Жаңалықтар

АҒЫБАЙ БАТЫР

АҒЫБАЙ БАТЫР, Ш ұ б ы р т п а л ы А ғ ы б а й (1802, Ұлытау өңірі — 1885, Балқаш көлінің жағасы, Тасарал қамалы) — Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылығына қарсы көтеріліс басшыларының бірі, қолбасшы.
28.08.2014 13:21 13519

АҒЫБАЙ БАТЫР

АҒЫБАЙ БАТЫР, Ш ұ б ы р т п а л ы А ғ ы б а й (1802, Ұлытау өңірі — 1885, Балқаш көлінің жағасы, Тасарал қамалы) — Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылығына қарсы көтеріліс басшыларының бірі, қолбасшы. Жорықта жолы болғыштығы үшін “Ақжолтай батыр” атанған. Сарбаздары Абылай есімімен қатар А.б-ды да ұранға айналдырған. 13 жасынан қолына қару алып, 1824 ж. Қарқаралы аймағында Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтеріліске белсене араласты. А. б. бастаған қол 1826 — 49 ж. аралығында Ресей әскерлерімен бетпе-бет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берген. Ресей империясының Қазақстандағы тірек-орталықтары — Қарқаралы, Ақтау, Ақмола, Екатеринин бекіністеріне шабуыл жасап, патша әскерлерін Ырғыз, Тобыл өз-дері бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында тас-талқан етіп жеңген. Қырғыз манабы Орманға қарсы соғыстарда ерекше ерлік көрсеткен. 1847 ж. Кенесары ханның Кекілік тауындағы қырғыздармен айқасында Наурызбай батырмен бірге дұшпан шебін бұзып өткен. Кенесары өлгеннен кейін де Ресей өктемдігіне қарсылығын тоқтатпай, Сыздық төре қолы құрамында соғыс жүргізген. Кейінірек, 1849 жылға дейін Ресей өкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуылдар жасаған. Өмірінің соңғы кезеңінде егіншілікпен, балық аулаумен айналысқан. Дүниеден қайтқан соң Ресей үкімет оның мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кешеніне жерлеуге рұқсат етпей, Сарыарқа мен Бетпақдаланың шектескен Тайатқан-Шұнақ деген жерінде жерленген.

Кенесарының бас батыры А. б-дың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің шығармаларына арқау болған. 1914 ж. Есім төренің көмегімен Ә. Бөкейханов Қазан қ-нан “Қызыл қайнар Тектұрмас” деген кітабын шығарды. С. Сейфуллин “Ақжолтай батыр” деген роман жазған.

Әдеб.: А х м е т с ұ л т а н К е н е с а р ы ұ л ы, Кенесары және Сыздық сұлтандар, А., 1992.

Т.Рсаев

АҒЫБАЙ БАТЫР КЕСЕНЕСІ — 19 ғ-дан сақталған сәулет өнері ескерткіші. 19 ғ-дың 80-жылдарында Бетпақдаланың солт.-шығысындағы Шұнақ-Тайатқан тауының маңайында, Босаға өз-нің аңғарында тұрғызылған. Шаршы түріндегі (8,80х8,58 м), бір бөлмелі күмбезді ғимарат. Сыртқы бұрыштары қосар мұнаралармен өрнектеліп, күмбезі өріліп шығарылып, ілкіде ұшар басына Ағыбай батырдың самаурыны қойылған. Кіретін бөлігі жеңіл ағашпен айван үлгісінде жабылып, оңт. жағынан шығарылған. Бөлменің ішкі бұрыштарындағы ширек бағаналар күмбез шеңберімен бірігіп кеткен. Бөлменің төменгі жағы ақ түсті, жоғарғы жағы сарғыш түсті әкпен әктелген. Кесене ішінде 12 мәйіт бар. Ағыбай батырдың сағанасы бөлменің түкпірінде солт.-батыс бұрыштан екінші орында жатыр.

Е.Бәйтенов

“АҒЫБАЙ БАТЫР” — тарихи жыр. Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан белгілі батыр. Ағыбай Қоңырбайұлының (1802 — 85) ерлік істерін баяндайды. Жырдың екі нұсқасы сақталған. Қарағандылық жыршы Тәужи Айнатасов жинаған “А.б.” жырында Кенесарының түрікмен елінен бір тұлпар әкеп беру туралы өтінішін орындауға аттанған А.б-дың сапар кезіндегі ерліктері баяндалады. Нұсқа толық емес, он бір буынды, қара өлеңмен жазылған. Жыр оқиға желісі, құрылысы, суреттеу тәсілі жағынан өте қызғылықты. Романтик. сарын басым. Ақын, халық ауыз әдебиетін жинаушы Нұрғали Бейсеновтен 1949 ж. жазып алған “А.б.” жырының 2-нұсқасы көркемдігі мен мазмұны жағынан құндырақ. Ағыбай нақтылы өмірде Ресей отаршыларына қарсы күрес жүргізсе, жырда қалмақпен соғысып, ерлік көрсетеді, даңқы бүкіл елге жайылған қолбасшы атанады. Бұл жыр да он бір буынды қара өлеңмен жазылған. Батыр ерлігі тарихи жыр шеңберінен асып, ертегі сарынымен бейнеленген, осы арқылы жырдың тарихи-әлеум. идеясы айқын байқалады. Ағыбай батырдың елін сыртқы жаудан қорғау жолындағы ерлік істері туралы осындай мазмұндағы басқа нұсқалар ҚР ҒА Орталық ғылыми кітапханасында және М.О.Әуезов атынд. Әдебиет және өнер ин-тының қолжазбалар орталығында сақтаулы. “А.б.” жырының Т.Айнатасов жинаған нұсқасы “Ақжолтай Ағыбай батыр” жинағында (Жезқазған, 1992) жарияланған.

С Қорабай

АҒЫЛШЫН-АУҒАН СОҒЫСЫ (1838-1842, 1878-1880, 1919) — Англияның Ауғанстанда жүргізген отарлау соғыстары. Бірінші А.-а.с-ы 1838 ж. 30 мың ағылшын әскерінің Ауғанстанға басып кіруімен басталды. Ауғанстан қорғанысқа 15 мың әскер шығарды. 1839 ж. ағылшындар Қандағарды, Ғазниді және Кабулды басып алды. 1841 ж. Кабулда көтеріліс басталып ағылшын әскерлері 1842 ж. ауған жерінен кетуге мәжбүр болды. 1878 ж. 2-А.-а.с-ы басталды. Күшінің басымдығын пайдаланып, ағылшындар 1879 ж. 8-қаңтарда Қандағарды басып алды. Ауған әмірі Якуб-хан Англиямен 1879 ж. 26-мамырда жасаған келісім бойынша Ауғанстан дербес сыртқы саясат жүргізу құқынан айырылды, ағылшын елшісі ауған үкіметінің ішкі істеріне де араласуға мүмкіндік алды, Қандағар, Құррам, Сиби мен Пишин Англияның иелігіне берілді. Бұл әділетсіз келісім Кабулде халық көтерілісін туғызды. Кабулдегі ағылшындарды көтерілісшілердің 100 мыңдық әскері қоршап алды. 1880 ж. 27-шілдеде Майвандтағы (Қандағар маңында) шайқаста ағылшындар жеңіліске ұшырады. 1880 ж. Әбдірахман әмірмен жасалған жаңа келісім бойынша Қандағар Ауғанстанға қайтарылды. Ауғанстан ішкі саясатын жүргізудегі дербестігін сақтап қалды, ағылшын әскерлері ауған елінен шығарылды. 1893 ж. 12-қарашада Әбдірахман әмір мен М. Дюранд 1869 — 1873 ж. Англия мен Ресей арасында жасалған, орыс-ауған шекарасын белгілеген келісім-шартты бекітіп, Ауғанстан мен Үндістандағы ағылшын иеліктерінің арасындағы шекараны қайта қарап, ауғандар (пуштун) орналасқан үлкен территорияны Ауғанстаннан бөліп тастады. “Дюранд сызығы” деп аталған осы шекараны ауған ресми топтары мойындамай, оны Ауғанстанның Пәкстанмен емес, Пуштунстанмен шекарасы деп санады. 1919 ж. Аманулла хан Ауғанстанның тәуелсіздігін жариялады. Ауғанстанның тәуелсіздігін мойындаудан бас тартқан Англия 3-А.-а.с-н бастады (1919 ж. 3.05). Ағылшындардың жақсы қаруланған 340 мыңдық әскеріне қарсы ауған үкіметі 40 мыңдық әскер шығарды. Ауған әскерлері Хайбер, Вазиристан және Қандағар бағыттарында қорғаныс ұрыстарын жүргізді. Вазиристанда ағылшындарға қарсы халық көтерілісі басталды. Тап осы кезде Үндістанда да толқулар күшейді де ағылшындар соғыс қимылдарын тоқтатуға мәжбүр болды. 1919 ж. 8-тамыздағы бітім шарты бойынша (1921 ж. 22-қарашада Кабулда бекітіліп, күшіне енді) Англия Ауғанстанның тәуелсіздігін мойындады, Ауғанстан мен ағылшын иеліктері арасындағы шекара “Дюранд сызығы” арқылы өтетін болды.

Г.Көкебаева

"Қазақстан энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға