А.Байтұрсынұлы "Бас қосу" туралы
Бас қосу керек деген мәселені жыл басында «Айқап» журналы қозғап еді. Сол «Айқаптың» 10-шы нөмірінде Р.Марсеков мырза да бас қосу керек дейді. Темір уезінен үш кісі: Жұбекен Тілеубергенов, Омарғали Хангерейұлы, Сауырбай Тоқбайұғлы бас қосу турасындағы пікірлерін жазып, «Қазаққа» басуға жіберіпті.
Олар да бас қосу керек дейді. Біз бұл турасындағы басқалардың пікірін басудан бұрын, өз пікірімізді айтып өтуді мақұл көрдік.
Бас қосуды біз де керек нәрсе дейміз. Керек болса да, бас қосалық деп айта алмаймыз: кейбір істі істеу керек бол тұра, істеуге болмайды.
Бас қосу қазір сондай істің бірі. «Істейміз» деп бастасақ, онан келтірер пайдамыздан зарарымыз он есе зор болуы ықтимал. Міністірдің кешегі бұйырығы естеріңізде бар ма? Қазаққа қандай ілтипат бөлген? Бас қосу жұмысына қалай қарамақшы?
Мұны ескеру керек емес пе? Бас қосудың орнына, басы- мызды сақтарға орын таба алмай жүрмелік. От пен суды қазақ тілсіз жау дейді. Оларға қосарлық үшінші тілсіз жау бар, оны да ойлау керек.
Біз кірсіз пікір, таза амалмен жұмыс істеу үшін, мысалы, мұң-мұқтаждарымызды кеңесіп, дертімізге ем қарап, ісімізге жөн қарап, жоғымызды іздеуге, барымызды сақтауға ақылдасу үшін жыйыламыз дерміз; басқалар оған не мағына беріп, не көзбен қарар? Өзгелер бас қосуымызға сенімсіз көзбен қарайтын болса, оларға көмекші өзімізден табылар. Ағашты кесетін балта, балтаның сабы ағаш. Соның мысалы басқа нәрселерде де бар. Адал кәсіппен күн көре алмайтын, иа арам жемесе басы ауыратын иттер қай жерде де болса табылады. Айтпағанды айтты деп, етпегенді етті деп оттайтын қайуандар әсіресе біздің қазақта көп. Былтыр ноғайларға жұмысымыз түсіп барғанымызда: «Орынборда 5-6 қазақ бар. Оның жар- тысы шағымшы, тыңшы», – деп бізді ұйалтқан. Оны айтқан ноғайдың ортан қолдай адамының бірі. Білмей, сезбей, босқа айтар ма? 1907-ші жылғы Надиров жыйған кеңесте де, онан соң Қарқаралы істерінде иттік қылған қазақтар болмады ма? Осының бәрін көре, біле тұрып, күкіметтің сенбестік көңілін байқап тұрып, «бас қосалық деп едік» деп, әуелі, сұрап, рұқсат алуымыз қыйын. Екінші, тыныш отырып тыңғылықты жұмыс істеп, аман елге қайтуы екіталай. Қайтса да, қарақшылы түйедей болып қайтуында шәк жоқ.
Қане, осыған ерлік етіп жыйылатын қазақ табыңдаршы! Қакімдер шақырса, таласып барар, ол шақыруда қорқыныш жоқ. Біздер шақырсақ, «әлдене істейін деп жүр» деп, қорқа соғады. Өзі үркіп тұрған жұртты үркітуге ықтималы бар кез- де бас қостырамыз деп, әлдеқалай бола қалса, онан соң ондай жұмыстан бездіріп алып жүрмелік. Нақ осы кез бас қосу қанша керек болғанмен, бас қосуға қолайлы кез емес.
Біз шаруа кеңесіне жыйылсақ та, құбыжығы бар шығар деп, сенімсіз көзбен қарайтын кез; солай болған соң, бас қосуға рұқсат берсе де, кеңесті орыс тілінде құру керек деп шарт қойыуға ықтимал. Орысша пікірін түгел айта алатын қазақтар жыйылса – жақсы, ондай қазақтар келе алмаса, тілсіз кеңес құрылмақшы. Орысша білетін қазақтардың ілуде бірі болма- са, көбі қызметте, ат сықылды арқандаулы. Қазықтан босанып келе алар ма?
Іске қарасақ, оның түрі әсіресе орысша білетін қазақтарды керек қылатын көрінеді. Жыйылғандар кұр сан көбейту емес, жұмыс істей білетін, жол айтып, жөн сілтеуге жарайтын білімді көсемдер болмақ керек. Жалғыз қазақ қалқы емес, басқа жұрттардың да жай-күйімен таныс, басқа жұрттардың ісінен үлгі табарлық мағлұматы мол кісілер болуы тиісті. Ондай адам- дар оқыған адамдардан шықпақшы. Білімнің тарауы, саласы көп. Солардың бір тарауын жақсылап жете білген адамдардан сиезде ең аз болғанда бір-бірден адам боларға керек, мысалы, иіуріст, дәрігер, мал дәрігері, інженер, агроном, теқниктер, ут- шителдер, мұғалімдер. Бұлардың мұғалімдерден басқалары орысша оқығаннан табылмақшы. Бұлар бас қосуға келе алар ма? Олардың келуіне қазіргі күйде ерлік пен жомарттық қабат керек.
Ал бұлар келе алмады. Көбі оқымаған жабайы қазақтардан жыйылады, ішінде бірен-саран оқығандары, білімділері болды. Олардан оқымағандары істеуге керек жұмыс бар екенін, ізде- уге тиісті жоқ бар екенін білді де, бет-бетіне елдеріне тарасты. Мұнан еш нәрсе өнер ме? Жұмыс қолға алып істесе бітпек- ші, жоқ артынан қалмай іздесе табылмақшы. Айтқан айтқан жерде қалып, үйлеріне барып теңкиіп-теңкиіп жатып алса, жұмыс өзінен-өзі істелер ме? Сиезге жыйылған адамдар елге қайтқанда, сиезде керек деген жұмысты қолға алып, тастамай істеп, басқаларға басшылық етіп, өнеге көрсететін болса екен. Сонда сиезден мағына шығады.
Ол болмаса, құр сиезге жиылып, «анау керек, мынау ке- рек, олай істеу, былай істеу тиісті» дегеннен еш нәрсе өнбейді. Қалықтың ісі машинаның тетігі емес, бұрап қалса, басқа жөнге түсетін. Жұрт жұмысы құмырысқаның илеуіндей жұмыс сыйақты. Құмырысқаша жабыла тынбай істесек өнеді. Бірі оны, бірі мұны істеп, илеуде қарап тұрған құмырысқа болмай- ды. Жұрт жұмысын да солай істесе, алға басады. Әр құмырысқа бәріне керек илеудің өсуі үшін күші жетіп көтерген шөпшегін апарып салады. Ұлтын керек қылып, қалыққа қызмет етемін де- ген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенінше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы. Қазақтың іс қолынан келмейтіндеріне сөз жоқ, іс қолынан ке- летіндері де қарап жатыр.
Осы күні қазаққа керек нәрсенің көбі әркімге-ақ мағлұм. Қазаққа не керек екенін белмегеннен істей алмай тұрған адам жоқ. Қазақ керегі айтылып жатыр әм айтылар да. Жұртқа ке- регін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгені- мен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.
Біреу жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істе- уге болады.
Ырасын айтқанда, біздің қазақ балаларының жұрт жұмысын істеу әдетінде жоқ. Көбіміз ондай жұмысқа бөлерлік уақытты картаойынына жұмсағанымызды қызықтырақ көреміз. Сондық- тан ойыншымыз – көп, жұмысшымыз – аз.
Сөздің қысқарып тынарында айтарымыз: бас қосуға бұл күнде қолайсыз шақ, оны басқа кезге қарата тұру керек. Қазақтың керегін өзге жолмен сөйлесе тұралық, бұрынғыдай емес, қазақта қазірінде бір журнал, бір газета бар. Сыйғанынша солар арқылы кеңеселік, сыймағанын қатпен сөйлесуге де болады. Сиезде сөйлесіп, кеңескенменен, түбі барып істеу- шілерге тіреледі. Ісімізді істеушілер, жоғымызды іздеушілер көбейсе, ойлаған пікір, көздеген мақсат жан бітіп, тірілмек- ші. Әркім қолдан келгенін сүр сақтап, түбінде үйіп-төгіп бір молықтырамын демей, аз-көбіне қарамай істей беруге әдеттенсе екен. Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой; біз кейін қалған қалық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.
Менің сиез турасындағы бұл сөзім көбіне құр тартыншақтық, сары уайым боп көрінер. Солай көрінсе де, ойым сол. Айтқа- нымды тексеріп, адасқанымды көрсетіп, бас қосу мәселесін қайта қорғап басшылық ететіндер болса, қосшылық етіп, көмегінде болуға мен дайын.
1913 ж.
А.Байтұрсынұлы / "Ел - шежіре"