Жаңалықтар

Ақпараты ашық қоғамда жемқорлық та азаяды

Ақпараты ашық қоғамда жемқорлық та азаяды
04.07.2018 05:58 2592

Елімізде халықтың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мәселесі өзекті. Яғни, кез келген азамат ашық әрі шынайы ақпаратқа қол жеткізуге құқылы. Сол үшін бүгінде «Ашық Үкімет» жүйесі енгізіліп, жұмыс істеуге кірісіп кетті. Тіпті, Қазақстан мемлекетінің «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» идеясына қадам басуы да – қоғамды ізгілендіруге бағыттайды.

Елбасы тапсырған «100 қадам: Ұлт жоспарының» 94, 95, 96-қадамдарды іске асыру үшін арнайы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңы қабылданды.  болатын. Бұл құжат негізінен ашықтықты, жариялылықты, шынайылықты басты нысанаға алады. Соңғы кезде әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруді көздеген елімізде Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлік, жергілікті әкімдіктер атқарған шаруасы жайында халық алдында есеп беруді дәстүрге айналдырды. Бұған тіпті онлайн түрде есеп беру жүйесі де жатады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы арқылы құжатты компьютерге енгізуді жолға қойып, жұмыс істеу тетігін жеңілдетуге басымдық берген еліміз халыққа есеп беретін мемлекет қалыптастыруға ұмтылып келеді. Бұл, біріншіден, жемқорлық пен саяси сауатсыздықты азайтатыны сөзсіз.

 Мәселен, «Ақ­паратқа қолжетімділік туралы» заңның 35-бабында мемлекет тарапынан ұсынылатын кез келген ақпараттың қолжетімді болу керектігі айтылады. Яғни, кез келген министрлік, әкімдік немесе мекеменің ақпараты қазақ және орыс тілінде түсінікті түрде жазылуы тиіс. Бұған дейін кейбір министрлік сайттары ақпаратты тек орыс тілінде ғана жазуға бейіл еді. Бұдан былай мұның бәрі заңнамалық тұрғыда талапқа сай болуы тиіс.

Ал, ақпаратқа қолжетімділікті арттыру үшін қайтпек керек?  

Біріншіден, кез келген азамат өзінің құқығын пайдалана білу керек. Белгілі бір ақпаратты алу үшін арнайы сұрау салынады. Қазір барлық құжат электронды түрде берілетіндіктен, интернет арқылы өзінің жеке сәйкестендірілген нөмірін жазып, қажетті ақпаратқа қол жеткізуіне әбден болады.

Екіншіден, кез келген азамат әуелі ақпарат алу үшін арнайы мекемеге өтініш немесе сұраныс жолдауы керек. Ол ақпараттық базада тіркелуі керек.   «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңы Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Ресей тәжірибелеріне сүйеніп дайындалғандықтан, дүниежүзілік форумдарда бұл құжаттың дер кезінде заман талабына сай қабылданып отырғаны тілге тиек етілді. Тіпті, аталмыш заң ақпараттық кеңістік, қолжетімділікке арналған байқауда оқ бойы озық шығып, бірінші орын алды. Себебі, жаңалыққа ұмтылған, жаңашылдыққа бет бұрған жаңа заң еліміздегі азаматтардың ақпаратқа қол жетуіне мүмкіндік туғызып, ашықтыққа, жариялылыққа әкеледі делінген.

Осы мақсатта Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Ашық Үкімет» порталының жұмысын жан-жақты жандандыруға күш салуда. Яғни, кез келген министрлік немесе мемлекеттік мекеме осы портал арқылы өзінің атқарған жұмысының көрсеткіштерін жариялап, органдар қызметінің тиімді әрі оңтайлы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Тіпті, еңбектің қорытындысын ғана емес, болашақта атқаратын шаруалардың тізбегін, стратегиялық жоспарын да халыққа кеңінен таныстырып отырады. Мұның алғашқы нәтижесі жемісін бере бастады. Қазір Үкімет отырыстары тікелей эфирде көрсетіледі. Оған облыстық әкімдер мен тиісті мекеме басшылары шығып, Үкімет басшысының сауалына жауап береді. Сол тікелей эфир арқылы жұртты мазалап жүрген талай сұрақ шешімін табады. Бұл үрдіс басқа да мемлекеттік органдардың күн тәртібіне енгені маңызды. 

