Жаңалықтар

ҚАҢЛЫ ЕСКЕРТКІШТЕРІ

ҚАҢЛЫ ЕСКЕРТКІШТЕРІ – көне қаңлы (кангюй) тайпалары билік еткен өңірлерде сақталған археологиялық ескерткіштер кешені (қ. Қаңлы мемлекеті)
31.08.2014 06:28 21718

ҚАҢЛЫ ЕСКЕРТКІШТЕРІ – көне қаңлы (кангюй) тайпалары билік  еткен өңірлерде сақталған археологиялық ескерткіштер кешені (қ. Қаңлы мемлекеті). Қ. е-нің жарқын көріністерін қауыншы мәдениеті, отырар-қаратау мәдениеті, жетіасар мәдениетінен көруге болады. Қ. е. Сырдария сағасынан Ферғанаға дейінгі өңірге тараған. 1958 – 63 ж. Шардара археол. экспед. (жетек. А.Г. Максимова) Оңт. Қазақстаннан қауыншы мәдениетіне жататын бірқатар ескерткіштер ашты. Біршама толық зерттелгені Шардараға таяу, Сырдарияның оң жағалауындағы Ақтөбе-2 қонысы. Мұнда жобасы тік бұрышты, аум. 2818,5 м сарай аршылды. Сарай айшық (крест) іспеттес етіп салынған бес үйден, кірмелік кешені мен құрылысты бат.-шығысынан орап жатқан екі дәлізден тұратыны анықталды. Ортасында шаршы зал (3,63,6 м) бар, ол басқа үй-жайлармен доғалап иіп салған арка өткелдермен жалғасқан. Зал қабырғаларының биікт. 6 м-ге жетеді, еденінің ортасында құдық бар. Қоныстан құмыра, саптаяқ, таба, құм, құмған, көзе, жебе ұштары, алтын сырға, пышақ, сүйек айылбас, қола сақина, т.б. заттар табылып, олар б.з. 1 – 4 ғ-ларына жатқызылды. Қаңлылар кезінде Шәушіқұмтөбе (1 – 8 ғ-лар), Сейіттөбе (1 – 12 ғ-лар), Сүткент Байырқұм (1 – 8 ғ-лар) секілді қалашықтар салынды. Мұндай мекенжайлар маңында обалы қорымдар бар. Шардара археол. экспед. 1959 – 63 ж. Ақтөбе, 1963 ж. Жамантоғай, 1958 – 63 ж. Шәушіқұм, 1960 ж. Төребайтұмсық қорымдарында қазба жұмыстарын жүргізген. Мәйіттер киімімен, жеке пайдаланатын заттарымен қоса жерленген. Еркектер қабірлерінен қару-жарақтар, әйелдер қабірлерінен түрлі әшекей заттары шыққан. Қаңлылар мәйітті лақыт жасап және жай шұңқырларға жерлеп, үстіне оба үйген, сағана салған. Қабірлерге тамақ салып, су құйылған қыш ыдыстар бірге қойылған. Отырар алқабында Отырар–Қаратау мәдениетіне жататын ескерткіштер көп шоғырланған. Арыс өз-нің сол жағалауындағы Пұшық-Мардан, Қостөбе, Шаштөбе, Сейітман төбе, Ақайтөбе, Шалтөбе сияқты 20 шақты қалашықтар негізі осы қаңлылар кезінде қаланған. Олардың көбін 1969 – 70 ж. Отырар археол. экспед. (жетек. К.Ақышев) тапқан. Ең үлкені – Көкмардан. Онда 1977, 1978 – 83 ж. Оңт. Қазақстан археол. экспед. (жетек. К.Ақышев) қазба жұмыстарын жүргізген. Мұнда негізінен 6 – 7 ғ-ларға жататын 10 махалла қазылды. Бір бөлмелі үйлер, іргесі жартылай жер астынан басталады. Оған екі-үш тепкішекті басқышпен кірген. Үй есіктері бұрыштарға жақын салынған. Есікке қарама-қарсы, бөлме ортасына таяу жер ошақ бар. Қабырғаларға тақау сәкі-төсектер салынған. Ошақ басында еденде дәнүккіштер мен диірмендер қойылған. Шаруашылыққа қажетті түрлі ыдыстар қазып алынған. Көкмардан, Пұшық-Мардан, Қостөбе, т.б. қалашықтарда жүргізілген археол. қазба жұмыстары Оңт. Қазақстанның ежелгі қалалары сонау қаңлылар дәуіріне барып тірелетінін көрсетеді. Қалалар маңындағы Көкмардан, Қыркескен, Мардан, т.б. қорымдарында 1971 – 76 ж. Оңт. Қазақстан кешенді археол. экспед-ның отряды (жетек. Б.Нұрмұханбетов) қазба жұмыстарын жүргізді.

Жетіасар мәдениеті Қуаңдария мен Жаңадария аңғарын қамтиды. Бұл кездегі қала орындары біртектес. Құрылыс салуға көл. үлкен (603010; 402510) шикі кірпіш, күйдірілген кесектер пайдаланылған. Есік үй қабырғасының ортасынан немесе шетінен шығарылған. Қалалар мен обалардан Жетіасар мәдениетіне жататын түрлі бұйымдар табылды. Археол. жұмыстар барысында алынған әшекей бұйымдар, шаруашылық заттар қаңлылардың егіншілікпен, мал ш-мен, қолөнер кәсібімен, саудамен айналысқанын және ірі мемлекеттермен саяси, экон., мәдени байланыста болғанын дәлелдейді.

Әдеб.: Максимова А.Г., Мерщиев М.С., Вайнберг Б.И., Левина Л.М., Древности Чардары, А., 1968; Байпаков К.М., Подушкин А.Н., Памятники земледельческо-скотоводческой культуры Южного Казахстана, А., 1989; Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін (очерк), А., 1994.

К. Байпақов

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға