Жаңалықтар

Ақтөбеде 6 суқойма салынады

Ақтөбеде 6 суқойма салынады
25.06.2022 04:05 2716

Ақтөбе облысының тұрғындары Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевпен кездесу барысында өздерін толғандыратын бірқатар экологиялық проблемаларды айтты, деп хабарлайды EL.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген министр Ақтөбе облысы негізгі ластану көздері тау-кен металлургия кәсіпорындары, сондай-ақ химия және мұнай өндіру саласы кәсіпорындары болып табылатын еліміздің ең ластанған өңірлерінің бестігіне кіретінін атап өтті.

Егер өткен жылы республика бойынша ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 2,4 млн тоннаны құраса, Ақтөбе облысының үлесіне 174 мың тонна келеді, бұл 2020 жылғы деңгейден 4%-ға төмен (180 мың тонна). Төмендеуге табиғат қорғау іс-шараларын іске асыру есебінен қол жеткізілді. Мәселен, 2021 жылы өңірдің табиғат пайдаланушыларының экологиялық жағдайын жақсартуға шамамен 20 млрд.теңге инвестицияланды, бұл 2020 жылғы деңгейден 32%-ға артық (15 млрд теңге).

Өңірдің экологиялық мәселелерін талдау атмосфералық ауаның ластануы бойынша Ақтөбе және Хромтау қалалары, ал су ресурстарының ластануы бойынша Елек өзені мен Шалқар көлі көш бастап тұрғанын көрсетті. Қалдықтарды басқару жүйесі бойынша да мәселелер бар.

Сонымен қатар, министрлік өңірлердің экологиялық проблемаларын шешу бойынша жол карталарын әзірлеп, іске асырып жатыр. Ақтөбе облысының жол картасында 33 іс-шара қарастырылған. Бүгінгі күні әкімдікпен 3 аудан орталығында (Мәртөк, Қобда, Қарауылкелді) полигондар салу жұмыстары аяқталды, коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарын паспорттау бойынша жұмыстар жүргізілді.

Кәсіпорындардың белсенді қатысуын атап өткен жөн. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты осы жылдың соңына дейін электр сүзгілерін жаңғыртуды жоспарлап отыр. Бұл ластаушы заттардың шығарындыларын 2 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Биылғы жылы балқыту цехтарында 67 аспирациялық қондырғы ауыстырылды, бұл қатты ластағыш заттардың шығарындыларын 320 тоннадан 107 тоннаға дейін, газ тәріздес қалдықтарды 4 есеге 1124 тоннадан 321 тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Республикалық бюджет есебінен Шалқар көлін тазарту жұмыстары басталды (жалпы құны 3,1 млрд теңге.). Жұмыстың 45%-ы орындалды. Шығарылатын төменгі тұнбаның көлемі 3,0 млн м3 құрайды, 963 мың м3 тазартылды. Көлді тазарту судың сапасын арттыруға, Шалқар қаласының халқын шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау сапасын жақсартуға және жалпы Арал өңірінің экологиясын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында 6 ірі су қоймасын (Достық, Темір, Жамбыл, Көктерек, Жаман-Қарғалы және Әлия) салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жобалық құжаттаманы әзірлеу жүргізілуде.

Министрлік алдағы жылдары (2023-2024) Жем өзенінің арнасын тазарту, Ойыл өзенін сауықтыру, Елек, Қарғалы және Жіңішке өзендері арнасын тазарту, түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде жоғарыда аталған жобаларды іске асыру үшін Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім берілд, - деп атап өтті С.Брекешев.

Сондай-ақ, қалдықтармен жұмыс істеу, орман екпелерін отырғызу, балық шаруашылығын дамыту және т.б. мәселелер қозғалды.

Іс-шара барысында ведомство басшысы жұртшылық сауалдарына жауап беріп, қатысушыларға алғысын білдірді.

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында министр бірқатар өндірістік нысандарды аралап, азаматтарды жеке қабылдап, БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға