Жаңалықтар

Ағаш отын

Дәстүрлі қазақы ортада аймақтың экологиялық жағдайына байланысты күнделікті тіршілік ретінде қарекетіне ағаш отын пайдаланылған.
20.08.2014 09:17 10072

Ағаш отын

Дәстүрлі қазақы ортада аймақтың экологиялық жағдайына байланысты күнделікті тіршілік ретінде қарекетіне ағаш отын пайдаланылған. Ағаштан отын дайындаудың салынды жинау, бұтақ теру, ағаш шабу, құлату тәрізді жолдары бар.

Қарабұта теріскей бетте, күнгейде теріскен, жирен, жусан, сарытабан, ал биік суық жерде қарағай, қайың, шөлейт пен құмды өңірде сексеуіл отынға жиі пайдаланылады. Шетен, жыңғыл, сексеуілдің қызуы мол, бұта-шілік, балғын, баялыш, тал тамызыққа ғана, қызуы мол делінетін қарағаш, қарағай, қайың, емен, терек қыста үй жылытуға пайдаланылады.

Жыңғылды балтамен шауып алады. Ал, сексеуілді қатты томармен отындық сексеуілді ұрып сындырып дайындайды. Жыңғыл мен сексеуілді күздің аяғында, қыстың басында мол етіп жинайды. Басқа уақытта жинаса құмдағы тіршілік иелеріне обал деп ырымдайды. Қураған ағаш, сынып түскен бұтақты тереді. Көктемде тау өзендерінің кенересінен асып тасыған кезде ағыстан жағаға қарай шығып қалған қураған, сынған бұтақтарды салынды деп атайды. Аз уақытта өздігінен кепкен салындыны жайлауға шыққан кезде жолай жинап алады. Осыған ұқсас орман, тоғайда қурап түскен, шабылған бұтақтарды теріп алуға арнайы барып «бұтақ тереді». Қураған ақсөңке аршаның түрін жинап алады.

Орман-тоғайы аз жерлерде де ағашты үнемдеп, көбінесе тамызыққа пайдаланады. Ағашы мол жерлерде қыстыгүні тұтынуға отын дайындайды. Тау қойнауында өскен шетен, қарағаш, жыңғылдың қурап, бұтақтары өспей қартайған қу ағаштарды жүзі өткір балтамен шауып, жинап буып, сүйреткімен (аттың мойнына қамыт салып құлақ бауымен байлап), аздан-аздан атпен тақымдап сүйреп етекке түсіреді. Биік өскен қарағайдың діңінен жан-жаққа салаланған ұшаларына өрмелеп шыққан отыншы құлап кетпес үшін қарағайға белінен арқан байлап бекітіп, өткір балтасымен қураған бұтақтарын шабады. Толық шабатындай болса, бұтақтары ауыңқы (басым), құлауға бейім жақтарын балтамен ортасына дейін бұтайды да, қарсы жағынан арамен аздап кесіп, ағаштың өз салмағын пайдаланып құлатады.

Биік өскен ағашты құлатып, сүйреп етекке түсіреді. Сүйреуге ыңғайлы етіп қысқалап кескен соң, «мұрындықтап» тесіп, оған арқан байлап, жарты құлаштан кейін көлденеңінен бәлек ағаш байлайды да, оның екі ұшынан екі бірнеше құлаш арқанды байлап оны қамыттың құлақбауына бекітіп сүйрейді. Қамыт болмаса арқанды белдемелеп, яғни аттың ерінен асырып келіп, төсіне орап байлау тәсілімен тартып сүйрейді. Кәделік ағашты өңдеп үй ағаш, жиһаз, бұйым жасаған кезде түскен жаңқа, қабық, шөмшектері мен қалдықтарын отынға пайдаланады.

«Отын олжа, су-тозақ» деген қазақтар дәстүрлі ортада отын жинап сатумен айналысқан адамдар болған және «отыншы» деп атаған. Әсіресе, шөл, шөлейт өлкелерде бұл үрдіс кең белең алған. Олар арнайы маманданған кәсіп ретінде, пайда табудың көзі ретінде қараған. Айталық, қазақ даласына жүрілген санақ мәліметтері бойынша, бір ғана 1911ж. Қазалы уезінде 179 адам ресми отыншы ретінде тіркелген. Отыншылардың негізгі бөлігі Қалымбас, Заңғар, Құрғаншы болыстарында тұрған. Олардың кейбірі отын жинаумен Қуаңдария және Жаңадарияда айналысты. Отыншылардың көпшілігі сексеуіл шабуға сексеуіл тығыз өсетін Қызылқұмға кеткен.

 

Сыр өңірінен шабылған отындар Әмудария бөліміне, Хиуа және Бұқараға дейін жөнелтіліп отырған. 1 пұт отынның құны Қазалыда 30-40 тиынға, Хиуа және Амударияда 50- 60 тиынға бағаланды. 1892 жылы отын шауып сатудан Перовск қазақтары 1251,40 тиын, Қазалы қазақтары 724,84 тиын пайда тапқан.

Дәстүрлі қазақы ортада отынға байланысты сан алуан ырымдар мен тыйымдар қалыптасқан. Ә.Диваевтың дерегіне сүйенсек, қазақы ұғым бойынша «әйел ошақтың үш бұтының үстінен асырып отынды жинап қоймайды, әйтпесе оның күйеуі басқа әйелге үйленеді»-мыс. Сондай-ақ, қазақта үйге кіргізілген отынның артылғаны далаға қайта шығарылып тасталмайды, әйтпесе, үйден өлік шығады деп тыйым еткен. Себебі ортасы үнемі от жағуға қалдырылатын киіз үйде төсеніш аз төселеді. Тек бір жағдайда ғана бұл үйде өлік болғанда ғана үйде от жағылмайды.

Әдеб.: Материалы для географии и статистики России, Собранные офицерами генерального штаба. Киргизская степь Оренбургского ведомоста. // ТС. 1870. Т.ХХІІ. СПб., 1865; Извлечение из архива прав- ления области Сибирских киргизов // ТС. 1868. Т.XV. СПб., 1869; Обзор Сыр-Дарьинской области за 1892 г. Ташкент, 1894; Диваев А. Приметы // Сборник материалов для статистики Сыр-Дарьинской области. V том. Ташкент, 1896; МКЗ. Сыр-Дарьинская область. Казалинский уезд. Таш- кент, 1913; Хлудов Н.Г. Шығармалар каталогы: кескіндеме және графика. Ғылыми жетекшісі және алғысөздің авторы Нұрсан Әлімбай. Алматы: Эффект, 2003; Қазақ фольклорының тарихы. Алматы: Қазақпарат, 2008; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға