Жаңалықтар

Ақтөбе ҚХА «Асар» айында Хромтау ауданында бір күндік іс-шараға қатысты

Ақтөбе ҚХА «Асар» айында Хромтау ауданында бір күндік іс-шараға қатысты
30.04.2019 00:00 3481

Ақтөбе ҚХА делегациясы Хромтау ауданына іс-сапармен барды.

1 – мамыр Қазақстан халқы бірлігінің мерекесі қарсаңында Ақтөбе облысының Қазақстан халқы ассамблеясы «Мейірімділікпен бірлікке» атты республикалық қайырымдылық жобасы аясында және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын орындау мақсатында қойнауы қазынаға толы Хромтау ауданында бірқатар іс-шаралар өткізді. 

Облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов бастаған делегацияның құрамына «Ақтөбе облысы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Бақытгүл Снабаева, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚХА жанындағы Аналар кеңесі мен «Бірлік» ақсақалдар кеңесі, «Қоғамдық келісім» КММ сарапшылары, ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының аймақтық штабының жастары енді.  

Іс-сапардың негізгі мақсаты Ұлы даланың дәстүріне негізделген қайырымдылық іс-шарасын халыққа түсіндіру, ҚХА және аймақтың ЭМБ-нің қызметімен егжей-тегжейлі танысу, ел арасында қазақ халқының «Асар»  салт-дәстүрін кеңінен насихаттау, «Асар» қайырымдылық акциясын өткізу, сондай-ақ қоғамдағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту еді.

«Қонақ келсе құт кіреді» дегендей, Хромтау ауданы Ақтөбе облысының Ассамблея өкілдерін ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Алдымен қазақтың ұлттық бауырсағы мен айранынан дәм татқан делегация құрамына «Бір шаңырақ» астында деп ұйымдастырылған әр ұлт өкілдерінің дайындаған коцерттік бағдарлама көрсетілді.

Іс-шараның бағдарламасы аясында ашық аспан астындағы бейбітшіліктің нышаны ретінде ақ көгершін құсы ұшырылды. Хромтау қаласындағы отбасы үлгідегі балалар үйінің ауласында «Асар» салт-дәстүріне арналған тал отырғызылды.    

Аудан әкімшілігі атынан Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Метгүл Қосымбаева делегацияны Хромтаудағы алдыңғы қатарлы 6 мектеп-гимназиясымен таныстырды. Сонымен қатар Отбасы үлгідегі балалар үйінің тыныс-тіршілігімен танысқан делегация өкілдері балалардың спорт пен өнер саласында жеткен жетістіктерін көріп тәнті болды және өз ризашылықтарын білдірді. Делегацияның жұмысы Хромтау қаласындағы Тау-кен техникалық колледжінде жалғасты. Оқу ордасымен танысу ең алдымен студенттердің білім алатын оқыту кабинеттерінен басталды. Бүгінде тек сұраныс бойынша қажетті мамандарды дайындап шығаратын колледж студенттеріне жүз пайыз жұмыспен қамтамасыз ету қарастырылған. Мұнда студенттердің теория жүзінде алған білімдерін тәжірибеде іске асыру үшін жер асты шахтасы орналасқан.

Қазіргі таңда тау-кен саласындағы онға жуық мамандық бойынша мамандарды даярлайтын оқу орны облыстағы үздік білім ордаларының қатарында.

Артынша делегация құрамы кездесу өткізді. Атап айтқанда, Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы толеранттық мәселелермен шұғылданатын Аналар кеңесінің мүшелері «Ата-ана алтын тұғырың» тақырыбында аудандық Аналар кеңесі мүшелерімен кеңейтілген отырыс өткізді. Дөңгелек үстел барысында қазақ қоғамындағы әйел затының рөлі мен отбасының ұйытқысы болған аналардың мәртебесі туралы сөз болды. Облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері болашақ ұлтты тәрбиелейтін қыздардың тұрыс-жүрісі жайында өз ойларымен бөлісті. Әңгіме барысында өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие берудің басты бағыттары айқындалды, олар: отбасылық құндылықтарды сақтау, мәдениет пен дәстүрлерді өзара байыту арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, сондай-ақ қыз балалармен жұмыс жасаудың неғұрлым икемді және тиімді әдістері анықталды. Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің кураторы Рауза Сергалина қыз балаларды, келіндерді, аяулы аналар қауымын отбасының шаңырағын шайқалтпауға, сол үйдің түтінін түзу ұшырып, берекесі болуға, өзара татулықта және басты байлықтары - ата-аналарын сыйлауға үндеді.

Хромтау Тау-кен техникалық колледжінің концерт залында «Ақтөбелік 100 жаңа есім жеңімпаздарының сара жолы мен жетістіктері» атты студенттермен кездесу өтті. Онда егемен елімізде жүзеге асырылып келе жатқан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы түсіндірілді. 

Сонымен қатар «Жаңғыру жолы» РЖҚ өңірлік штабының ұйымдастыруымен «Ақтөбе жаңғыру жолында» тақырыбында аудан жастарымен кездесу өтті. Облыс ҚХА жанындағы қозғалыс штабының мүшелері аудан жастарын Жастар жылына арналған іс-шараларды жүзеге асыру бойынша жұмыстарға белсенді қатысуға үндеді.

Бір күнге созылған Хромтау ауданындағы «Асар» салт-дәстүріне арналған іс-шара соңында Хромтау Тау-кен техникалық колледжінің акт залында аудан тұрғындарының назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Концертте Ақтөбе өңірлік «Славяне» орталығы көрермендерді өз өнерлерімен тәнті етті. Ал «Ақтөбе облысының корей ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің «Чхинсон» халықтық ансамблі ұлттық билерімен сахнаның сәнін келтірді. Мерекелік бағдарламаның соңында Хромтау ауданы әкімдігі қонақтарға алғыс хат табыстап, алдағы атқарылар жұмыстарына сәттілік тілеп, келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігінің мерекесімен құттықтады.

«Мейірімділікпен бірлікке» ұранымен Хромтау ауданындағы «Асар» салт-дәстүріне арналған іс-шара -  кең байтақ Қазақстанды мекен еткен түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің өзара татулығы мен берік достығының бүгінгі көрінісі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қазыналы Хромтау халқына «Асар» салт-дәстүрі кеңінен насихатталды. Қашанда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын халқымыздың көпшілдігі, бауырмалдығы арқасында бүгінде елімізде жүзден аса ұлт өкілдері бақытты күн кешіп жатыр. Қандай жағдай болса да, жұдырықтай жұмылып, көмекке даяр тұратын қазақ халқының бұл салт-дәстүрі – «Асар» әр кез жомарттық пен мейірімділіктің белгісі болып қала бермек.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға