Жаңалықтар

Ақтауда «САБАНТОЙ» мерекесі өтті

Ақтауда  «САБАНТОЙ» мерекесі өтті
17.06.2018 11:14 1859

17 маусым күні облыстық «Салават» Башқұрт этномәдени бірлестігі башқұрт халқының төл мерекесі «Сабантой» мерекесін ұйымдастырды. Сабантой – егін жинау науқанынан кейін тойланатын мереке. «Бірақ, бұл Сабантой – бәрімізге ортақ достық пен бірлік мерекесі», - деді «Салават» Башқұрт ЭМБ төрайымы Гузалия Будченко.

Ақтау қаласы «Ақбота» саябағында өткен мейрамға тұрғындар көп келді. Олар мерекелік концерт пен түркі халықтарының ұлттық ойындарын тамашалады. Тігілген ақ қанатты ақбоз үйге бас сұққан қонақтар жайылған ақ дастарханнан дәм татты.

Аталған іс-шараға ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Г. Исмурзина, облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры А. Джайлханова және облыстағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, облыс тұрғындары қатысты. ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Г. Исмурзина қала халқын мерекемен құттықтап, сабантойдың тарихына тоқталды. Шақырылған қонақтардың барлығы бір-бірін мерекемен құттықтап, дәстүр бойынша арнайы ұсынған чак-чактан ауыз тиді. Шара барысында ән айтылып, түрлі халықтардың биі көрерменге тарту етілді. Ақтау қаласы шеберлерінің қолынан шыққан  бұйымдардан қаз-қатар тізілген жәрмеңке қонақтар назарына ұсынылды.

Іс-шара аясында спорттық ойындар ұйымдастырылды. Солардың бірі – күрес. Жеңдерін түріп, мықтымын деген 20-дан аса білекті бақ сынасты. Сонымен бірге арқан тартыс, биіктікке шығу деген сияқты түрлі спорттық және кішкентай балаларға арналған ойындар өткізіліп, бәріне бірдей сыйлықтар үлестірілді. Күрестің жеңізпазы сабантойдың дәстүрі бойынша бір қойды арқалап кетті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға