Жаңалықтар

Ақан Сатаев «Қазақфильм» басшылығынан кетті

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Facebook желісінде жазды
Ақан Сатаев «Қазақфильм» басшылығынан кетті
Фото: gov.kz 27.09.2022 18:24 2006

Танымал қазақстандық режиссер Ақан Сатаев Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті қызметінен кетті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Facebook желісінде жазды, деп хабарлайды El.kz.
«Қымбатты достар, осы жазбамда талантты және табысты режиссер Ақан Сатаевқа «Қазақфильм» АҚ президенті ретінде қажырлы, ең бастысы жемісті еңбегі үшін үлкен алғыс білдіргім келеді. Бүгін Ақан Қарғамбайұлы аты аңызға айналған киностудияның басшысы қызметінен өз еркімен кетті», - деп жазды министр
«Оның алдағы шығармашылық жолы біздің кинематографымыздың дамуына үлес қосатын серпінді жобалармен толығатынына сенімдімін», - дейді Дәурен Абаев.
Еске салайық, Ақан Сатаев «Қазақфильм» АҚ президенті болып 2020 жылы тағайындалған еді.
Режиссер 2003 жылы «Sataifilm» студиясының негізін қалап, 2007 жылы «Рэкетир» атты алғашқы толықметражды фильмін, «Адасқан» мистикалық триллерін (2009), «Ағайынды» сериалын (2009), «Ликвидатор» психологиялық драмасын (2011), «Жаужүрек Мың бала» тарихи фильмін (2012) түсірді. Сондай-ақ «Районы» криминалдық драмасы мен «Анаға апарар жол» тарихи драмасының (2016), «Бизнесмены» (2018), «Томирис» (2019) жəне тағы басқа туындылардың режиссері.
2014 жылы киноиндустрия саласының үздік өкілі ретінде «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығына ие болды. 2016 жылы жас режиссерлерді қолдауға бағытталған Astana Film Found қорының негізін қалаған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға