Жаңалықтар

Ақсүйектер

Ақсүйек 1 – хандық дәуірдегі қазақ қоғамында айрықша құқықтар мен ерекше артықшылықтарға ие болған таңдаулы әулет өкілдері, әлеуметтік жік, төрелер, қожалар мен сейіттер.
26.08.2014 03:13 41655

Ақсүйектер – хандық дәуірдегі қазақ қоғамында айрықша құқықтар мен ерекше артықшылықтарға ие болған таңдаулы әулет өкілдері, әлеуметтік жік, төрелер, қожалар мен сейіттер.

Ақсүйектер

Ақсүйектер. Сүйік сұлтанның отбасы. Atkinson T.W. Oriental and Western Siberia: a Narrative of Seven jears exploration and adventures in Siberia, Mongolia, the Kirghiz steppes, Chinese Tartary and part of Central Asia.

London, 1858 атты еңбектен

Дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы бір-біріне қарама-қарсы, бірінен бірінің экономикалық жағынан гөрі, саяси және құқықтық жағынан айырмасы бар екі түрлі әлеуметтік топқа – А. мен қарасүйектерге бөлінген. А. рулық қауым өкілдеріне жатпаған, яғни қарасүйек – қараша халықтан оқшау тұрған. Қазақ қоғамында А.-ке Шыңғысхан әулетінен өрбіген төрелер, соңдай-ақ Мұхаммед  пайғамбардың ең жақын серіктері төрт халифтен тараған қожалар мен пайғамбардың қызы Фатима мен күйеу баласы Әзірет Әлінің ұрпақтарына сейіттер жатады.

Шыңғысхан әулетінен тараған төрелердің қайсы бірі мирасқорлық ұстаным бойынша хан, сұлтан маңсабына ие болып, елді, өлке, аймақты билейді. Саяси күш пен биліктін тұтқасын ұстады. Шыңғыс әулетіне жататын кез келген ұрпақ (бала) мал басының, дүниемүлкінің көп-аздығына қарамастан мұраға қалған барлық құқықтарға ие болды. Ал, әйел жағына төрелермен болған некелік туыстық күйеуге немесе одан туған балаға (төре жиендеріне) мұрагерлік құқық немесе артықшылық берілмеген, яғни олар қарасүйек ретінде хан тағына үміткер болмаған. Шыңғысхан нәсілінен тараған кез келген төре тұқымы хан, сұлтан болуға құқығы болды. Төрелердің бірыңғай таңбасы «тарақ», ұраны «арқар» болды. Қоғамның басқа мүшелерінен сұлтандардың тағы бір артықшылығы – оларға дүре соғылмайды және билер сотына бағынбады. Шыңғыс нәсілінің жазасын тек аға сұлтан немесе ханның өзі ғана бере алатын. Этникалық нормалар бойынша қарадан шыққандарға олардың атын атауға болмайды, тек «тақсыр» деп қана тіл қатады. Сұлтанмен бетпе-бет келіп қалған қара халық өкілі аттан түсіп, бір тізесін бүге сәлем беретін болған. Сұлтан оның иығына қолын салып тұрып «Мал-жан аман ба?» – деп амандасады. Киіз үй ішіне де осы тәртіп сақталған.

Сұлтан мәртебесінің тағы бір белгісі – той-томалақ салтанатты жиындарда ақсүйектер тек ақ киіз үстіне отырды. Сұлтандардың бәрі ақ тыспен қапталған қара түлкіден бас киім киетін. Елдің әлеуметтік-экономикалық құрылысы мен жағдаятарына сұлтандар көп кірісе алмады. Бірақ, мемлекеттік билік жергілікті аймақтық басқару ұлыстық-иелік басқару ісіне араласуға, әскери дипломатиялық іске қатысуға саяси құқығы болды. Қазақ арасында ақсүйек өкілдері Шыңғыс хан заманынан қалыптаса бастаған деген пікір  басым.  Оларды қара халық төре деп атаған. Біздің ойымызша, бұл атаудың түптөркіні моңғол тіліндегі билік деген мағына беретін көшпелілердің үй кеңістігіндегі ең қасиетті, әрі әлеуметтік мәнді мәртебелі «төр» ұғымынан бастау алатыны сияқты (мұндай пікір Қ.Халиди еңбегінде де айтылады) (толығырақ қ. Төре; Сұлтан). Яғни «төр» ұғымы – «төре» ұғымының онтологиялық негізі (орайы келгеннен соң айта кетейік, төр ұғымы моңғол тілінде билік деген мағынаны білдіреді). Хандық билік ыдыраған соң, шамамен ХIХ ғ. алғашқы жартысынан бастап төрелер қарасүйекпен теңесе бастады, ел ішінде бұрынғы лауазымы мен статусынан айырылған төрелерді «қараман» деп атады (толығырақ қ. Қараман).

Тарихшы Т.И.Сұлтановтың пайымдауынша, ХІV ғ.-да Жошы және Шағатай ұлыстарында ислам ресми түрде мемлекеттік дінге айналғаннан кейін Шыңғыс әулетін «текті тұқым» деп таныған  қожалар  мен  сейіттер де А.-ке жатқызылды. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың қызы Фатима мен Әзірет Әліден (Әлиден) (656-662 жылдары билеген) тараған ұрпақтар сейіттер, әйелдер сеида (әміршім) деп аталған. Сейіттер мұсылман қоғамындағы әлеуметтік иерархияда оқшау бір жікті құрап, ежелден айрықша құрметке бөленіп, көптеген артықшылықтарды пайдаланып отырған. Мұсылмандар ұғымында сейіттер көбіне әулиелермен теңестіріледі. Олар мұсылмандықтың діни идеяларын таратушылар деп есептеліп, өлім жазасына бұйырылмайтын. Сейіттердің әлеуметтік қауқарының күштілігі соншалықты, олар, тіпті, мұсылман билеушілеріне шындықты айтып, кейде тіпті олардың мінін бетіне басып отырған.

Сейіттер әртүрлі әлеуметтік жіктерден қыз алғанымен, өз қыздарын басқаларға бере бермеген. Өйткені сейіт қызынан туған бала, ата-тегіне қарамай, Мұхаммед пайғамбар әулеті сейіттердің барлық құқығы мен артықшылығына ие болып отырған. Сейіт болу құрметі қымбат бағаланғаны, олардың өз  қатарына өзгені жолатпауға  тырысқаны  соңшалық,  ХVIII–ХIХ ғ. тіпті Шыңғыс тұқымына жатпайтын Түркістан билеушілерінің кейбірі өз ұрпақтарының дәрежелері мен құрметті теңеулеріне «сейіт» деген жоғары атақты қосу үшін Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар әулетінен зорлықпен қыз алып отырған деп жазады тарихшы Т.И.Сұлтанов.

Қожалар кейбір жорамал бойынша, Мұхаммед пайғамбардың ең жақын серіктері, төрт әулие халифтің (Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли) оның Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың қызы Фатимадан туған балаларынан басқа) ұрпақтары деп саналатын адамдарға берілген. Тағы бір болжамда олар ортаазиялық қосөзен Әмудария мен Сырдария аралығы (Мәуереннахр) мен Оңтүстік Қазақстанды жаулап алған (VIII ғасыр) алғашқы арабтардың ұрпағы деп аталады (толығырақ қ. Қожа; Сейіт).

Әлеуметтік пирамиданың үстінгі қабаттарына шығып, әртүрлі артықшылықтармен пайдаланған. Сонымен, қазақ қоғамының жоғары әлеуметтік жігі болған Шыңғысхан нәсіліне жататын төрелер, оның ішінде хан, сұлтандардың араб нәсілді сейіттер мен қожалардың сауатты білімді болғаны олардың арасында оқымысты адамдардың көп шыққаны жазба деректерден, ауызша тараған әпсаналардан айқын байқалады.

М.Михайлов келтірген дерегі бойынша ақсүйектер, оқып және жаза білген сауатты жоғары топ деп саналған. Сондай-ақ, ақсүйектер жолын жалғастырушы балаларының сауатын ашу мақсатында алдымен молдадан дәріс алған.

А.-дің саяси, әлеуметтік құқығында артықшылықтар болды. Айталық, әдет-ғұрып құқығында А.-дің артықшылықтары арнайы белгіленді: қожаны өлтіргені үшін 3000 қой, ал төрені, сұлтанды өлтіргені үшін 7000 қой құн төленді, ал ханның құны қарапайым жеті қазақтың құнына тең болды. Негізгі уәж – хан жеті рудың немесе жеті ру тармағының әміршісі екендігі.

А. өкілдері қазақтың XVІІІ ғ. дейін олар қазақ қоғамында хандық билікті иеленіп, қоғамдық-саяси өміріне үстемдік етті. ХІХ ғ. бірінші жартысында қазақ жерін патшалық Ресейдің отарлауына байланысты хандық билік жойылып А. ұрпақтары қалың бұқарамен етене араласып кетті.

Әдеб.: Atkinson T.W. Oriental and Western Siberia: a Narrative  of Seven jears exploration and adventures in Siberia, Mongolia, the Kirghiz steppes, Chinese Tartary and part of Central Asia. London, 1858; Михайлов М. Киргизы // ТС. 1868. Том XVI. СПб., 1869; Л.Ф. Народные обычаи имеющие, а отчасти и ныне имеющие, в малой киргизской орда силу закона // ТС. Т.76. СПб., 1873; Зуев Ю.А. Киргизский народный суд // ТС. Т.460. Ташкент. 1908; Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы: Санат, 1994; Сұлтанов Т. Қазақ хандығының тарихы. Алматы: Мектеп, 2006.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға