Жаңалықтар

Ағаш көмір

Ағаш көмір – ағашты шала жағып арнайы әзірлеген, көбіне ұсталықпен, зергерлікте көрік жағу, яғни от қыздыру үшін пайдаланатын отын түрі.
20.08.2014 10:03 12110

Ағаш көмір – ағашты шала жағып арнайы әзірлеген, көбіне ұсталықпен, зергерлікте көрік жағу, яғни от қыздыру үшін пайдаланатын отын түрі. Оны алудың жолы мынадай: әуелі, ағашты қабығымен сұлатқан соң көлеңкеде біраз уақыт бойы кептіреді. Егер ағаш діңінің қалыңдығы сынық сүйемдей болса, құрғақ лапастың астына түп жағын жоғары қарата тігінен тұрғызып қойып кептіреді. Қызуы мол, негізінен, шырғанақ, алма, өрік тәрізді жеміс ағаштарынан қызуы күшті сексеуіл, ырғай, жыңғыл, тауда өсетін қарағай, емен, қайың сияқты ағаштардан жасалады. Ертеде ағаштан көмір жа- сауды арнайы кәсіп еткен адамдар бұл іспен шұғылданған және оларды көміршілер деп атаған. Керегінше ұра қазып, оның ішіне ірілі-ұсақты етіп жарылған ағаш бөренелерді, қалап алған соң от қойып лаулатып жағады. Қызып жанған кезде үстіне жас бұтақ, жапырақ тастап, жалыны шықпайтын етіп тұмшалайды. Көміршілер оттың лаулап жанбауын қадағалап, жалын шыққан жерлеріне суланған саз балшықпен сылап, жалын- ды басып отырады. Осылайша ауасыз кеңістікте жалыны шықпай бықсып жанған ағаш шала жанып (ауасыз ортада құрғақ айдау үрдісі тәрізді), күлге айналмай «көмірленіп» кетеді. Ағаш көмірдің түсі қап-қара, салмағы жеңіл, қапқа салып алып жүргенге қолайлы, көрікпен үрлеп жаққанда тез от алып, күшті қызатын қасиеті бар. Мұндай ағаш көмірді көзі ақ болып ауырған малдың көзіне ұнтақтап сепкен. Көзі ауырған адамға да ағаш көмірінің ұнтағын суға, сүтке араластырып алып бүркіп емдейді.

Ағаш көмір

Ағаш майын алудың дәстүрлі тәсілі.

Реконструкция. Суретші Ж.Шәйкен

 

Ағашты көмірге айналдыру, осы арқылы ағаш майын өндіру ХІХ ғ.-дың екінші жартысында таулы және орманды өңірлерді мекендеген қазақтар үшін кәсіпке айналды.

Ол көбіне қайыңнан алынатындықтан қайыңмайы деп те атаған. Ағаш майын алудың жолы – ұсақталған ағаш жаңқаларын түбі арнайы тесілген қазанға салады. Тесіктің астына ыдыс қойылады. Қазанның астына маздатып от жағады. Оттың қызуымен ағаш көмірге айналады. Ағаштың құрамындағы шайыр балқып, қазан түбіндегі тесік арқылы ыдысқа құйылады. Алынған ағаш майын малдың қотыры, қойдың көнтек тәрізді тері ауруларына қарсы қолданған. Сондай-ақ арбаның дөңгелегін бабында ұстап тұру үшін ағаш майын қолданылды. Сол сияқты тобылғыны жаққанда пайда болған майды ожау, қасыққа тосып жинап алып, жылы күйінде адамның тері ауруына қарсы пайдаланған, темір еткіге жағып, дауалаған.

Әдеб.: Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға