Ақтауда әскери дабыл қағылды
Олардың негізгі мақсаты – жеке құрамның дағдарыстық жағдайлардың туындау мүмкіндігіне жедел ден қою дайындығы мен қабілетін нақты бағалау.
Бас штаб бастығының комиссиясы Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығының жай-күйіне кенеттен тексеру жүргізді, деп хабарлайды EL.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру тұрғысынан әскерлерге күтпеген жерден тексеру жүргізу тәжірибесінің маңызы зор.
Олардың негізгі мақсаты – жеке құрамның дағдарыстық жағдайлардың туындау мүмкіндігіне жедел ден қою дайындығы мен қабілетін нақты бағалау.
Тексеру шараларына «Батыс» өңірлік қолбасшылығының материалдық-техникалық қамтамасыз ету әскери бөлімінен үш жүзге тарта адам және жүздің үстінде қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды. Бөлімшенің жеке құрамы дабыл беріле сала көтеріліп, бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіру шаралары өткізілді. Әскери қызметшілер тұрақты орналасу пунктінен «Оймаша» оқу-жаттығу полигонына жауынгерлік техникамен отыз шақырымдық марш жасап, онда атыс даярлығын орындап, тактикалық-арнайы тапсырмаларды пысықтауға кірісті.
Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін айқындаудың ең пәрменді және объективті тәсілдерінің бірі – кенеттен тексеру. Бұл әскери қызметшілерді оқытудың тиімді түрі. Сонымен қатар әскерлердегі ахуалдың нақты қандай екенін көруге мүмкіндік береді. Мұндай іс-шаралар материалдық-техникалық құралдардың жай-күйін анықтау, әскерлерді жедел өрістету жағдайында олардың жеткіліктілігі мен қажеттілігін білу және оларды қолдану маңызды, – деп атап өтті комиссия төрағасы полковник Дәурен Абдуллин.
Ақтау гарнизонының әскери бөлімдеріндегі тексеріс бір аптаға созылмақ. Қауырт тексерістің қорытындысын Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов шығарады.