Заңның алдына қойған мақсаты — кез келген Қазақстан азаматына ақпарат алуға шектеу жоқ. Бұрын ненің ашық, ненің құпия ақпарат екені тәптіштеп айтылмайтын. Ал, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңда олардың аты аталып, түсі түстелген. Яғни, азаматтардың жеке басының қауіпсіздігі мен денсаулығына қатер әкелетін апатты жағдай, сондай-ақ, лаңкестік әрекеттер, білім беру, демографиялық саясат, мәдени-әлеуметтік қорғау, радиациялық қауіп, тамақ өнеркәсібінің қауіпсіздігі, қоғам мүшелеріне берілетін жеңілдіктер мен өтемақылар, банктік операциялар, тағы басқа адамға қажетті дүниенің бәріне шектеу қойылмайды. Мұның бәрі ашық әрі жариялы түрде болғаны абзал. Егер осы мәселелер жайында азаматтар тарапынан сұрау берілсе, мемлекеттік мекеме жалтармай, заң жүзінде жауап беруі керек. Заң талабы осы. Және берілген жауап екіұшты емес, нақты әрі тұшымды болса. Демек, әр азамат конституциялық құқығын пайдалана отырып, заңмен тыйым салынбаған ақпаратты еркін әрі оңай ала алады. Және азамат ауызша сұрау салу арқылы мемлекеттік мекемеге хабарласып, олардың мекен-жайын, пошталық адресін, телефон байланыстарын, ашық байқаулар туралы мәліметті, бос қызметтік орын туралы деректерді алуына болады. Ал, бұрын ауызша сұралған сауал жауапсыз қалатын еді. Бұл да тұрғындардың ақпараттық қолжетімділігін арттыра түспек.  

Мұнымен қоса, мемлекеттік мекемелердің, министрлік, облыстық әкімдіктердің интернет ресурстары, сайттары қажетті әрі тиісті ақпаратпен қамтылуы керек. Дәл сол сияқты Парламент депутаттарының отырысы, басқа да органдардың ашық отырыстары, алқалы басқосуларын тікелей эфирде көрсету заңмен бекітілді. Яғни, қарапайым халық билік тармақтарының ісіне қанығып, қай салада нендей жұмыстарды қолға алғанынан хабардар болып отырады. Қабылданғанына екі жылға жуықтаған заң бойынша, азаматтар ашық әрі шынайы ақпаратты алудан бөлек, заңнамалық құжаттың алдын ала дайындалған жобасын, келер жылға арналған бюджетті қабылдаудың талқылауына қатысып, өз тарапынан ұсыныс енгізіп, сол құжатты қабылдауға тиісті мемлекеттік мекеменің жұмысы бағаланады. Айта кету керек, Елбасының «Орталық атқарушы органдар басшыларының, жоғары оқу орны ректорлары мен әкімдік басшыларының халыққа есеп беру кездесуін өткізу туралы» жарлығы шыққаны белгілі. Қолда бар деректерге сүйенсек, сарапшылар  «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның нәтижесінде Қазақстан азаматтары үшін ақпараттың 70 пайызы жариялы түрде қолжетімді болатынын айтады. Ал, есесіне ақпараттық қызметтің 40 пайызы жабық болса, 20 пайызы құпия сақталады. Егер заңнамалық құжат жемісті нәтижесін берсе, ақпараттың 70 пайызға жуығы ашық болмақшы. Ол үшін кейбір мекеме ақпарат беруден бас тартуын доғарғаны дұрыс. Мұнымен қоса жалған ақпарат берсе, сол тұлғаға жауапкершілік жүктеледі. Бұл талап мемлекеттік құрылымдардан бөлек, бюджеттің қаражатын пайдаланатын басқа да жекеменшік мекемелеріне де қатысты.

