Қағанаттар
VI ғасырда Батыс Өңірді Түрік, Түргеш, т. б. қағанаттары билегенін жоғарыда айттық. Осы қағанаттар құрамында 30-дан астам түрік тілдес ру-тайпалар болды. Бірақ тек билік басындағы тайпа не тайпалық одақтың ғана аты шықты. Қазақ халқының негiзiн құраған көп тайпалар 552 жыл маңайында Түрiк қағандығының құрамына кiрiп, чұмығұн, дай, ирки, чуре, чубан (шуманақ), дулу (дулат) деген əр түрлi атпен белгiлi болысты. Үйсіндер мен қаңлылардың өзге рулары оларға əбден сіңісіп кетті. Түрік қағандығынан кейін, оның орнына 603 ж. құрылған Батыс Түрiк қағандығының этникалық саяси негiзi “он тайпа” (он оқ будун) болды. Олар Қаратау баурайынан Шығыс Алтайға дейiнгi аралықта жатқан ежелгi үйсiн жерiн жайлады. Шу өзенінiң шығыс жағында дулудың (дулаттың - дулы атты) бес тайпасы, ал батыс жағында бес тайпалы нушебилер мекендедi. Бұдан соң, Түргеш қағанаты (704-756), Қарлық қағанаты (756-940, бұл кезде Жетiсу мен Талас бойында қарлықтар, шiгiлдер, яғмалар, арғұлар мекен етсе, Орталық Қазақстан мен Сырдария бойында оғыздар мен қыпшақтар үстемдiк еттi. ), Оғыздар мемлекеті (ІХ ғасырдың соңы XI ғасырдың басы), Кимек (Қимақ) қағанаты (893 жылдан XI ғасырдың басына шейін), Қыпшақтар (XI ғасырдан -1219 жылға дейін), Қарахандар (942-1212 жылдар) дейтін түрік мемлекеттері өмір сүрді. Бұлар жоғарыда аталған тайпаларға үстемдiк еттi. Бұл мемлекеттер дəуiрiнде отырықшылық бел алып, егiн шаруашылығы дамыды, қалалар өркендеп, сауда-саттық жанданды. Осы мемлекеттер (əсіресе оның ішіндегі Ертіс пен Еділ арасын мекендеген Қыпшақ хандығы мен Тəңіртау, Сыр жақта өмір сүрген Қарахан феодалдық мемлекеті) қазақ халқының қалыптасуына белсенді де күшті ықпал жасады. ІХ ғасырдың аяғы мен XI ғасырдың басында оғыз тайпалары (Түрік қағанатына бағынған жұрттың бəрі оғыз аталғаны есіңізде шығар) Сырдарияның орта ағысынан Едiлдiң төменгі бойына дейiнгi кең байтақ аумақты мекендедi. Оғыздардың жұрты Ырғыз, Орал, Ембi, Ойыл өзендерiнiң бойларына, Сырдария бойындағы Қаратау баурайлары мен Ісбіжаб (Исфиджаб) шегiне дейiн шашырады. Оғыздар құрамына Сырдария алқабы мен Арал – Каспий далаларының үндi-еуропа жəне фин-угор тектес ежелгi (негiзiнен түріктенген) этникалық топтары жəне сонымен бiрге Жетiсу мен Сiбiрдiң халажы, жагар, чарук, қарлық, имур, байандұр, қай секiлдi көшпелi жəне жартылай көшпелi тайпалардың өзге рулары да кiрдi. Оғыздардың батысында Едiл мен Жайық арасында печенегтер мекендедi. Кейiн оғыздардың кейбiр топтары да қазақ халқының шығу тегiне əсерiн тигiздi. Осы ғасырларда өмiр сүрген Қимақ қағандығының аумағы Солтүстік, Шығыс, Орталық Қазақстанды алып жатты. Бұған жетi тайпа (эймур, имек, татар, байандұр, қыпшақ, ланиказ, ажы) кiрдi. Бұдан сырт жекелеген топтары қыпшақтардың рулық-тайпалық құрамына кiрген кумандар да қосылды. Олар (ІХ – Х ғасырлардағы жазбаша мəлiметтер бойынша) қимақ, қыпшақ, куман тайпаларының бiрлестiгiнiң батыс тармағы болған. Қыпшақтар, негiзiнен, қазақ халқының құрамына енсе, олардың кейбiр топтары кейiнiрек өзбек, қарақалпақ, башқұрт жəне қырғыз халықтарының да құрамына қосылды. Моңғол шапқыншылығынан кейін, моңғолдар жергiлiктi тұрғындармен, əсiресе, қыпшақтармен араласып, өзiндiк ерекшелiктерiнен мүлдем айрылды да, XIV ғасырда бүтiндей қыпшақ болып (қыпшақтың тiлiн, салт-санасын қабылдап, түр-түс жағынан да қыпшақтарға сiңiсiп) кеттi.