДАНАЛЫҚ ПЕН АЙБЫН - ҰЛЫЛЫҚ НЕГІЗІ. Аты өлмейтіндер өшпес істер сыйлайды. Адам қаншалықты көп білсе адамдығы соншалықты болмақ; көп білетін адам құдыретті. Надан үшін дүние - қараңғы түнек. Ақыл мен күш - көз бен қол; қажыр-қайратсыз даналық жеміссіз ағаш сияқты.

 

5. СЕНІ ҚАЖЕТ ЕТСІН: Табынатын адамды мүсінші емес, оны құдайындай көретін адам жасайды. Саған алғыс айтқаннан гөрі, сенен өтінсін. Оңбаған риза­шылыққа сену - ізгі үмітті жоғалту: алғашқы тез ұмтылады, соңғысы есте сақталады. Сыпайыларға қарағанда тәуелділер пайдалырақ: шөлін қандырған соң бұлақты елемейді, сөлін сығып алған апельсинді лақтырып тастайды. Мұқтаждық біткенде достық, онымен бірге қызмет те бітеді. Өзіңе деген мұқтаждықты сақтап отыру, оны толық қанағаттандырмау сенің күнделікті бірінші ережең болсын, сені үнемі қажет етсін. Бірақ тым тұйықтықпен жақын адамыңды адасуға мәжбүр етіп, оған өз игілігің үшін жамандық жасамаған жөн.

 

6. АДАМНЫҢ ТОЛЫСУЫ. Адам бірден кемеліне келіп тумайды, бірақ күннен күнге жеке басын жетілдіріп, өз ісінде шеберлік шыңына өрмелей отырып, ол лайықтылық пен артықшылықтың жоғары сатысына көтеріледі, бұл талғамның нәзіктенуінен, ақылдың сұңғылалығынан, пайымдаудың тереңдігінен, тілектердің мүлтіксіздігінен көрінеді. Бәз біреулер толысуға қол жеткізе алмай-ақ қояды, оларға әрқашан бірдеңе жетіспей тұрады; ал кейбіреулер оған кеш жетеді. Сөзі дана, ісі ізгі, кемел кісіні әрдайым парасатты адамдар құшақ жая қарсы алады, олар онымен тіл табысуды аңсайды.

 

7. ЖОҒАРЫДА ТҰРҒАНДЫ ЖЕҢУДЕН САҚТАНУ. Жеңу дегеніміз - өзіңе жек көру туғызу, ал өз мырзаңды жеңу  жөнсіз, тіпті қауіпті нәрсе. Өзінен басым болғанды ешкім ұнатпайды, әсіресе мәртебелі адамдар. Өз басымдығыңды қажет кезінде, әдемілікті нашар киіммен жасырғандай көрсетпеуге болады. Көп адамдар, әсіресе осы дүние­нің мықтылары ақылдан басқа сәттілікке, кез келген дарынға қатысты өзгелерге жол беруге ықыласпен келіседі: ақыл бар дарынның үстінен сал­танат құрады, оны аз ғана ренжіту - оның ұлылығын қорлағанмен бірдей. Кім биікте тұрса, одан да жоғарырақтан үстемдік еткісі келеді. Олардың мәртебесі басымдық емес, көмек тілейді; өздеріне берілген кеңес оларға түсініксіз нәрсені түсіндіру түрінде емес, ұмытылғанды еске түсіру ре­тінде айтылса ғана ұнайды. Жұлдыздар бізге көрнекі сабақ береді: күн­нің сәулелі перзенттері ешқашан оның шұғыласын қалқаламайды.

 

8. ӨЗ ҚҰШТАРЛЫҚТАРЫНА ИЕ БОЛУ - РУХТЫҢ ЖОҒАРЫ ҰЛЫЛЫҒЫНЫҢ ҚАСИЕТІ. Мұның өзі рухты оған лайық емес төмен қылықтардан сақтайды. Өзіңе өзің ие болғаннан, өз құштарлықтарыңды бағындырғаннан артық жоғары билік жоқ. Дегенмен құштарлық бойды билеп алса, оған дәрежеге жетуге жол бермеу ке­рек: міне қамықпаудың оңай тәсілі, міне ізгі даңққа апарар қысқа жол.

 

9. ӨЗ ЖЕРЛЕСТЕРІҢЕ ТӘН КЕМШІЛІКТЕРДЕН АРЫЛУ. Су өзі ағатын топырақтың қасиетін өзіне жұттырып, ащы немесе тұщы болуы мүмкін, ал адамның өзі туылған ортаға байланысты жақсы не нашар қасиеттері болады. Біреулер игі ниетті аспан астында туғандықтан да басқаларға қарағанда отанына көбірек қарыздар. Әрбір халыққа, тіпті ол білімдар өнегелі болса да, қайсыбір табиғи кемшілік тән; көршілері оны әдетте әжуалай немесе та­балай көрсетеді. Бұл кемшіліктен арылу немесе оны жасыру оңай шаруа емес: мұндай адамның өз жерлестері арасында өзгешелігімен даңқы шығады, ал не сирек болса, сол қымбат. Сондай-ақ, тектік, тектік-таптық, ла­уазымдық, жасқа байланысты кемшіліктер болады, егер осылардың бәрі жи­ылып, ал адам олардан құтылуға тырыспаса, онда ол кісі төзгісіз құбы­жыққа айналады.

 

10. БАҚЫТ ПЕН ДАҢҚ. Алғашқысы қаншалықты тұрақсыз бол­са, соңғысы соншалықты өзгермейтін болып келеді. Бақыт осы өмірде, даңқ өлгеннен кейін келеді, біріншісі көре алмаушылықты, екіншісі ізсіз жоғалуды жеңеді. Бақытты тілейді, кейде оған қол жеткізеді; даңққа еңбек сіңіреді. Ізгі даңқты аңсауды қажыр-қайрат тудырады. Даңқ әрдайым ұлылардың еншісінде болып келді және бола береді, ол кереғар­лықтың серігі: ғажайып немесе құбыжық, тамсандырады, не, жүрек айныта­ды.

 

11. ӨНЕГЕ АЛУҒА БОЛАТЫН КІСІМЕН АРАЛАСУ. Сен үшін достарыңмен ара­ласу білім мектебі, ал әңгімелесу - ұнамды үйрену болсын: достарыңа ұстаз ретінде қара және оқудан келер пайданы әңгімеден алар ләззатпен ұштастыр. Ақылдылардың достығы өзара пайдалы: әңгіме айтушы тыңдаушы­ның мақтауын естіп көңілі өседі, ал тыңдаушыға ақыл қосылады. Бірақ әдетте біз мұны ұмыт қалдырамыз, өйткені менменшілдігіміз оған бөгет жасайды. Есті адам күйкі тірліктің емес, өнегенің мекені болатын жарқын жүзді адамдармен араласады. Көзі қарақты сөзімен және ісімен өзде­рі ғана өнеге беріп қоймайды, сондай-ақ олардың төңірегіндегілер де ізгі істерімен ерекшеленеді.

 

12. ТАБИҒАТ ПЕН ӨНЕР, МАТЕРИАЛ МЕН ЖАРА­ТЫЛЫС. Сұлулықтың өзіне де көмектесу керек: көркем нәрсенің өзі егер оның кемшілігін жасырып, артықшылығын асырып отырмаса ұсқынсыз кейіпке түседі. Табиғат бізді тағдыр тәлкегіне тастаған екен - өнерге жүгіне­йік! Онсыз керемет болмыс та мінсіз бола алмайды. Мәдениетсіз адам жарты абыройынан айрылады. Жақсы мектептен өтпеген кісіден дөрекілік­тің иісі шығып тұрады: оған кемелдікке жету жолында өзін үнемі жонып отыру керек.

 

13. НИЕТКЕ САЙ ӘРЕКЕТ ЕТУ. Адам өмірі - адамның арам ойларымен күресін білдіреді. Қулық қастық ниетті қолдана отырып күреседі: күткен нәрсені жасамайды; алдарқату үшін шеберлікпен күш көрсетеді және кенеттен, ойламаған жақтан соққы береді, есін шығаруға тырысады. Қарсыласының ойын тексеру үшін басқа ниетін алға тосады, одан кейін жалт бұрылып, шалт қимылдайды да абдырап қалған жауын жеңіп тынады. Алайда сұңғыла ақыл оның тіміскілеуін көре біледі, оны қабақ астынан бағып отырады, оның сендіргеніне қарсы нәрсеге иланады да алдамшы жүрісті сезе қояды; алғашқы қаскөй шабуылдан соң екіншісін, одан кейін үшіншісін күтеді. Сыры мәлім болғанын байқаған қаскүнемдік алдау үшін шындықтың өзін пайдаланып, күшін еселей түседі. Енді ойын ережелері өзгереді, әдістер де өзгеше болады - қулық шынайылықтың киімін киіп, зұлымдық ақ көңілділіктің бет пердесін жамылады. Ондайда көмекке байқағыштық келеді; тереңде жатқан мақсатты көре білген ол беткі жарықтың арғы жағынан қараңғылықты байқайды, неғұрлым ашық жатса, соғұрлым құпия сақталатын арам ойды әшкерелейді. Пифонның түнек бұлттары* Аполлон­ның нұрлы сәулелерімен осылай күреседі.

/*Пифонның түнек бұлттары Аполлонның нұрлы сәулелерімен күреседі - бұл  космологиялық түсінікте Күннің /Аполлон/ Жерден /Юнона/ көтеріліп, Күннің қарындасы Айды көзден қалқалайтын бұлттармен күресін бейнелейді/.

 

14. МӘН МЕН МӘНЕР. Істің мәні - оның жартысы ғана; істің қалай бітуі одан да маңызды. Дөрекілік бәріне, тіпті әділдік пен естілікке де зардабын тигізеді; сыпайылық бар­лығына көрік береді: жоқты бар, ақиқатты бал етеді, тіпті кәрілікті жасартады. Сыпайылық достық ролін табысты ойнап, өмірге сән береді.

 

15.АҚЫЛДЫ КӨМЕКШІЛЕРІҢ БОЛСЫН. Билік басындағылардың бір артықшылығы - оларда төңірегіне ақылды адамдар жинауға мүмкіндік болады, бұл адам­дар биліктілерді надандық қараңғылығынан алып шығады, ең қиын дауда да жеңіске жеткізеді. Даналардың көмегіне жүгіну - ұлылардың қасиеті; бұл жеңілген патшаларды құл еткен армян патшасы Тигранның тағылығынан гөрі әлдеқайда мақтарлық іс. Біздің көзі ашық заманымызда қожалық етудің жаңа түрі пайда болды - бұл табиғат дарын сыйлаған адамдарды қызметшілерге ай­налдыру. Қысқа ғұмырда көп білуге мүмкіндік аз, ал білімсіз өмір - өмір емес. Сондықтан білім нәрінен қиындықсыз  сусындайтынның, көп жайды білетіндерге қарағанда көп үйренетіннің, бәрінің даналығына қанығатынның өнері үлкен. Кеңеске қатыса отырып, ол көпшілік атынан сөй­лейді, ежелгі даналардың нақылдарын тілге тиек етеді, өзгенің төккен тері арқасында ол шешендік даңқына бөленеді. Ақылды көмекшілер оған ғылымдағы бар жақсыны сүзіп береді. Ал даналықты өзіне қызмет еттіре алмайтындар, оны достары арасынан іздесін.

 

16. АҚЫЛДЫ ІЗГІ МАҚСАТПЕН ҰШТАСТЫРУ - көп табыстың кепілі. Кемел ақыл мен жасық жігер зорлап қосқан жұбайлар сияқты. Арам ниет - білік абырой үшін у сияқты, ол ақылдың көмегімен зұлымдықты одан сайын шеберлікпен жасай түседі. Арам мақсаттар үшін пайдаланылған үлкен ақыл жек көруге лайық! Санасыз ақыл есуастықтан да жаман.

 

17. ӘДІСТЕРДІ ӨЗГЕРТІП ОТЫРУ КЕРЕК, бұл басқа­лардың назарын алаңдатып, бұрып әкету үшін қажет. Әрекеттің алғашқы тәсілін ұстанба - біркелкілік ойыңды біліп қоюға, тіпті ниетіңнің бей-берекетін шығаруға мүмкіндік береді. Түзу ұшып бара жатқан құсты атып түсіру жеңіл, ал айнала қалықтап ұшқанды құлату - қиынырақ. Екінші тәсілді де аяғына дейін ұстанбаған жөн, өйткені бір сәтте бар пиғылың мәлім болады. Зұлымдық қайда деме - аяқ астында. Оған шалдыр­мау үшін сұңғылалық қажет. Тәжірибелі ойыншы қарсыласы күтіп отырған жүріске аяқ баспайды.

 

18. ЫҚЫЛАС ПЕН ДАРЫНДЫЛЫҚ. Бұларсыз ұлылық мүм­кін емес, ал кісі бойынан осы екі қасиет те табылған кезде ол кемел­дікке кенеледі. Ынтасыз дарындылыққа қарағанда, ыждаһатты орташалық көп нәрсеге қол жеткізеді. Даңқ құны еңбектің бағасымен өтеледі; жеңіл келген нәрсе қадірсіз болады. Тіпті жоғары қызметте де ынта керек: ол әдетте кісінің қабілеттілігін көрсетеді. Жай істе бірінші орынды қанағат тұтпай, жоғарғыдан тым болмаса ортаңғы орынға ұмтылатын адамды оның ұмтылысының ізгілігі үшін кешіруге болады; бірақ қатардағы шаруа­да көзге түсе алғанымен, жоғарғы істегі орташа орынды қанағат ететін кісіге кешірім жоқ. Сонымен, мінез бен өнер керек, ал олардың одағын ынта нығайтады.

 

19. КӨП НӘРСЕДЕН ҮМІТТЕНІП БАСТАМАУ КЕРЕК. Шамадан тыс мақталған нәрсе көп жағдайда үмітті ақтамайды. Көңіл көк дөненнен де жүйрік, арманға берілу жеңіл, оған жету қиын. Қиялдың тілекпен қосылу­ынан өмір ауқымына сыймайтын нәрселер туады. Қол жеткен табыстар қанша татымды болғанмен, олар рухты қанағаттандыра алмайды және ерекше үміт­тердің билігіндегі ол қуаныш әкелуден гөрі, көңіліңді қайтарады. Үміт шындықтың өңін айналдыруға шебер; парасатың оны сабырға шақырсын. Әуелі ынта тудыру үшін біраз несие берген дұрыс, дегенмен қолдағы ба­рыңызды жайып салмаңыз, шындық күткеніңізден асып түссін. Бірақ ақы­маққа мұндай ереже жарамайды, тіпті мұнда асыра сілтеу пайдалырақ: ниет іске аспаса да бәрі риза және бұрын сұмдық көрінетін нәрсе енді қанағат етерліктей болады.

 

20. АДАМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ. Аса дарынды адамдардың өздері өз заманына тәуелді болады. Көп адам өзіне лайық ке­зеңге тап келе алмайды, ал тап келгендердің көбі оның биігінен көріне алмайды. Кейбіреу заманынан озық туады, жақсылық әрқашан салтанат құра бермейді: әр нәрсенің өз уақыты бар, тіпті аса көрнектінің өзі сән­ге байланысты болады. Бірақ даналықтың бір артықшылығы, ол мәңгілік; егер бұл ғасыр оның заманы болмаса, онда алдағы ғасырлар оның еншісіне тимек.

 

21. БАҚЫТТЫ БОЛУ ӨНЕРІ. Мұның бірқатар амалы бар, бірақ ақылды адамға оның бәрі бірдей жарай бермейді. Іскерлік табысқа әкеледі. Біреулер сәттіліктен үміт күтеді. Ақылдырақтары алға ұмтылады және өзіне сеніп әрекет етеді. Өйткені қажыр-қайрат қанатында бақытқа кездесуге болатынын біледі. Дегенмен бақытқа апарар төте жол - ізгілік пен ын­та-ықылас жолы, өйткені ессіздіктен өткен бақытсыздық болмайтындай, саналылықтан асқан бақыт та жоқ.

 

22. ЖАҒЫМДЫ БІЛІМ. Саналы зиялы оқы­мыстылыққа ие; ол көп жайдан хабардар және нәзік мәнерде ой жүгіртеді; одан әрдайым тапқыр сөздердің, керемет істердің үлгілерін табуға бола­ды және ол оларды орынды жерінде қолдана біледі. Адамдар көсемсіген ғибраттан гөрі, тапқыр сөздердің астарында берілген кеңесті ынтамен тыңдайды. Еркін де өнегелі әңгімелеу өнері кейбіреуге басқа барлық же­ті өнерге* қарағанда көбірек пайдасын тигізеді.

/*«Жеті өнер» немесе «ғылым» - грамматикадан, риторикадан, диалектикадан, арифметикадан, геометриядан, астрономиядан және музыкадан тұрған. Пәндердің мұндай бөлінуі алтыншы ғасырда енгізіліп, Еуропа университеттерінде он бесінші ғасырға дейін сақталды/.

 

23. ӨЗІҢНІҢ ЕЛЕУСІЗ КЕМШІЛІГІҢЕ ДЕ ТӨЗБЕ. Бұл кемелдіктің белгісі. Рухани немесе дене кем­шіліктерінсіз адамдар сирек кездеседі, бірақ көбіміз осы кемшіліктер­ден арылу жолын іздемейміз. Қасиеттердің керемет үйлесуін кейде болма­шы кемістік бұзатынын көру ақылды адамды қапаландырады - бір тұтам бұлт та күнді қалқалай алады. Ізгі даңқ нұрындағы дақтарды адамдар бірден байқайды және табанды түрде оларды нысанаға ала бастайды. Өз кемшілігін жасырып, оны артықшылыққа айналдыра білу өнері ерекше баға­лы. Мысалы, Цезарь басының қасқасын лавр веногымен жасыру мақсатында Сенаттан венокты күнде киіп жүруге рұқсат алған; оған дейінгі дәстүр бойынша венокты тек салтанатты жағдайларда киетін еді.

 

24. ӨЗ ҚИЯЛЫҢДЫ ЕРКІҢДЕ ҰСТА. Керек кезінде тежей біл, ал қажет жерінде қамшы бас өйткені ол біздің бар шаттығымыздың ұясы; сананың өзі кейде оның жетегінде болады. Ол - тиран. Армандауды қанағат тұтпай, әрекетке араласады, біздің өмірімізге қожалық етеді, оны өз қалауы бойынша қуа­нышты не мұңды қылады: біздің өзімізге риза - риза емес екеніміз көбіне оған байланысты. Ол біреулерді уайым-қайғыға батырады, ал басқа­ларды ләззат пен рахатқа бөлейді. Оны жоғары синдересис* ауыздықтама­йынша, одан кез келген нәрсені күтуге болады.

/*синдересис - дұрыс интуициямен үйлесетін нәзік түсінік/.

 

25. КӨРЕГЕНГЕ МАДАҚ. Бұрындары ой жүгірту дағдысы бәрінен жоғары саналатын; енді бұл аздық етеді - қазір алдауды байқай білу, ең бастысы оны әшкерелей алу маңыз­ды. Алды-артын көре білмейтін адамды ақылды деп айту қиын. Көңіл түк­піріндегіні біліп қоятын сәуегейлер болады. Біз үшін ең маңызды шын­дықтар тек жартылай ғана айтылады, бірақ зерек түйсік оларды тұтасымен қабылдайды. Егер саған мархабат етсе, өз сеніміңнің шылбырын бос ұста, ал егер саған жаулық ниет көрсетсе, делбеңді қағып, айдай жөнел.

 

26. ӘРКІМНІҢ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАБА БІЛУ. Адамдарды басқару өнерінің мәнісі осы. Оған өжеттік емес, ысылғандық, адаммен тіл табыса алу дағдысы керек. Әр адамның өз құштарлығы бар және олар әртүрлі, өйткені олардың табиғи бейімділіктері бірдей емес. Барлық адамдардың өз ардақтысы болады: біреулер қадір-құрметті ұнатады, біреулер - пайданың құлы, ал көпшілігі рахатқа берілгенді қалайды. Мәселенің мәнісі кімнің нені ұнататынын білуде және осыған орай оның көңілін табуда. Алғашқы себепті ізде: ол әрқашан жоғары мәнге ие бола бермейді, өйткені пара­сатты кісілерден гөрі, әдепсіз адамдар көп. Кісінің үстінен аңдаусызда шығып, оның жанды жерін таба білу және шабуылды нақ сол құштарлығына қарай бағыттау керек, сонда өз дегенімен жүретін адамды да жеңіп шығасың.

 

27. БІРДЕН КӨП НӘРСЕГЕ ҰМТЫЛМАЙ, ТЕРЕҢГЕ БОЙЛАУ. Ұлылықтың мәні санда емес, сапада. Асыл нәрсе әрқашан сирек кездеседі; көп нәрсе қа­дірсіз болады. Адамдардың арасында да бойы биік алыптардың әдетте ақы­лы қысқа болып келеді, Кейбіреулер кітаптарды олардың көлеміне қарай бағалайды, кітаптың қолды жаттықтыру үшін емес, бастың ойлануы үшін жазылатынын ескермейді. Тек көлденеңіне қарай өссең, қарабайырлықтың ауқымынан шыға алмайсың. Әмбебап адамдардың соры сол, олар бәрінен ха­бардар болуға ұмтылатындықтан, түбінде ештеңені жөнді біліп шыға ал­майды. Тереңдік қана шынайы басымдық береді.

 

28. АРЗАНДЫҚТАН, КӨПШІЛІК ҚОЛДЫЛЫҚТАН САҚТАН. Әсіресе талғам жағынан. Оу, өзінің шығармалары көпшілікке ұнағанын білгенде қапаланған данышпан ғана ұлы*. Жаппай ма­дақтау ақылдының жүрегін айнытады. Хамелеондар ауамен қоректенетіні сияқты кейбір адамдар да тобырдың бас ұрғанынан ләззат алады, тобырдың жағымсыз иісі олар үшін Аполлонның саф демінен артық. Түсінік те осы сияқты: надандарды тамсандыратын немесе қорқытатын ғажайыптарға таңданба, тобыр ақымақ келеді, парасатты ойлау тек таңдаулылардың үлесі.

/*Бұл сөз Сенеканың «Луциллияға адамгершілік хаттар» деген еңбегінен алынған/.

 

29. ӘДІЛЕТТІ АДАМ. Ол үнемі еш қорқынышсыз әділдік жағында болады - тобырдың айғайы да, тиранның зорлығы да оны әділдік шеңберінен шығуға мәжбүр ете алмайды. Табандылықтың сол фениксі қайда екен? Шындыққа та­бынатындар аз. Көпшілік оны мадақтаумен ғана шектеледі, басқалар оны қауіп жоқ кезде ұстанады, ал жан алқымға келгенде оңбағандар одан тайқып шыға келеді; қу адамдар шындыққа адал болып көрінгісі келеді. Шын­дық достарға, билікке, өз пайдасына тайсалмай қарсы жүреді, осы сы­нақта көбіне оны сатып кетеді. Мекерлер жоғарғыдағылардың мүддесіне тимес үшін одан танады. Тек тура сөзді адам ғана әрбір жалғандықты са­тып кету деп бағалайды; қырағылыққа қарағанда, өзінің табандылығын мақтан ететін ол әрқашан шындықты ұстанады. Егер шындық өзінің соңынан ергендерді тастап кетсе, тұрақсыз ол емес, олар; өйткені олар одан бірінші болып безіп кетті.

 

30. ӨЗІҢДІ БОС ІСТЕРМЕН ӘУРЕЛЕМЕУ. Әсіресе бұл қылжақбастыққа қатысты, ол құрметтен гөрі, жек көру туғызады. Еркелік шіркеуінде секталар көп, бірақ өзін қадірлейтін адам олардың бәрінен бас тартады. Әдеттен тыстың да әуесқойлары бар, естілер қашатын нәрсенің бәрі оларды тартып тұрады; олар үшін ең жақсы рахат - өзге­лерге ұқсамау; рас, мұнымен олар танымал болады, бірақ құрметтің емес, күлкінің объектісіне айналады. Тіпті ілім дәрістерінде де шектен шықпаған жөн.

 

31. БАҚЫТТЫЛАР МЕН БАҚЫТСЫЗДАРДЫ ТАНИ БІЛ, АЛҒАШҚЫЛАРҒА ҮЙІР БОЛ, СОҢҒЫЛАРДАН АУЛАҚ ЖҮР. Жолы болмаушылық - көп жағдайда ақы­мақтық үшін берілетін жаза. Елеусіз бақытсыздыққа есігіңді ашудан сақтан, ол соңынан көптеген басқа, әлдеқайда ауыр бақытсыздықтарды ерте келеді. Ойындағы алғашқы ереже - картаны уақытында пайдалану: кіші күзер карта алдыңғы жолғы күзердің үлкен картасынан артық. Жол айқын болмаса, ақылды, сақ адамдардың жанында бол, ерте ме, кеш пе олар жол тауып шығады.

 

32. ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА БЕЙІМ АДАМ БОЛЫП КӨРІНУ. Билік ба­сындағыларға оларды қайырымды санаған тиімді: бұл монархтарды жұрт көзіне ұнамды етеді. Билеушінің жалғыз артықшылығы - ол басқа адамдарға қарағанда көбірек жақсылық жасай алады. Достасуға кім дайын болса, сол дос. Бірақ қитығып, жақсылық жасағысы келмейтін адамдар да кездеседі және олар мұны қолынан келмегендіктен емес, өздерінің өркеуделігінен солай етеді: олар ізгілерге бар тұрғыдан қайшы.

 

33. ЖАЛТАРА БІЛУ. Жал­тара білу дағдысы өмірдегі пайдалы ереженің бірі болғандықтан, өзіңнің істерің мен маңызды адамдардың пікірін керек жерінде қабыл алмау одан да маңыздырақ. Мағынасыз істер құнды уақытты жеп тауысатын күйе сияқты; бос нәрсемен айналысқаннан гөрі ештеңе істемеген жақсы. Ақылды еш­кімді жалықтырмайды, бірақ басқалар да сені жалықтырмайтындай күйді ұстану керек. Бәрінің бабын табуға тырысатын адамның өзіне уақыты қал­майды. Өзіңе, тіпті, достарыңды да үйір ете берме, ал олардан өзіңе бергеннен артықты талап етпе. Ынсапсыздықты ешкім ұнатпайды, әсіресе бұл адамдар арасындағы араласуға қатысты. Қанағат етушілік достық пен құрметті сақтайды, өйткені сыпайылылық шегінде болады. Сонымен, сүйік­тіңді сүйсең де, рух еркіндігін сақта және қарым-қатынаста жақсы талғамға қарсы күнә жасама.

 

34. ӨЗІҢНІҢ БАСТЫ ҚАСИЕТІҢДІ БІЛ: өз қабілет­теріңнің озығын дамыт, бірақ қалғанын да ұмытпа. Әркім өз артықшылықтарын жетік білсе, өмірде биік белестерге шыға алар еді. Өзіңнің басты дарыныңды анықтап, ықылас қой; біреулерде ақыл, біреулерде - күш-қай­рат басым. Адамдардың көбі өз қабілеттеріне мән бермейтіндіктен, көп нәрседен құр қалады. Жеңіл табыс уақытша масайратады, бірақ бұл уақыт өте келе өкінішке ауысады.

 

35. ӨЗ ПІКІРІҢ БОЛСЫН. Әсіресе бұл маңызды істерде керек. Ақымақтар ойланбайтындығынан опық жейді, істің жартысын да түсінбейтін, не зиянды, не пайданы көре білмейтін олар ойдағыдай қимылдай алмайды; олар елеусіз істерге көп мән береді және бәрін керісінше бағалайды. Көбі ақылы жоқтықтан да оны жоғалтпайды. Тереңге бой­лап, көңіл түкпірінде сақталуы тиіс нәрселер бар. Ақылды адамның әр нәрсеге өз пікірі болады, бірақ терең, жоғары мағынасы бар жайға ол ерекше бойлап енеді, өйткені онда өзі ойлағаннан көп сырға кездесетінін біледі. Ойлану осылай алғашқы пікірден әрі озады.

 

36. ӨЗ БАҚ-ТАЛА­ЙЫҢДЫ СЫНА - бірдеңеге қол жеткізу үшін әрекет ет. Бұл рух салмақтылығын сақтағаннан маңыздырақ. Қырықтан асқан соң денсаулық туралы Гип­пократқа жалбарыну* ақымақтық болатыны сияқты, ақылды болу үшін Сенекаға жалбарыну одан да қисынсыз. Өз бақ-талайыңды қисынды басқару - ұлы өнер, дегенмен өз талайының қашан туатынын ешкім де білмейді. Жұлдыз­дың оңынан туғанын байқаған заматта батыл қимылда; ол батылдарды, және, арулар сияқты, жастарды ұнатады. Жолы болмайтынға талаптанып та керегі жоқ, ол үшін дұрысы шегінген, әйтпесе бақытсыздығын екі еселеп алуы мүмкін. Ал бақыт құсы қонғандар, тек алға!

/*Рим императоры Тиберийдің пікірі/.

 

37. ҚҰПИЯ ЖЕБЕЛЕРДІ АТУ ЖӘНЕ ТОЙТАРУ - қатынаса білудің нәзік шеберліктерінің бірі. Құпия жебелер арқылы ой-ниет тексеріледі, көңіл түкпірі жасырын әрі терең зерттеледі. Бұл жебелер кейде қауіпті, опат етуі де мүмкін, күншілдік уытымен суарылған, құштарлық уына малынған осынау көрінбес найзағайлар күтпеген жерден жасындай жалт ете қалады. Тобырдың өсегі мен жекелеген адамдардың арам ниеттерінен құрылған небір қастандықтар жағдайын шайқалтпаған қаншама адамдар болмашы сөзден масқараға ұшырап, халық құрметінен айрылды. Кейде жебелер, керісінше, пайда әкеледі, ізгі даңқты нығайтады. Білім ғана олардан сенімді қорғайды, ал күнібұрын күткен соққы онша қауіпті емес.

 

38. ТАБЫСТЫ ОЙЫНДЫ УАҚЫТЫНДА ДОҒАРУ. Тәжіри­белі ойыншылардың ережесі. Лайықты шегіне білу батыл шабуылдағандай маңызды; қол жеткен нәрсе жеткілікті болғанда тоқтай біл. Үнемі жолы болғыштық әрқашан күдік тудырады; алма-кезек келу сенімдірек, қышқыл-тәтті тек тәттіге қарағанда дұрыстау. Бірінен соң бірі келген сәт­тіліктен кейін қайғыға тап болуың ғажап емес. Кейде бақ-талай құсы аз уақытқа қонғанмен, молынан қонады. Сол сияқты, жолы болғышқа үнемі кездесе беру бақытты да жалықтырады.

 

39. ГҮЛДЕНІП, ТОЛЫСҚАН НӘРСЕНІ ІЗДЕУ. Табиғаттың бар құбылысы белгілі бір кезеңде толысу шағына жете­ді: оған дейін олар пісіп, жетіледі, соңынан  бұзылады. Бірақ өнер шығармаларының мүлтіксіз болуы сирек кездеседі, оларды әрқашан одан әрі жетілдіруге болады. Жақсы талғамның артықшылығы - тек мүлтіксіз заттардан ләззат алу қабілеті; бұл қасиет екінің бірінде кездеспейді. Ақылдың да өзінің жоғары дәрежелі толысуы болады; оны тани біл, сөйтіп өзіңді дамыт.

 

40. ХАЛЫҚ СҮЙІСПЕНШІЛІГІ. Жаппай сұқтануды тудыру оңай емес, ал сүйіспеншілік сезімін ояту одан да қиын; бұл ішінара тағдырдың арқасында, көбіне тырысудың нәтижесінде орындалады; алғашқысы бастап береді, екіншісі жалғастырады. Бойдағы қасиеттердің құр өзі жеткіліксіз, кейбіреу құрметке қол жеткізген соң сүйіспеншілікке бөле­ну қиын емес деп ойлайды. Жұрт қастерлесін десең, ізгі істер жаса, жақсы сөздер мен істерге сараңдық жасама, сүйікті болғың келсе, сен де сүй. Сыпайылық - озық адамдардың дуалы әдісі. Әуелі әрекет ет, соңынан қолыңа қалам алсаң да болады, ұрыс майданынан қағаз бетіне көш. Өйткені жазушылар да халықтың сүйіктілері, көбісі мәңгілік сүйікті.

 

41. ШАМАДАН ТЫС МАСАТТАНБАУ. Жағдайды бұрмалап, ақымақ болып көрінгің кел­месе шамадан тыс көтермелеме. Асыра мақтау түсінік пен талғамның шек­теулі екенінің белгісі. Мақтау әуесқойлық тудырады, тілекті қоздырады, ал егер шындық сенің бағаңнан төмен болып шықса - әдетте осылай болады - алданған көңіл алданғаны үшін жек көріп өш алады: ол мақталған нәр­сеге де, мақтаған адамға да бағытталады. Ақылды адам ұстамды болады, ол ысырапшылдықтан гөрі сараңдық жолын ұстанады. Қадірлі нәрсе сирек кездеседі: сүйінішің зор болса да, сабырлы бол. Шектен тыс таңырқау жалған болып та көрінеді; адамдар сенің талғамың мен ақылыңа сенуден қалады, бұл өзіңе де ұнай қоймас.            

 

42. ТУА БІТКЕН ӨКТЕМШІЛІК ТУРАЛЫ. Бұл - мысы басудың құпия көздерінің бірі. Жорта істелген қулықтар мұн­да жүрмейді. Оған өз еркінен тыс барлығы да бағынады, тіпті мұны олар сезбей де қалады, сөйтіп табиғи әміршінің құпия күшін мойындайды. Әмір беру дарынын иеленген олар қасиеті жағынан корольдер, туу құқы жағынан арыстандар; олар тағзым етуден тілі байланып қалғандардың жүрегін бау­рап алады. Егер басқа қасиеттері қолайынан келгенде, бұл адамдар мем­лекеттік істердің бірінші жүргізушілері болады, өйткені бір ишараты­мен-ақ басқалардың ұзақ сөздеріне қарағанда көп нәрсеге қол жеткізеді.

 

43. ОЙЫҢ АЗШЫЛЫҚПЕН, СӨЗІҢ КӨПШІЛІКПЕН БОЛСЫН. Ағысқа қарсы жүзу ниеті қауіпті. Тек Сократ қана осыған бара алды. Келіспеушілік қорлаған си­яқты болады, өйткені басқалардың пікірін теріске шығарады, наразылар­дың қатары өседі, олардың бірі сен сынаған нәрсені мақтайды, екіншісі мақтағандарды қолдайды. Ақиқат тек аздаған адамдардың үлесі, ал адасу кең таралған. Дана адамды алаңдағы сөзіне қарап тани алмайсың - ол он­да өз даусымен емес, іштей келіспесе де ақымақтардың үнімен сөйлейді. Ақылды өзі айтысуы да қарсы болу да ұнамсыз: ол басқаның пікірін ынта қойып тыңдайды. Ой еркін, оны зорлауға болмайды. Ол одан да үнсіздік ордасында болсын, ал жарыққа шыға қалса тек таңдаулы ақылдыларға кел­сін.

 

44. ҰЛЫ ҚАЙРАТКЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ БІР-БІРІНЕ КӨҢІЛІ АУУ. Қаhарманға қаhарманмен жақындасу тән; осы бір жұмбақ та керемет қасиет - табиғат ғажаптарының бірі. Көңіл мен мінездің бұл туыстығын ақылы шолақ надан­дар сиқырдың күші деп бағалайды. Көңілі ауу құрметтеуден басталады, одан әрі жақсы көрушілік, соңынан  әбден берілушілік келеді. Ол сөз­сіз сендіреді және еңбек сіңірмей-ақ баурап алады. Көңілі ауу әдетте шынайы және аяушылық түрінде болады; екеуі де биік рухты рахатқа бөлейді. Оны танып, жаулап алу оңай шаруа емес, ал осынау тылсым бейім­ділік жоқ жерде ешқандай табандылық көмектеспейді.

 

45. КӨЗДЕГЕН ЕСЕП­ТІҢ БОЛУЫ, БІРАҚ ОНЫ ТЕРІС ПАЙДАЛАНБАУ. Ішіңдегі ойыңды байқатпа; ние­тің көңіл түкпірінде жатсын, оны білдіріп қойсаң жек көру туғызасың, әсіресе бұл астарлы есепке қатысты. Айнала алдау, сондықтан қапы қал­ма, бірақ күмәніңді сездірме, әйтпесе саған сезікпен қарайтын болады; бұл қауіпті, өйткені жаулық ниет тудыра отырып, ол, түсіңе де кірмеген зұлымдықты қоздырады. Шеберлікпен ойластырылған есеп - әрекеттегі та­быс кепілі; ойлану - оның үздік көмекшісі. Істегі жоғарғы шеберлікке толық сенімділік қол жеткізеді.

 

46. ӨЗ ЖИРЕНІШІҢДІ БАСУ. Біз жек көру сезіміне, озық қасиеттерін көре тұрсақ та, жеңіл берілеміз. Бұл табиғи дөрекі бейімділік кейде көрнекті қайраткерлерге де тән. Мінездің бұл ерекшелігін естілік ауыздықтасын - жақсыны жақтырмаудан өткен масқара­лық жоқ; жақсыны ұнату қаншалықты мақтарлық болса, оны жек көру сонша­лықты ұят нәрсе.

 

47. МІНДЕТТЕМЕ АЛУҒА АСЫҚПАУ. Естіліктің алғашқы ережелерінің бірі. Ұлы қабілеттер алға тек ұлы мақсаттар қояды; оларға апарар жол ұзақ, сондықтан да адамдар көбіне орта жолда қалып қояды, басты нәрсені тым кеш қолға алады. Міндеттемені абыроймен орындаған­нан, одан жалтару әлдеқайда жеңіл. Бұл жерде жеңгеннен гөрі қашқан дұрыс. Бір міндеттеме екіншісін, одан үлкенін ала келеді, міне адам осылай түпкілікті шырмалады. Қызу мінезді адамдар болады, ондайлар өзіне міндеттемені жеңіл қабылдайды, өзін ақылға жеңдірген көп елік­пейді. Ол жеңгеннен гөрі килікпегенді жөн санайды және бір ақымақ орға түскен жерде екінші болғысы келмейді.

 

48. АДАМ НЕҒҰРЛЫМ ТЕРЕҢ БОЛСА, СОҒҰРЛЫМ ТҰЛҒАСЫ БИІК. Әрқашан іштегі нәрсе сырттағыдан көп болуы тиіс. Қаржы жетпегендіктен салынып бітпеген үй сияқты адамдар бар: кіреберісі - сарай, іші - лашық. Мұндай жерге аялдауға үміттенбе, олар­мен мандытып әңгімелесе алмайсың: сөз кездескен   кездегі сәлемнен арыға бармайды. Рас, олар алғаш бір-біріне қошемет сөз айтып, сицилия арғы­мақтарындай шабады, бірақ көп көсіле алмайды, ой жоқ жерде сөз тез бітеді. Олар аңғал адамдарды жеңіл баурап алады, бірақ тереңге үңіле білетін адам олардың бастары, әлгі дана мысалда айтылғандай, бос* еке­нін байқайды.

/*Эзоптың мысалдарынан/.

 

49. ПАРАСАТТЫ ЖӘНЕ БАЙҚАҒЫШ АДАМ. Ол жағдайға бағынбай­ды, қайта оларды уысында ұстайды. Көңілдің терең түкпіріндегіні жаза баспай таниды. Адамды бір қарағаннан бағалай алады. Оның ескертулері дөп түсіп жатады, ең құпия ойларды білу қабілеті дамыған. Ол айқын көреді, терең түсінеді, ақылға қонымды ой жүгіртеді; ол барлығын байқай­ды, қамтиды, таниды және бағалайды.

 

50. ӨЗІҢДІ ӘРҚАШАН ҚҰРМЕТТЕЙ БІЛУ. Мұны оңаша кезіңде де сақта. Өз ұятың сенің ақтығыңның өлшемі болсын және өз шешіміңнің қаталдығы басқалардың пікірінен маңыздырақ. Адам­дардың сөзінен қорқып жөнсіз нәрсе істеме, өз ақылыңның даусына құлақ сал. Өзіңді сыйлай біл, сонда саған Сенеканың қиялындағы ұстаз* керек болмайды.

/*Сенека, Адамгершілік хаттар/.

 

51. ТАҢДАЙ БІЛЕТІН АДАМ. Өмірде көп нәрсе талғамдылыққа бай­ланысты, ол үшін жақсы талғам мен дұрыс ойлау керек - ыждағаттылық пен қулық мұнда жүрмейді. Іріктеу жоқ жерде мүлтіксіздік те жоқ, жақсыны іріктей алу дағдысы артықшылық береді. Дарыны тасыған, ақылы асқан әрі өте еңбексүйгіш адамдар іс іріктеп алуға келгенде аңтарылып қалады: әдейі қателескендей ең нашарына жармасады. Сонымен, бұл туа бітетін ұлы қабілеттердің бірі.

 

52. ЕШҚАШАН КҮЙГЕЛЕКТЕНБЕУ. Естіліктің маңызды ережесі - өзіңді ұстай білу. Үлкен сабырлылық үлкен жүрекке тән, ұлы рухты байсалды қалыптан шығару оңай емес. Құштарлықтар - рухтың гуморлары*; олардың шамадан тыс көбеюі ақылды ауруға ұшыратады, ал бұл ауыз­дан шығатын болса, ізгі атқа қауіп төнді дей бер. Сонымен, бақытты кезде де, бақытсыздықта да сені ұстамсыз деп жазғырмас үшін өзіңе-өзің ие бол - сонда өзгелер сенің рухыңның биіктігіне таңырқайтын болады.

/*Ежелгі және орта ғасырдағы медицинаның негізінде Гиппократ тұжырымдаған төрт гумор, немесе сөл - қан, флегма, ашық өт және қара өт туралы ілім жатты, адамның денсаулығы мен оның темпараменті олардың ара салмағына байланысты/.

 

53. БАТЫЛДЫҚ ПЕН ПАРАСАТТЫЛЫҚ. Парасат көп толғанатын нәрсені батылдық әп-сәтте шешіп тастайды. Асығыстық - ақымақтың ісі; кедергіні көре білмейтін қарайламай қимылдайды. Ақылды, керісінше, баяулықпен титықтатады: көп көрген салмақты келеді. Ұзақ жиналудың жақсы ойды сәтсіз­дікке ұшырататын кезі аз емес. Шапшаңдық - табыс кепілі. Бүгінгі істі ертеңге қалдырма, сонда көп нәрсені бітіресің. Император Августың сүйікті мәтелінде  айтылғандай - асықпай тездет.

 

54. ӨЖЕТ БОЛУ. Өлі арыстаннан қоян да қорықпайды, айбынмен қалжыңдаспайды:* батылың жетпесе бір рет шегінесің, одан кейін екінші рет шегінуге тура келеді, осылай кете береді: ақыр соңында алдыңнан сол кедергі шығады - одан да мәселені бірден шешкен дұрыс емес пе еді? Рух күші дене қайратынан басым; семсер сияқты, оны әрқашан естілік қынында дайын ұста. Ол - адамның қалқаны. Рух ынжықтығы дене әлсіздігінен зияндырақ. Көптеген қасиеттері бар қаншама адам­дар батылсыздықтан өлікке ұқсап күй кешті. Табиғаттың араға тәтті бал­мен қатар шағып алар азу беруі тегін емес. Сіңір, сүйек және толған тамырдан жаралған тал бойымыздағы рух өрлігі түспесін.

/*Испанның ”махаббатпен ойнамайды” мәтелінің өзгертіліп айтылуы/.

 

55. КҮТЕ БІЛЕ­ТІН АДАМ. Ол үлкен ерлік пен шыдамдылыққа ие болуы тиіс. Ешқашан асықпа және қызуланба. Өзіңді билесең - өзгелерді билейсің. Қолайлы сәтке уақыттың ұзақ жолымен келуге тура келеді. Сен сабырмен қимылдаған уақыт ішінде болашақ сәттіліктер мен құпия ойлар пісіп-жетіледі. Герку­лестің кісендеулі күрзісінен гөрі уақыт балдағымен алысқа жетесің. Құдай таяқпен емес, өкіндіру арқылы жазалайды. Бір данышпан айтқандай: “Уақыт пен мен - кез келген жауды жеңіп шығамыз”*. Бақыттың өзі шыдам­дылықты өзінің ең тәуір сыйларымен марапаттайды.

/* Император Карл V айтты делінетін сөз/.

 

56. ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУДАҒЫ ШАПШАҢДЫҚ. Табиғи еті тіріліктің нәтижесі. Жылдам да өжет ол үшін қиындық та, қобалжу да сөз емес. Бір адамдар көп ойланғанмен, қолға алған ісін бүлдіріп тынады; кейбіреу мұны ұзақ ойланбастан сәтті аяқтап шығады. Ақыл құрылымы ерекше адамдар бар, қиындық кезінде олар бәрінен жақсы қимылдайды. Мұндай бірегей кісілер ойланып жасағаннан гөрі, қызулықпен кіріскенде көп нәрсеге қол жеткізеді; бірден бітпеген істен болашақта үміт күтпейді. Шапшаңдардың өркені өссін, олар кере­меттей ғажаптықпен бәріне үлгереді - ақылға да жылдам, іске де тыңғы­лықты.

 

57. ЖАҚСЫЛАП ОЙЛАНЫП АЛАТЫНДАР. Тез істелген тез бұзылады; ұзаққа жетсін десең көп еңбектен. Тек мүлтіксіз нәрсе ғана қуаныш әкеледі, тек сәтті жасалған нәрсе ғана қалады. Терең ой уақыт сынынан өтеді. Барлық құнды нәрсе қымбатқа түседі - асыл металдардың балқуы қиын, салмағы да ауыр.

 

58. ҰСТАМДЫ БОЛУ. Әсіреқызылдыққа ұмтылма, қажет­тіден артық күш жұмсама. Құр бекерге тыраштануға болмайды. Тәжірибелі құсбегі саятқа керектіден артық сұңқар алмайды. Бойыңдағы барыңды жайып салма - ертең ешкімді таңдандыра алмайсың. Қайтадан көзге түсу үшін, әрқашан бірдеңені бүгіп қал: күн сайын жаңа нәрсе көрсететін адамнан көп үміт күтеді әрі ешқашан оның қазынасының шетіне шыға ал­майды.

 

59. ЖҰЛДЫЗЫ ОҢЫНАН ТУАТЫН АДАМ. Бақыт қуанышына шаттық қақпасы арқылы кірген қайғы есігінен шығады - және керісінше. Сондықтан істің ақырын ойлан, әдемі кірудің емес, бақытты шығудың қамын же. Дабы­ра-даңғойлықпен басталған іс сәтсіздікпен аяқталады. Мәселенің мәнісі сол, кіру кезіндегі жұр

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға