Жаңалықтар

Ақтөбеде кластерлік медицина құру жобасы талқыланды

Медицина мәселесі
26.09.2016 11:48 2951

Бүгін Ақтөбе қаласында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің «Кластерлік медицина, мемлекеттік-жекенменшік серіктестік. Халықаралық байланыстарды жетілдіру. Аймақтық денсаулық сақтау саласының күн тәртібіндегі жаңа мәселелері» форумы өтті. 

Ақтөбеде кластерлік медицина құру жобасы талқыланды

Жиынға алыс-жақын шетелдердегі медициналық ұйым басшылары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Дүниежүзілік банк өкілдері қатысты.

Форумда сөз сөйлеген ҚР ДСӘДМ Жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың аясында денсаулық сақтау жүйесі инфрақұрылымын дамыту мен жақсарту бойынша жұмыс әрі қарай жалғасатынын атап айтты.

Ақтөбеде кластерлік медицина құру жобасы талқыланды

«Аймақтардағы және медициналық көмек көрсетудің әртүрлі деңгейлеріндегі денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын дамытудың бірегей перспективалық жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмдерін қолдану арқылы денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымдарын әрі қарай жетілдіру қарастырылған. 100 нақты қадам - Ұлт жоспарының аясында жеке медицинаны дамыту, корпоративтік басқаруды енгізу, мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру мәселелері де қарастырылып отыр. Денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен оларды қайта құруға жеке инвестицияларды тарту – ел тұрғындары өмірінің сапасын арттыруға көмектеседі», - деді ол.

Ақтөбеде кластерлік медицина құру жобасы талқыланды

Халықаралық шара Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Жолдауда денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламалары жалғасатыны атап көрсетілгені белгілі. 

Форум аясында Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстары тұрғындарын жоғарғы сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында 2016-2020 жылдарға арналған Ақтөбе агломерациясындағы аймақтық медициналық кластерді құру тұжырымдамасы таныстырылды.

Бұл мақсатта облыстық клиникалық ауруханада, облыстық балалар клиникалық ауруханасында, облыстық консультативті- диагностикалық орталықта және М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медициналық университетінің негізінде 813 адамға арналған «Aktobe medical center» көпсалалы аурухананы құру жоспарланып отыр. Оның құрамына акушерлік-гинекологиялық, педиатрлік, кардиологиялық, хирургиялық, онкологиялық, зертханалық және оңалту орталықтары кіретін болады.

Үздік медициналық технологияларды трансферттеуді қамтамасыз ету мақсатында әлемдік деңгейдегі емханалармен серіктестік туралы келісімдер жасалды. Оның ішінде Gangnam Severance Hospital (Оңтүстік Корея), Hemogens Health Care (Түркия), Сент-Луис қ.Университеті (АҚШ) бар.

Ақтөбеде кластерлік медицина құру жобасы талқыланды

Шара барысында «Синчеон Северанс» (Сеул қ.., Оңтүстік Корея) госпиталінің директоры Ли Бен Сок Қазақстанмен заманауи медициналық технологияларды трансферттеу саласындағы ынтымақтастық тәжірибесімен бөлісті. «Turkuaz» түрік компаниясының өкілі Абдрахман Кавунджу «Мемлекетаралық деңгейдегі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік» жобасымен таныстырды. Ол жоба шеңберінде жедел медициналық көмек көрсету қызметін жаңғырту аясында ортақ жұмыс ұйымдастыруды ұсынды. Ресейлік «Феникс» компаниясы тобының жетекшісі Евгений Фридман форум қатысушыларын «Emergency Department» жедел медициналық көмек стационарлық бөлімін құру тәжірибесімен таныстырды.

Форум соңында Аймақтық медициналық кластерді құру тұжырымдамасын жүзеге асру бойынша Ақтөбе облысы мен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі арасындағы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.


Мақаланы әзірлеген Тұмар АСЫЛ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға