ҚАҒАН-НАМА
Қазақ ақыл-ойының жанашыры
Иманғали Тасмағамбетов ағаға арнаймын.
Қара бала
ұлы қаған болғанда
Алтын денем шаршаса, шаршасын –
Абзал елiм даңқы артсын
Бүтiн денем қиналса, қиналсын –
Бүкiл елiм топтансын.
Шыңғысхан.
«Наполеон қылышпен бастаған iстi мен қаламмен аяқтаймын» дептi ұлы Бальзак. Және бұл сөздi қағазға түсiрiп, жұмыс бөлмесiнiң көзге түсер көрнектi жерiне iлiп қойыпты. Бұл сөз өзара итырқылжың қаңқасап болып қырқысып жатқан француз халқының басын (Наполеон билiк басына келген кез ел iшiнде азамат соғысы жүрiп жатқан болатын – Ә.Б.) бас-аяғы бес-он жылда жұмылған жұдырықтай тастүйiн етiп бiрiктiре бiлген, бiрiктiрiп қана қоймай жауынгер халықтардың да қатарына қоса алған қарапайым корсикалық жiгiттiң ел алдындағы ерен еңбегiне тағзым ретiнде айтылған болар.
Рас, Наполеон жорықтары сәтсiз аяқталды. Бiр армиясын Мысыр даласында тағдыр тәлкегiне тастап кетсе, екiншiсiмен Ресейдiң қарлы өлкесiнде масқара болып қош айтысты. Ватерлоо түбiнде ақыры тас-талқан болып жеңiлiс тапты. Бiрақ сарбаздары Наполеон сәтсiздiкке ұшырады екен деп одан сырт айналып кеткен жоқ, алыстағы Эльбадан айдаудан қашып келгенде туының астына қайтадан тұра қалды. Императорға адалдығын байқатты. Халқы тарапынан мұндай шексiз сүйiспеншiлiкке бөлену арғы-бергi Франция тарихында қандай да бiр жұмыр басты француздың тағдыр-талайына жазыла қойды ма екен, әй, қайдам...
Наполеон рухына сол кездегi француз жазушылары ғана емес, қатардағы жауынгерден көрнектi ғалымға дейiн табына тәу еткендiгi анық. Мысалы, Наполеонның экспедициялық әскери корпусы құрамында арнайы жасақталған ғалымдар мен мамандар тобы болғандығы жақсы белгiлi. Бұл топта тiптi, ақын да бар болатын. Ал кейiн Египет иероглифтерiн оқудың кiлтiн тапқан жас ғалым Жан Франсуа Шампольонмен қолы қалт еткен бiр тұста Наполеонның өзi арнайы барып әңгiмелескенi де бар.
Иә, әйгiлi француз адамзат тарихына ұлы жаугер ғана емес, ғылымның жанашыры ретiнде де кiре бiлдi. Бiлетiндер оның өзiнiң жеке басын талантты, бiрақ бағы ашылмай қалған беллетрист жазушы сипатында да дәрiптейдi. Қазақ болса мұндай адамды бiр сөзбен «сегiз қырлы, бiр сырлы» дер-дi. Ал ондай адамның ел құрметiне бөленбеуi мүмкiн бе? Француздардың өздерiнiң осы бiр отандасына деген шексiз махаббатын басқашалай түсiндiру мүмкiн емес. Бұл махаббаттың қандай өлшеммен өлшенетiндiгiн Стендальдiң «Қызыл мен қарасын» оқыған жан бiрден түсiнер едi.
Ал, бiзде ше?
Адамзат тарихында есiмiн мәңгiлiк қалдырған жаһангерлер көп емес. Бiрi жаңағы сөз болған Наполеон болса, бiрегейi өзiмiздiң қысық көз бабамыз Шыңғысхан екендiгi шындық. Арғы-бергi тарихты зерттеушiлердiң дарындылығы жағынан Шыңғысханды Цезарь, Македонский, Ганнибал секiлдi әйгiлi қолбасшылардың бәрiнен жоғары қоятыны бар. Тiптi, Атилла-Едiлдiң өзi оның көлеңке тасасында қалып қоймақ. Ал ендi Азиядан шыққан алып тұлғаны бiз қалай дәрiптеп, оның тарихи мұрасын қалай зерделеп жатырмыз, бағасына жете алдық па?
Сауалға жауап iздеп көрейiк. Жақында қолыма көрнектi ақынымыз Мұхтар Шахановтың «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғысханның пенделiк құпиясы) атты поэмалардан құралған романының орыс тiлiндегi нұсқасы түстi. Оқып шығып «талантты жазушы сауатсыз оқырманды өз тұжырымына бәрiбiр иландырмақ» деген қағиданың ақиқаттығына көзiм тағы жете түскендей болды. Иә, Шаханов талантты ақын. Миллиондаған қазақтың жүрегiн жаулаған санаулы қаламгерлерiмiздiң бiрi. Ендiгi жерде дарынын әлем жұртшылығы мойындап жатыр. Шахановты мойындау – қазақты мойындау. Шаханов шығармашылығы арқылы қазақтың мойындалып жатқанына бiз де қуанамыз. Бiрақ сол мойындату қандай құрбандықтармен (басқашалай айту мүмкiн емес – Ә.Б.) келiп жатқандығын бiлгенде аздап тiксiнiп қалған да жайымыз бар. Романды оқып отырып бейнебiр Шаханов Шыңғысхандай ұлы аруақтың соңына жарық күнде шырақ алып түскендей күйде қалдық.
Шыңғысхан, шынында да, Шаханов бейнелегендей рухани құбыжық па? Жоқ, олай болмауы керек. Өз заманының аңыз-әңгiмелерiмен сусындап өскенiн шежiрешiлер сан рет тәпсiрлеп жазған жоқ па! Далалық сара мәдениет тудырған батырлық эпостардың ықпалында тәрбиеленiп өскен бала Темiршiндi қалай ғана рухани ергежейлi деуге аузымыз бармақ?
Осы тұста Шыңғысхан дүниеге келген кездерi Ұлы Даланың шығысында жүз берген оқиғаларға аз-маз тоқтала кеткен жөн секiлдi. «Моңғолдың құпия шежiресiнде» осы өңiрдегi тайпалар арасында болып жатқан үздiксiз қақтығыстар, яғни далалық азамат соғысы жайлы баяндалады. Тұтас моңғолдың билеушiсi, Шыңғысханның атасы Амбағай ханды қытайлықтардың алдап қолға түсiрiп, кергiшке шегелеп қағып өлтiргенiне де жарты ғасырдай ғана уақыт болған. Мұндай дүрбелең кезеңде кеше ғана бiр тудың астында болған, даңқты кездерiн әлi ұмыта қоймаған шашыранды тайпалардың арасында қандай әңгiмелер айтылуы мүмкiн. Көнекөз жазбалар бұған «Ел арасында бүкiл елдiң басын бiрiктiретiн, оларды жаңа ұлы жеңiстерге бастайтын дана билеушi келетiндiгi жайлы әңгiмелер жиi айтылатын едi» деп жауап бередi. Әрине, халық күткен бұл тарихи орынға бiрден-бiр лайық жан кешегi өмiрi азаппен үзiлген Амбағай ханның немересi, бөржiгеннен шыққан Есухей баһадүрдiң үлкен баласы Темiршiн болатын. Бұл әңгiмелердiң Вифлеемнен шыққан адамзатты құтқарушы Иса Мәсiх жайлы бiздiң жыл санауымыздың баз кезiндегi әңгiмелермен ұқсастығы сондай, Ұлы Даланың осы өңiрiнде жаңа пайғамбарды күткен Алдыңғы Азиядағы сол бiр көңiл-күйлер араға мың жыл салып қайта қайталанып жатқандай әсер қалдыратын. Бозбала Иса секiлдi бала Темiршiннiң де өз миссиясына iштей қатты дайындалғандығы анық. Бiрақ алда оны адамгершiлiк пен ар-намыс сынға түсетiн тауқыметтi тағдыр күтiп тұр едi.
Есухей баһадүр Темiршiнiне қоңырат Дай шешеннiң қызы Бөртенi айттырып келе жатқан сапарында татарлардың қолынан уланып өлгесiн, кеше ғана ұйып отырғандай болған шаңырақтан бақ кеткен. Есухейдiң жесiрi Өелiн күйеуiнен мұраға қалған билiктi қолында ұстап қала алмады. Төңiрегiнде топтасып отырған рулас ағайындары бұлардан алапес көргендей бiр түнде безе көштi. Өелiн Есухейден қалған тағы бiр әйел және төрт бала, бiр қызбен далада қалды. Иә, кеше ғана жарылқап тұрғандай болған Тәңiрi сырт айналам десе бiр-ақ сәт. Ал сол сырт айналу жiгердi қайрайтын сындарлы сын болып шықса ше! Қалай дегенмен де Темiршiннiң өзiнiң жұлдызды тағдырына сенгендiгi анық.
Темiршiннiң өзiмен әкесi бiр, шешесi бөлек Бектер бауырын өлтiретiнi де осы тұс. Болашақ жаһангер мұндай қанқұйлы iске нелiктен барды, әрекет астарында не себеп жатты, осы арада бұған да ой көзiн жүгiрте кеткен жөн секiлдi.
Осы арада бiздiң Лев Гумилевтiң «Құпия патшалықты iздеу» кiтабына, дәлiрек айтқанда, оның «Моңғолдың құпия шежiресi» тасасына жасырған құпияларға бойлайтын тарауларына тоқтала кеткенiмiз орынды. Лев Гумилев шежiредегi осы оқиғаны баяндайтын тұсқа әр түрлi қырынан мәтiндiк, логикалық талдау жасай келiп, Бектер Темiршiннiң сыртынан тыңшылық жүргiзген болса керек деген байламға келедi. Иә, айдалада жалғыз қалған үйдегi болашақта бүкiл моңғолды билейтiн болады деп ел iшiндегi аңыз-әңгiмелер дәрiптеп жүрген баланың көңiл түкпiрiнде қандай қозғалыстар болып жатқандығын бiлiп отыруға халық бiрлiгiнен гөрi өзiнiң «бөлiп ал да билей бер» жеке билiгiн тәуiр көретiн ақсүйектер мүдделi болатын. Ал Темiршiн жайлы ондай мәлiметтердi берiп отыратын жалғыз пенде бауыры Бектер едi. Гумилев Темiршiн осы сұрқай шындықты бiлiп қалған болса керек деп байлам жасайды. Қазiрге дейiн «Құпия шежiренiң» мәтiнiне талдау жұмысын жүргiзген жалғыз ғалым Лев Гумилев екендiгiн ескерсек, бiздiң де осы байламға тоқтағанымыз дұрыс. Бектердiң Темiршiндi сатқандығы күмән тудырмайды. Ал сатқынға қашанда өлiм жазасы лайық. Өйткенi бозбала Темiршiннiң ой-санасында бұл кездерi кешегi Амбағай атасынан қалған елдi қайта бiрiктiру жайлы арманның пiсiп-жетiлiп жатқандығы анық едi. Мұндай ұлы мұрат жолында әлсiздiк танытса бауырын да аяуға болмайтын. (Гогольдiң өз баласын атып өлтiрген атақты Тарас Булбасын еске түсiрейiк – Ә.Б.) Даланың мәрт жауынгерлiк салты сондай ақадал қаталдықты талап ететiн. Осы талдаудан кейiн-ақ, бiз кешегi Кеңес өкiметi тұсындағы тарихшыларымыздың түсiндiргенiндей, Шыңғысханның балық үшiн болған болымсыз ерегесте бауырын да өлтiре салатын безбүйрек жан емес, керiсiнше, ұлы мұрат жолында өзiн де, өзгенi де аямайтын жiгерлi, бiрбеткей жан екендiгiн аңдар едiк. Ендi «Құпия шежiре» авторы оқиғаны неге болған күйiнде баяндамады деген сауалға келейiк. Сауалға былай жауап беруге болады: «Шежiреде» Бектер өлiмiнiң себебi ашық тәпсiрленетiн болса, бұл бiр тудың астына қайта бiрiге бастаған елдiң ауыз бiрлiгiне сызат түсiрер едi, бауыр бауырға жау болғандығы анықталатын. «Құпия шежiре» авторының оқиға себебiн тұспалдап қана өтетiндiгi де сондықтан. Бүгiнгi ұрпаққа тоғыз ғасыр бұрын жүз берген бұлыңғыр оқиға астарынан шындықты шыжымдап шығаруға қырағы ой көзi керек. Иә, иә, бiзге тарихты қайта оқуға тура келмек. Бәлкiм, бiраз жайттарды жаңаша бағалауымыз да керек шығар.
Кеше ғана дүниеден өткен Қалтай Мұхамеджанов ағамыз «Шыңғысхан жайлы жазуға шама-шарқым жетпедi» деп өкiнедi. Болмаса ол жайлы деректердi ғұмыр бойы жинап-ақ баққан ғой. Сондай-ақ, Бейбарыс бабамызды сомдаған хас талант Нұрмахан Жантөриннiң де сахнаға алып шықсам деп ғұмыр бойы аңсаған образы Шыңғысхан болғаны белгiлi. Кездейсоқтық па? Жоқ, олай болмаса керек. Шыңғысханның жан дүниесi күрделi рухани зор тұлға болғандығын аңлағандықтарынан болар.
Иә, Батыс оқырманын ойынан шығамын деп Ұлы даланың ұлы тарихын құрбандыққа шалуға болмайды. Шаханов романын оқып отырып ерiксiз осындай ойға қаласың. Дегенмен, тарихты былай қоя тұрып, жеке тұлға туралы сөйлеген жөн болатын шығар. Мысалы, Шаханов өз романында жары Бөртенi ой-мұраты жағынан Шыңғысханға қарсы адам ретiнде сипаттайды. Бiрақ Шаханов Бөрте анамызды ұлы қосағына қарсы қаншама арандатқысы келгенiмен, тарихи Темiршiн-Шыңғысханның адамдық қасиеттерi жағынан Шахановтық әдеби псевдо – Шыңғысханнан бәрiбiр жоғары тұратындығын, Бөртемен арасында толық түсiнiстiк болғандығын да ұмытпаған жөн.
«Құпия шежiре» отау құрғандарының екiншi жылы Темiршiннен Бөртенi меркiттердiң тартып алып кететiндiгi туралы баяндайды. Бозбала Темiршiннiң атқа қонып алғашқы нартәуекел iске бел байлайтыны да осы тұс.
Өкiл әкесi керейт Тұғырыл хан мен андасы Жамухаға қолқа салып, әскер жинап, қол бастап майданға кiрiп жарын меркiттерден қайтарып алуы бозбала Темiршiннiң атақты Шыңғысханға айналуының алғашқы қадамы едi. Бұл оқиғаны Гумилев «Далалық шағын Троя соғысы» деп асқақтата бағалайтыны бар. «Құпия шежiре» авторы осы бiр тұстағы Шыңғысханның көңiл күйiн мынандай сөздер арқылы жеткiзедi.
Жау меркiттер әлек сап,
Жаралады жанымды.
Жапа еттi жарымды,
Асыл тұтар арымды.
Менiңше, бағасы армен өлшенген Дала әйелiне (жалпы әйел затына – Ә.Б.) бұдан артық құрмет керек емес секiлдi.
Рас, «Құпия шежiре» авторы нәзiк босаңсуларға қарсы.
Сөз саптасына сентиментальдық тiптен жат. Лев Гумилевтiң автор ақсүйек жауынгер болса керек деп топшылайтынындай-ақ бар. Бiрақ осы бiр белгiсiз Ақтамбердi бәлкiм Шалкиiздiң өзi Темiршiннiң меркiт қолына түсiп қалған Бөртеге деген жан шырқыратар сезiмiне келгенде әлсiздiк танытып алады: «Меркiттер үркiп, түнi бойы Селеңгiнi құлдай қашқанда, әскерлер артынан қуа соғып, жайлайды. Темiршiн қашқан елдердiң iшiнен «Бөрте, Бөрте!» деп айқайлап iздегенде, үркiп бара жатқан елдiң iшiндегi Бөрте үжiн Темiршiндi даусынан танып, кейқуат кемпiр екеуi күймеден түсе жүгiрiп, Темiршiннiң шылбырына орала кетедi. Айдың жарығымен таныған Темiршiн оны құшақтап аймалайды» («Моңғолдың құпия шежiресi» – 110 б). Иә, Дала жырауы Темiршiн мен Бөртенiң арасындағы сезiм туралы бiзден жақсы бiлген. Сезiмдi жырлауға келгенде әлсiздiк танытатыны да сондықтан. Кiм бiледi, бәлкiм, оның бағына Бөрте апамыздың қолынан бiр кесе қымыз iшу бақыты да бұйырған болар-ау.
Сөз сөз, бiрақ бiздiң де артықбас қиялдануға қақымыз жоқ. Бүгiнгi адамзаттың амалсыз болса да өзгемен төсектес болған әйел затына көзқарасы қандай болатынын қайдам, ал Темiршiннiң Бөрте анамызға солай болып қалған екен-ау деп бiр мезет те көз алартпағандығы анық. Қайта осы бiр тұстың рухани-моральдық бар ауыртпалығын өз мойнына алған секiлдi. Меркiттен дүниеге келуi мүмкiн Жошысына да қырын қараған жоқ. Бүкiл мұрасын осы Бөрте бәйбiшесiнен туған төрт ұлына мұра ететiндiгiн сол ұлы махаббаттың жаңғырығы деп түсiнсек жөн. Отбасы мен жарға адалдық қасиетi жағынан келгенде Шыңғысхан бабамыз араға он ғасырдай уақыт салып барыпт та бiзге үлгi болып қала бермек. Бар айтарымыз, бүгiнгi ұрпақтың Наполеон мен Жозефина, Цезарь мен Клеопатраның махаббатын ғана емес, Шыңғысхан мен Бөртенiң сүйiспеншiлiгiн де бiлiп өскенi жөн.
Ендi Шаханов әңгiмелейтiн тағы бiр тарихи тұлғаға тоқталайық. Ол Отырардың билеушiсi атақты Қайырхан. Марқұм тарихшы Сержан Мұсатайұлы Ақынжанов «Қазақстанның орта ғасырлық тарихындағы қыпшақтар» кiтабында шежiрешi Жужанидан мынандай мысал келтiредi: «615 (1216) жылы... Хорезм шахы Мұхамед Иемектен шыққан Иакафтанның ұлы түркiстандық Қадырханның елiн ойрандауға аттанды». Иә, иә, Хорезм шахы басқа емес, Шаханов тамсана суреттейтiн дәл Қадырхан-Иналшық Қайырханның елiн ойрандауға аттанып отыр. Бiрақ неге екенi белгiсiз, арада тағы бiр-екi жыл өткенде осы Қайырхан өзiне кеше ғана теперiш көрсеткен Хорезм шахына адалдығын таныту мақсатында түркi-моңғолдың керуенiн тас-талқан етiп қырып салады. Осылайша, Отырардың түркi-моңғолдың қайқы қылышының астына түсуiне себепшi болады. Кешегi дала жауынгерi нелiктен бұлай жаза басты, оған дәл жауап жоқ, бiрақ болжамдар жасауға болады. Әйтсе де бiзге дәл қазiр ол болжамдардың қажетi қанша. Бар болғаны қызылбас парсыға тәуелдi Иналшық Қайырханның өз бауырларына қылыш көтергендiгiн айтсақ та жеткiлiктi. Иә, иә, өз бауырларына қылыш көтергендiгiн. Басқашалай баға беру мүмкiн емес. Бұлай дейтiнiмiз, ресми тарих ХI-ХII ғасырларда Сыр мен Жетiсуда азғантай мөлшерде болса да жартылай моңғол тiлдес ұлыстардың болғандығын жоққа шығармайды. Иә, иә, ол кездегi моңғол мен қыпшақ аудармашысыз-ақ еркiн түсiнiсе алған. Бiзге осы моңғол мен түркiнiң ғұннан барып қосылатындығын да ұмытпаған жөн-ау. Ал бала Темiршiннiң ол тарихтан да хабары бар болса ше. Жалпы, Темiршiннiң далалық ауыз әдебиетi тудырған қандай эпостарды тыңдап өсуi мүмкiн? Ол эпостардың мазмұны қандай едi? Дәл сол кездерi өткеннен сыр шертетiн тарихы мың жылдық «Манас» iспеттi дастандар болмады ма екен? Амал қанша, бiз бұл сауалдарға жауап бере алмаймыз. Бiрақ Ақынжанов әңгiме қылатын ұранқай тайпасы мен Темiршiннiң арғы атасы Боданшар шауып алып бодан қылатын ұранқайлар арасында параллель iзденiстер жүргiзуге болатын секiлдi. Осы арада Х-ХI ғасырлардағы Ұлы Дала тарихындағы күңгiрттеу тұстарға сәуле түсiре алсақ, Шыңғысханды жаулаушы емес, ата-баба мекенiнiң тұтастығын қайта қалпына келтiрушi ретiнде де насихаттау мүмкiндiгi бар екендiгi аңғарылмақ.
Иә, Шыңғысхан жаугершiлiгi артына Ресей мен Қытай iспеттi екi ұлы мемлекеттi мұра етiп қалдырды. Бүгiнгi Қазақстан алып жатқан территория да сол Шыңғысханнан қалған мирас. Немересi Құбылай ханның тұсында Солтүстiк пен Оңтүстiк болып қырқысып жатқан Қытайдың басын бiрiктiру мүмкiндiгi туды. Кейiнгi Ресей болса Темiршiн құрған империяның тiкелей мұрагерi болып қалды. Сондай-ақ, бүгiнгi орыстың өзiнiң батыстағы славян бауырларынан гөрi түркiлерге жақындау екендiгiн ғылыми зерттеулер де жоққа шығармайды. (Эренжен Хара-Даван. «Чингисхан как полководец и его наследия», 1992, стр 252.) Жаулап барған жерiндегi халықтың дiни сенiмiне қиянат жасамау да ұлы Шыңғысханнан қалған өнеге. Тiптi, оның ұрпақтарының православие шiркеулерiн салықтан босатқандығы жайлы да деректер бар. Орыс жылнамашылары Шыңғысхан ұрпақтарының бiрi бiр княздiктен түскен салықты түгелiмен дерлiк шiркеу қорына аудартқаны туралы жазады. Түркi тiлi орыс князьдерiнiң сарайында бертiнге дейiн кең қолданыста болғандығын да ұмытпаған жөн. (Г.В.Вернадский «Монголы и Русь», 1997, стр 390). Ал Пушкиннiң өзi кейiпкерiне айналдырған Борис Годуновты таза түркi едi десек кiм сенер. Компас, қағаз, оптика секiлдi өркениет үлгiлерiнiң Батысқа Шыңғысхан жорығы арқылы жеткендiгi де ел бiлетiн шындық. Адамзат тарихын жаңа биiктерге көтерген осындай ұлы iстердiң бастауында тұрған Шыңғысханның қолбасшылық қабiлетi туралы әңгiме өз алдына бiр бөлек. Мемлекеттiк қайраткер ретiнде де ұзағынан әңгiмелеуге болады.
Бiздiң ең басты айтқымыз келгенi, тарихи Шыңғысханның Шаханов романындағы әдеби кейiпкерден тiптi басқа екендiгi. Шаханов Юний Ювеналдың «Ешбiр қатыгез жан бақытты бола алмақ емес» деген сөзiн келтiре отырып, Шыңғысханды адами бақыттан құралақан озбыр ретiнде суреттейдi. Ал бiз бiлетiн Шыңғысхан туралы француз халқының ұлы перзентi Наполеонның «Мен Шыңғысхандай бақытты бола алмадым» деген мойындау сөзi бар. Шыңғысхандай ұлы тұлғаға бұдан артық қандай мойындау қажет!
2001 жыл.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»