Заңның нәтижесінде біз тілге тиек еткен жұмыстар шама-шарқынша қолға алынуда. Бүгінде «Ашық бюджет» порталына бюджетке қатысы бар бағдарламалардың есептері орналастырылып, халық еркін танысуға мүмкіндік алды. Осы саладағы халықаралық әріптестіктің бағалауынша, Қазақстан бюджеттің ашықтығы индексі бойынша 51-балға ие болды. Ал,  орташа әлемдік көрсеткіш 45 балл екенін ескерсек, бұл көрсеткішті қуантарлық деуге болады. Бір айта кетерлігі, мемлекеттік органдардың   блог-тұғырнамасына 2012 жылдан бері 193 578 өтініш түссе, оның 141 мың 772-іне жауап берілді. Бұл 73,2 пайыз деген сөз. Сондықтан, мемлекеттік органдар халық тарапынан түскен сауалға не өтінішке заң негізінде жауап беруге тиісті. 

Сонымен, заңның іске қосылғанына да бір жылдан асты. Енді мемлекеттік органдар бұл заңның орындалуына күш салуы қажет. Әр министрлік, жергілікті әкімдік есеп беру барысында ақпаратты бұрмаламай, шынайы көрсеткіштерді жариялауы тиіс. Яғни, «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заңның орындалу барысында жұмыс істемейтін нормаларды анықтауға, құқықтық олқылықтарға, кемшіліктерге, заңдағы нормалық жетіспеушіліктерге жол берілмеуі керек.

Мұнымен қоса, елімізде мемлекеттік статистика ұсынудың нақтылығы мен дер уақытылығына жауапкершілік күшейтіледі. Ең бастысы – елге есеп беретін мемлекеттің заңнамалық тетігі іске қосылды. Атап айтқанда, жалғандыққа бой беріп, дұрыс ақпарат ұсынбағаны үшін, сондай-ақ, ақпаратты тиісті уақытта бермегені үшін айыппұл төлеу де жоспарланған. Ендігі міндет – оның сапалы орындалуын қамтамасыз етуде тұр. Ұлт жоспарының 91-ші қадамы аясында «Мемлекеттік статистика туралы» заңға депутаттардың бірқатар өзгертулер енгізгені де белгілі. Оның ішінде бастапқы және әкімшілік мәліметтерді нақты әрі дер уақытында ұсынудағы респонденттер мен әкімшілік дерек көздерінің жауапкершілігі күшейтілген. Бұған қоса, Әкімшілік кодексте де жауапкершілік қатаңдатылды. Өйткені, статистика дұрыс болған жағдайда ғана кез келген мекеменің бюджет жобасы нақты болмақ. Ол үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесін статистика бойынша өкілетті органдардың ақпараттық жүйесімен ықпалдастыру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуі тиіс. Бұл ретте 21 ақпараттық жүйе аталған бағытқа сай ықпалдастырылса, бір-екі жылдың шамасында қалған 4 ақпараттық жүйе іске қосылмақ.

Осыдан біраз жыл бұрын қарапайым халық құжат рәсімдеу үшін тиісті ақпаратты қайдан сұрайтынын білмей, дал болатын. Оның арнайы ережесі мен үлгісі де көрсетілмейтін еді. Қазір мұндай ақпараттың бәрі мекемелердің сайттары мен порталында тұр. Ең бастысы, қолыңызда ғаламторға кіретін тетік болса, болғаны. Қажетті ақпаратты оқып алған соң, рет-ретімен құжатты да рәсімдей бересіз. Тіпті, үйден шықпай-ақ түрлі операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Егер мәселе шығып қалса, сол құжатты қабылдайтын мекеменің телефонына байланысып, ауызша сұрау салып, дер кезінде жауап алуға болады. Сізге заңда көрсетілген уақыт ішінде жауап берілуі тиіс. Ал, мекеме белгілі бір мерзімде сұрауды жауапсыз қалдырса, «Ашық Үкімет» порталы арқылы шағым түсіре аласыз. Мұның бәрі жауапкершілікті арттыралы. Әр мекеме өз ісіне немкеттілікпен емес, асқан жанашырлықпен қараса, кез келген азамат тиісті ақпаратына тез арада қол жеткізе алар еді. Сондықтан да, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң халық игілігіне сай жұмыс істеуі керек. Сонда ғана мемлекеттік мекеменің жұмысы жұрт тарапынан оң бағаланып, ашықтық пен жариялылыққа орын берілмек. 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға