Жаңалықтар

Ағаштың пайдалануы

Ағашты кескен кезде сүрегіндегі шеңберлердің санына қарап, жасын анықтайды.
20.08.2014 09:07 10754

Ағашты кескен кезде сүрегіндегі шеңберлердің санына қарап, жасын анықтайды. Ағаштың таудың теріскей беткейіне өскен ағаш діңінің көлеңке (солтүстік) жағындағысын «ұрғашы ағаш» деп атайды. Ондай ағаштардың бұтағы жоқ, жылдық сақиналары жиі, шайыры аз болғандықтан «шешен», яғни акустикалық сипаты, яғнидыбыс өткізгіштік қасиеті жоғары болады дейді шеберлер.

Ағаштың пайдалануы

Саз аспаптарының құлағын ырғай, тобылғы т.б. қатты ағаштардан әзірлейді. Ағаш шеберлері тәжірибе жүзінде кез келген ағаштың түп жағы берік болады деп санайды. Ағаштан бұйым жасағанда қазақ шеберлері әр ағашқа тән ерекшеліктері, атап айтсақ ағаштың қаттылығы, салмағы, тығыздығы, иілгіштігі, серпімділігі, түсі, тұтқырлығы, жарылғыштығы, шайырлығы, дыбыс өткізгіштігі т.б. қасиеттерін басты назарда ұстайды. Сүрегі біркелкі ақ түсті, қатты ағаш қайыңнан үй ағашын, жиһаз, ер, ал оның безінен ыдыс, түрлі ұсақ бұйымдар жасайды. Ол күнге қаңсымайды, ыстық-суыққа төзімді болады. Қайыңның тозын ыдыс, құты жасауға, саз аспаптарын әсемдеуге пайдаланады. Өте қатты, тығыз, берік ағаш емен сүрегінің түсі сарғыш қоңыр болып келеді. Тез жарылғыш келетіндіктен баппен кептірмесе, өзегін қуалай шытынап, жарылып кетеді. Еменнен жасалған саз аспабы уақыт өте табиғи өрнектері ашылып, жалты- рай түседі. Сүрегі ақ түсті, жұмсақ ағаш терек бабымен кепсе жарылмайды, кепкен сайын киізденіп қатая түседі. Одан бұйым жасағанда өткір сайманмен өңдеп қана қояды. Иілгіш, сүрегі ақ түсті, жұмсақ ағаш саналатын тал кебе келе қатайып, жеңілдейді. Сондықтан шеберлер: «Тал шағында бүкпесең, таяқ шағында иілмес», – дейді. Өзекті, сәмбі талдан киіз үйдің ағашына таптырмайтын ең қолайлы шикізат деп саналады. Тұт ағашын негізінде жібек құртын өсіруге пайдаланатындықтан «тұт еккенің – құт еккенің» деп бағалаған. Ол саз аспаптарын әзірлеуге ең тиімді ағашқа айналады. Ұзақ уақыт, тіптен бірнеше ғасыр өседі делінетін тұт ағашын шаппайды, тек бұтақтарының тармағын орақпен кесіп алады. Қатты әрі тығыз ағаш үйеңкінің сүрегі біртекті ақ сарғыш түсті болып келеді. Домбыраны үйеңкіден тұтас шауып немесе құрап әзірлеу өте қолайлы. Алма, алмұрт, алхоры, жиде, шие, долана, өрік т.б. жеміс ағаштары қатты, тығыз, жылтыр болып келетіндіктен, кәделік ағашқа саналып бұйым жасауға жарамды деп саналады. Ағаштың жапырақтары мен қабығы, шайыры жүн, тері бояуға, тері илеуге, қабықтыруға пайдаланылған. Қайыңның жапырағы, емен мен анар ағашының қабығы, таулы өңірден талдың қабығынан алынған бояулар ертеде кең пайдаланылған.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға