Ағаш өңдеу
Ағаш өңдеу – ағаштан жасалған бұйымның арнаулы өңдеуден өткізіп кәдеге жарату жолдары. Дайындалатын заттың бетін тегістеу, оймыштап бедер салу, бояу ағаш бетін қыздырылған металлмен қару, біздің ұшымен қарып өрнек, жазу түсіру, т.б. тәсілдер жатады. Аталған тәсілдерді көбінесе үй жиһазы (көбіне ыдыс-аяқ түрлерін), саз аспаптарының, үй, ғимараттың ағаш бөлшектерін (ұстын, тіреу, есік, қақпа және т.б.) өңдеуге қолданған. Ол үшін әшекейленетін ағаш бетіне өрнектің нобайын біз тәрізді өткір аспаппен немесе қызған иненің ұшымен батыра сызып алып, әртүрлі мәнерде иілген теміртек (металл) қалыптарды отқа қыздырып, өрнектің бойын қуалай, қарып (күйдіріп) шығады. Қарағай, самырсын, шырша тәрізді шайырлы ағаштардан жасалған бұйымдардағы ағаштың табиғи өрнегін (текстурасын) айқындай түсу үшін, өңделген бұйымды оттың жалынына шарпытып алса, ағаш талшықтарының шайырлы жерлері сақталып, шайыры жоқ тұстары күйіп, қарақоңыр түске еніп, жолақты табиғи өрнек пайда болады. Ертеректе шеберлер ағаш бұйымдарға ру таңбаларын, адам аттарын, ою-өрнек түрлерінқарыптүсірген. Ағашбөліктерінқатарластырақари отырып, сарғыш қоңырдан шымқай қара түстің арасындағы реңдерді шығарған.
Ағаш оймыштау / ою – кәделік ағаштың бетін ұңғитын, оятын аспаптардың көмегімен ағашты кертіп, қырнап, ұңғып, өрнекті бедер салу тәсілі. Ағаш шеберлері сүргілеу, өңдеу, майдалау, тесу, қашау, ұңғуырлау және т.б. жолдармен ойып, оймыштап бедерлеген. Оймыштауда ағаштың сүрегі мен жылдық сақиналарының бағыты ескеріледі: егер оймыштау бағыты ағаш талшықтарымен бір бағытта болса ұзын сүрек түседі.
А. о-дың бірнеше түрі бар: бірі үш қырлы ою. А. бетінде бірдей көлбеулікте, тігінен ойылады. Өрнектің нобайы белгіленгеннен кейін алдымен қырларының тұсынан тігінен кертіп тіледі де, өрнектің сыртқы контурының аралығы көлбеулей қырналады. Бұл тәсілмен кесеқап, сандық беттерін безендіруде көп қолданылады.
Ағаш оймыш сапты аяқ. ҚР МОМ қорынан (КП 1483).
Суретін салған Ж.Шәйкен
Ағаш кесеқап. ҚР МОМ қорынан (КП 21948/4).
Суретін салған Ж.Шәйкен
А. о-дың кең тараған түрі – жазық бедерлі ою құрылымы күрделі болып келеді. Ағаш бетіне өрнек нобайы салынып, имекбас қашаумен ойылады да, өрнектердің аралығы фонға дейін қашаумен алынып тегістелінеді. Қиып салынған оймыштау тәсілінде ағаштың әр жерінен бәрбімен тесіп, пышқымен аралап алады. Ондайды саптыаяқтың сабы, төсағаш, сандық, жүкаяқтың жақтауларынан көруге болады.
Ағаш оймыштауда салынатын бедер, өрнек түрлері.
Жәнібеков Ө. Жолайрықта. Алматы: Рауан, 1995 атты еңбектен
Ағаштың бетіне оймышталып салынатын өрнектер.
Баянауыл өңірі. Клодт А.Е. Казахский народный орнамент. Москва: Искусство, 1939 атты еңбектен
Көбінесе кебеже, сандық пен абдыра беттерін екі көлбеу жақты оймыштау тәсілімен безендіреді. Ондайда өрнектің контурынан фонға, сонан кейін керісінше көлбеулеп ояды да қырын тегістейді. Бедер анық тереңірек шығады. Ағашты көркем өңдеу оймыштау тәсілдерінің бірнеше түрі қатар қолданылады. Әртүрлі әдістердің астасуы көркем форманы жандандыра отырып, композицияны байытады.
Ағашты бояу – ағаштан жасалған затты ертеде қазақ шеберлері көбіне табиғи бояулармен сырлаған. Бояудың құрамында май болса ағашқа сіңіп, саз аспап дыбысына нұқсан келтіреді. Көбіне үй ағаштарын бояуға сарғыш түсті топырақтан алынған жосаны кең қолданған. Томар бояу, қына, рауғаш, сары ағаш, шырғанақ т.б. сол сияқты өсімдіктердің тамырын бояуға араластырған.
Өрнектелген ағаш ыдыстар. Ақмола обл. Клодт А.Е. Казахский народный орнамент. Москва: Искусство, 1939 атты еңбектен
Сандықтың бетін және басқада бөліктерін безендіру үшін салынатын ағаш өрнектер. Қарағанды обл. Клодт А.Е. Казахский народный орна- мент. Москва: Искусство, 1939 атты еңбектен
Емен, тал, терек ағашының қабығы, ермен мен жусанның бүрі, жеміс ағаштарының күзде түскен жапырақтары, пияздың қабығы да бояу әзірлеуге жарамды. Өсімдіктерден бояу алу үшін шеберлер олардың тамыры, қабығы, жапырағын кептіріп, ұсақтап алып қайнатады. Басытқы ретінде аздап ас тұзын ашудас қосып, ұзақ қайнаған соң ірімтігін үзіп алып, бояудың қанжылым кезінде ағашқа бұлғауышпен жағады. Бояу біркелкі сіңу үшін, боялатын ағаш бұйымды алдын-ала ылғалдап алады.
Әдеб.: Клодт А.Е. Казахский народный орнамент. Москва: Искусство, 1939; Марғұлан Ә., Бәсенов Т., Меңдіғұлов О. Қазақстан архи- тектурасы. Алматы: Қазмембаспасы, 1959; Жәнібеков Ө. Жолайрықта. Алматы: Рауан, 1995; Әмірғазин Қ. Қазақ қолөнері. Алматы: Дайк- Пресс, 2004; Бекешов С. Қазақтың дәстүрлі ағаш оймыштау өнері (тарихи-этнологиялық зерттеу). Тарих ғыл. канд. дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының қолжазбасы. Алматы, 2002; Шоқпарұлы Д., Дәркембайұлы Д. Қазақтың қолданбалы өнері. Алматы: Алматыкітап, 2007.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»