Жаңалықтар

Ақтөбе-Лаэти немесе Құттыкент: XIII-XIV ғасырлардағы көне қалашық туралы жаңа жинақ оқырманға жол тартты

Ақтөбе-Лаэти немесе Құттыкент: XIII-XIV ғасырлардағы көне қалашық туралы жаңа жинақ оқырманға жол тартты
19.04.2019 00:00 4179

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының институты мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен аталмыш жоғарғы оқу орнында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына арналған дөңгелек үстел өтті.

Оның барысында қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша әлемдік үздік ғылыми басылымдар талқыланды.

Шараға Атырау мұнай және газ университеті, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының оқытушылары, студенттер, магистранттар, ҚХА ғылыми-сарапшылық топ мүшелері мен Атырау облысы бойынша ҚХА өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығының далалық зерттеу материалдарының жаңа жинағының тұсаукесері өтті.

Оның авторы мен құрастырушысы – «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің мүшесі Лев Гузиков.

Қазіргі уақытта Ақтөбе-Лаэти қонысы Атырау қаласының маңындағы «Жұлдыз-3» шағын ауданынан бірнеше жүз метр қашықтықта орналасқан және жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіштердің қатарында.

Орындалған жұмыстардың көлемі бойынша 1979 жылғы қазба жұмыстары үлкен болды. Табылған заттардың арасында: моншақтар, сақиналар, білезіктер, амулеттер, керамикалық ыдыс-аяқтар, сүйек кескіш шеберханасы қызметінің көптеген іздері сайрап жатыр. Сонымен қатар қола құю өндірісінің көптеген қалдықтары табылған. Кейбір бөлмелерде пештер жақсы сақталған.

Ақтөбе-Лаэти қалашығының республикалық маңызы бар тарихи ескерткішіне арналған далалық зерттеулер жинағы – профессор, белгілі тарихшы Вячеслав Афанасьевтің көп жылғы зерттеулері мен мұнай өлкесін зерттеу қорытындыларынан шыққан еңбектердің бірі.

46 парақтан тұратын кітапшаға қызықты зерттеулер, ҚазССР Ғылым Академиясы ұсынған мұрағаттық құжаттардың жарияланымдары, сондай-ақ В. Афанасьев пен Гурьев археологиялық отряды Ақтөбе-Лаэти қонысынан тапқан олжалардың суреттері топтастырылған.

Жинақтың авторы Лев Гузиков кітапша оқырмандардың кең ауқымына арналғанын, студенттер мен оқушылар үшін өлкетану және тарих сабақтарында Тарихи жолсілтегіш құрал ретінде пайдасы зор екенін атап өтті.

Ал, жинақтың демеушісі А. Кораблев оны мемлекеттік тілге аударуға ұсыныс білдіріп, Атырау мемлекеттік университетінің кітапханасына 40 дана кітапшаны сыйға тарту етті.

Естеріңізге сала кетейік, Атырау маңында  ХІІІ-ХІV ғасырларға жатқызылып жүрген Ақтөбе-Лаэти көне қалашығында қайта зерттеу жұмыстары осыдан екі жыл бұрын қайта қарқынды жүргізіле бастаған еді.

Көлемі 200×80 метр болатын қалашықтың мәдени қабаты жақсы сақталғанын аңғару қиын емес.

Ол Каспий теңізінің астында көп уақыт болғандықтан кейінгі қазбалармен бұзылмай жақсы қалпында сақталып қалғаны анықталып отыр. Тек бір өкініштісі, ХХ ғасырдың басында адам баласы салған қара жолдармен, малдардың ізімен, бақша салумен айналысудың нәтижесінде біртіндеп бұзыла бастаған.

15–60 см тереңдікке дейін бойлайтын мәдени қабаттан мал сүйектерін, керамика фрагменттері мен жерлеу орындарын, қыш ыдыстарының сынықтарын, металл қорытпаларының қалдықтарын, моншақтар мен жазуы өшіріліп қалған мыс тиындарды аңғару қиын емес.

Зерттеу нәтижелерінің қорытындысына сәйкес, ескі шахарда түрлі метал өңдейтін ұстаханалар, шыны пен зергерлік бұйымдар жасайтын шеберханалардың да іздері табылған. Яғни, бұл жерде қолөнершілер қалашығы болған деген сөз.

Тарихшылар бұл жерді бір мыңға жуық адам мекендеген деген болжам айтуда.

Осының барлығына қарай отырып Ұлы дала ұрпақтары көшпенділік қана емес, мәдениетпен, қолөнермен де мықтап айналысқанын ауыз толтырып айтуға әбден болады.

Қала орнынан табылған түрлі зергерлік бұйымдар мен алтын, күміс монеталарға қарап, хан ордалы Сарайшықта 7 хан патшалық құрғанын, олардың әрқайсысы өз ақшаларын шығарғанын ескерсек, ақша шығаратын сарай дәл осы «Ақтөбе-Лаэтиде» болғанын түсіну қиын емес.

Мамандардың айтуынша, бір кездері дұрыс көңіл бөлінбегендіктен болар, көне қалашықтың біраз бөлігінің үстіне үйлер тұрғызылып, 4 ғасырға жуық уақыт тұрған қаланың орнында бүгінгі таңда көмкерілген топырақтың ғана ізін көруге болады.

Ақтөбе-Лаэти қаласының осы күнге дейін неге дұрыс сақталмай, жойылып кеткен деген сұраққа мамандар бірнеше пікір білдіруде. Оның бірі Ақсақ Темірдің 1396 жылы ескі шахарды жаулап алуымен байланыстырылса, екіншісі Каспий теңізі суларының көтеріліп, айналаны басып кетуімен деп болжау айтылады. Демек, Ақтөбе-Лаэти бүгінгі Атырау қаласының аумағында орналасып, ХV ғасырда қала қиратылған немесе жойылған деуге негіз бар.

Ал көне шахар неге «Ақтөбе-Лаэти» аталып кеткен деген сұраққа еуропалық жиһанкездер картаға сызғанда солай жазылып кеткен деген пікір көп айтылып жүр.

Ал тарихшы ғалым Лев Галкин 1977 жылы «Археологические открытия 1977 года» атты еңбегінде Алтын Орда қалашығын Пицигани картасына сүйеніп, «Лаэти» қаласы деп атаған болатын деген ақпарат бар. Өлкетанушы «Лаэти» түркі тіліндегі «Лай» немесе «Лайланған» деген сөздермен түсіндіруге тырысады. Бұл мекеннің қасынан ағатын Жайық сағасының су тасқыны кезінде судың лайлануымен және жаз соңында судың аз мөлшерінде тағы да лайлануымен байланысты болса керек деген пікірлер жоқ емес.

Ал енді біреулер көне тиындардағы жазуда шаһардың аты «Құттыкент» болғаны көрсетілген деп те айтып жүр.

Тарихи ескерткіштің тағы бір ерекшелігі оның қабырғаларының жер бетінен анық байқалатын кварталдар түрінде орналасуы.

Ақтөбе-Лаэти көне қалашығы толығымен қолөнер кешені болғандықтан оның тарихи-ғылыми құндылығы аса жоғары. Осы уақытқа дейін жүргізіліп келген қазба жұмыстары қаланың пайда болу тарихы, тұрғындарының этникалық еркешелігі туралы мол ақпарат береді. Табылған материалдар көне қалашықтың Орта Азиядан Еділ бойына Сарайшық қаласы арқылы өтетін ескі керуен жолының бойында орналасқанын дәлелдей түскендей.  

Бүгінгі таңда қалашық арнайы қоршауланып, күзет те қойылыпты. Зерттеу жұмыстары толығымен аяқталысымен, Ақтөбе қорғаны толық қалпына келтіріліп, келешекте осы жерде аспан асты музей-қорығын тұрғызу туралы да жоспарлар жоқ емес.

Аталмыш археологиялық экспедиция алдағы уақытта Елбасының тапсырмасына сай рухани құндылықтардың маңыздылығын өсіріп, өлкетануға қатысты жүйелі зерттеулерді іс жүзіне асырып, өлкенің көне заман тарихына қазба жұмыстарын жүргізу арқылы нақты тұжырымдар жасай білу үшін музей мамандарына зор тәжірибе алмасудың таптырмас құралы ретінде қызмет етпек.  

Айтпақшы, биыл Атырау облысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын орындау мақсатында үйлестіру орталығы құрылды. Жобалық кеңсе бағдарламаның «Туған жер», «Киелі жерлер географиясы», «100 жаңа есім» бағыттарын іске асырумен айналысатын болады. Орталық құрамына мемлекеттік органдар, мәдениет, білім салаларының өкілдері еніп отыр.

Қорыта келгенде, тарихымызды зерделеп, ой өзегінен өткізіп, оны келер ұрпаққа аманат етуге бағытталған Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы төңірегінде атқарылар жұмыстардан халық зор үміт күтеді.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға