Аңшы
Аңшы – көшпелі ортада аң аулауды кәсіп еткен адам. Ал, қазақы ортада ерекше қадірлі кәсіптердің бірі болды. Осы туралы ДУГ-де төмендегідей сипаттама келтіріледі: «қазақтар аң аулағанды айрықша қызық көріп, аң аулаған мезгілінде әрбір жігіт өзінің батырлығын көрсетеді. Бұл себептен бұрынғы заманда қазақтар аңды күн көру үшін ауламаушы еді. Мұның мәнісі осы уақыттардың әдет рәсімінен байқалады. Көбінесе, аңға шыққанда аңшының қасында қаншама кісілер болады». Аңшылық кәсіптің әртүрлі аңдар мен құстардың ерекшеліктеріне және жергілікті аймақтың табиғи ландшафттық рельефіне, сондай-ақ, флора мен фаунаның құрылымдық сипатына байланысты тәсілдері де сан алуан болды. Ұрпақаралық- этникалық тәжірибенің құрамдас саласы болып табылатын аңшылықтың сан қырлы тәсілдері әкеден балаға беріліп отырды. Бұл үрдіс А.-ның кәсіби тұлға ретінде қалыптасуының басты шарты болды.
Аңшы. Суретші В.Горбатов. 1990 ж. ҚР МОМ қорынан (КП 26424)
Аңшылықтың тәжірибесін ату мен аулау сияқты «таза» техникалық әдістермен шектеуге болмайды. Сонымен қатар, кәнігі А. болу үшін оған халықтық білімнің барлық саласынан – метрология, метерология, ветеринария және т.б. хабардар болуға тиіс. Деректерде атақты А.-лардың А. ретінде ғана емес, аталмыш халықтық білімнің салаларын меңгерген тұлға екендігі айтылады.
Аңшы киімі мен жабдықтары – аңшының саятқа немесе аңға шыққанда киетін арнайы киімі мен қолданатын құрал-жабдықтары (аксессуар) болды. Аңшының киімі қозғалысқа ыңғайлы, әрі ықшам болуы тиіс. Қыстық киім негізінен – саптама етік, қыстық тымақ, жылы ішік, жарғақ шалбар. Ықшам киінген А. киімінің етегін шалбарланып алады, ал, кіселі белдігін киімнің ту сыртынан буып тағынады. Тау, тастан таймас үшін өкшесінде нәлі немесе тақасы бар етік киеді. Ал, жаяу А. аяққа шақай немесе сүйектен сойшаңғы тағып алады. Аяздың бәсең кездерінде үстіне сырмалы шапан немесе шекпен, аяғына былғары етік, басына күләпара болмаса малақай кейде бөрік киеді.
Аңшы саятқа шығарда өзімен бірге беліне байланған кісеге қынға салынған пышақ, жемқалта (құнарқалта, нәрқалта деп те атайды), оқшантай, дәрі-дәрмек, шақпақ, қу, шыжым бау, белқанжыға тағады. Сонымен бірге, қолында аң соғатын дойыр қамшы, інге кіріп кеткен аңға бұрау салатын таяқ, аң олжасын қанжығаға байлайтын шәңгек ала шығады. Шоқпар, сойылды қажеттілікке қарай алуы мүмкін. Сонарға шыққан аңшылар, көбінесе, арнайы дайындықпен «артынып-тартынып», кішігірім көш тәрізді топ болып жүрді (қ. Сонар; Салбурын).
Саятта тазыға арналған жүрек жалғар ет және тамақ салып жүретін көлемі үлкендеу жемқалта А.-ның жанынан тастамайтын ең басты атрибуттардың қатарына жатады. Әлбетте, ұшқыр, әрі ұзақ жүріске төзімді ат таңдап алады. Ердің айылын төстей тартады. Саятшыға қарағанда, бірде өрлеп, бірде құлдилап, сай-сала қуалап көп жүретін болғандықтан, аттың ер-тұрманы тұрақты болуына қатты көңіл бөлінеді. Осыған байланысты ер-тұрманға қосымша айыл тартылады. Бүркітші саятқа шыққанда ең қажетті құрал-сайман және жабдықпен қоса, бүркіттің аяғының қанын тоқтататын бұлғарының еті деп аталатын бұлғарының ішкі бетіндегі ұлпасын бірге алады (саятшылықта, әсіресе, ірі жыртқыш аңға түскен бүркіттің жаралануы – жиі болып тұратын жайт). Аязды күндері бүркіт құндағы, тазыны орайтын жамылғы, кешке тоңғанда киетін дақы, мұйығын ердің қанжығасына байлап бөктеріп алады.
Әдеб.: Қазақтардың аң аулауы // ДУГ. 1895. №№2-3; Карутц Р. Среди киргизов и туркмен на Мангышлаке. СПб., 1911; Чернов М. По Джетысуйской области // ТО. 1925; Юсупов М. Табиғат тағлымы. Алматы: Қайнар, 1986; Казахи. Историко-этнографические исследование (коллектив авторов). Алматы: Казахстан, 1995.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»