Ақтық байлау
Ақтық байлау – бағзыдан келе жатқан сан алуан сенім наным мен дүниетанымдық ұстанымдардан туындаған ғұрыптық рәсім. Қалыптасқан үрдіс бойынша, А. көбінесе киелі деп танылған жерлерге, иенде дара өскен ағашқа, арасан, бұлақ басындағы тал, терек пен бұталарға байланған. А. б. арқылы әулие-әмбиелерден, ата-бабалар аруағынан тілек тілеген, яғни біреулер ұрпақ тілеп, бала сұраса, енді екіншісі ауруына шипа, көмек сұраған. А. ақ көңіл, ақ тілек, амандыққа, адалдық, жолына арналып тағылатындықтан, оны байлаған кезде «А, құдайым, ақ жүрек, ақ тілегімен жалбарынамын, артын, жолын таза сақтай гөр!» деп тілейді. А.-ты байлау рәсімін көбіне әйел адамдар атқарды.
Арасан басындағы ақтық байланған ағаштар ҚР МОМ экспедиция материалдарынан
Қазақта тіршілік цикліне қатысты рәсім, жоралғыларда А. мынадай жағдайда, яғни сүндеттелетін баланың қоржынына, атына, «атқа мiнгізу» рәсімінде бала мінген аттың жал-құйрығына; жаңа көтерген отау үйдің шаңырағына; жаңа түскен келіннің қайын аталарының үйіне алғаш рет есік көріп енгенде есікке байланады. Тіршіліктің барлық саласында А. б.-дың алатын орны бар және ол қатаң сақталатын рәсімдер қатарына жатады: жаңадан айғыр таңдап қойғанда жалына А. байлайды, бәйгеге түсетін құнан, жүйріктің жал- құйрығына, жарысқа түсетін балуан қолына, пішілген (ақталанған) аттың құйрығына, мал пішкен пішпешінің қолының сағасына деген сияқты. Көктемде алғаш ақ молайған кезде сүт сауатын шелектің құлағына, қымыздың сабасына ақ шүберектен А. байлау міндетті рәсім болып табылады. Қазақы ортада ас тағам мәдениеті мен осыған қатысты түрлі ғұрып-жоралғылар бойынша, ақ тағамды басқа жаққа апару, сыйлау дәм алмасу ғұрыптарында ақ тағамды құйып әкелген ыдыстың (торсық, сүйретпе, саба) құлағына ақтық байлап жібереді (толығырақ қ. Ақ тағам).
Шопан ата жерасты мешітіндегі ақтық байланған бағана.
Маңғыстау облысы. ҚР МОМ экспедиция материалдарынан
Киелі бұлақ, арасан басына келушілер дұға оқып, тiлек тiлеп матаға түйiп ақша байлайтын дәстүр кейбір өңірлерде әлі де болса кездеседі. Ақшаның аз, көп болуы шарт емес, тек тiлек, ниет түзу болса болғаны деп санайды. Байланған ақтықтарды жолы түскен кез келген адам «Тiлегiң қабыл болсын!» деп дұға оқып А.-тан алынған тиын-тебендi алады. Бірақ, оны терiс iс-әрекетке, жағымсыз жайларға, арақ-шарапқа жұмсауға болмайды. Жерік әйел қақпанға түскен, атып алынған аң мен құстың немесе ауға түскен балықтың етін, әлде белгілі бір мүшесін жеп жерігін қандырам десе, аңшының мылтығына, қақпанына, балықшы қармағына, т.б. құрал-саймандарына А. байлауы тиіс. Мұндайда А. ақ шүберекке (матаға) түйілген дәм, ақша, жоралғысын беруі шарт. Және кәдімгі жіпті ширатып байласа да болады. Егер, қару-жараққа, құрал-сайманға А. байланбаса, онда иесі оларды «аптауға» мәжбүр болады (қ. Аптау). Бақсы ойыны басталар бұрын зікір салғанда қолына алатын құрал сайманның (балта, күрек, қамшы және т.б.) мойынын ақ жіптен А. байлайды (қ. Бақсы).
Сонымен қатар, бала сүндеттеген, мал пішкен, ауру жарадан айықтырған оташы, сынықшы адамға көлемі үлкен бұл берілді. «Қолыңыз жеңіл болсын!» деген тілекпен мал пішкен адамның қолының сағасына әлгі бұлды байлайды.
Әдеб.: Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы туралы этнографиялық очерк. Алматы: Ғылым, 1969; Қажыбайұлы С. Қазақ болсаң керей бол. Өлгий, 2002; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
Ақтық 2 – қайтыс болған жақын туған жанашырға немесе би, төрелер беретін мал. Ертеде А.-қа атан түйе, жылқыға шамасы жетпегендер көбінесе қой атаған. Ешкі, сиыр бермейді. Қойды қазаға байланысты науқанға атап береді. Ауқаты аздар болса мата берумен шектеледі. А. пен негізгі атауы аза малы деп аталады (толығырақ қ. Аза малы). Өйткені, бұл рәсім өзінің түп төркіні жағынан аза малы рәсіміне мейлінше сәйкес.
Әдеб.: Гродеков Н.И. Киргизы и каракиргизы Сырьдаринской об- ласти. Юридический быть. Том 1. Ташкент, 1889.
Құрбандық жылқысының бас сүйегіне ақтық байлау. Benko M. Nomadic life in Central Asia. Budapest: Timp, 1998 атты еңбектен
Ақтық 3 – інгенін қайытқаны үшін немесе биесіне шаптырғаны үшін бураның және айғырдың иесіне жасырын берілетін кәде. Оның құны көп болмайды. Бұл – айғырдың немесе бураның иесіне көрсетілген құрмет.
ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
Ақтық 4 – тыңшылық жасап, өсек-аяң жеткізгені, біреуді сүріндіру, ұтыстыру үшін немесе жағымсыз жасырын қызметі үшін берілетін А. Алайда, ел арасындағы осы жаман әдетке ертеден тыйым салынған. Анықталғандар айып төлеген. А. берушілер де қатал жазаға ұшыраған.
Әдеб.: Гродеков Н.И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской обл. Т.1. Юридический быт. Ташкент, 1889; Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк. Алматы: Ғылым, 1969; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»