Жаңалықтар

Аға

Аға – бірге туған, туысқан, ағайынды, аталас, рулас ер адамдардың патролиния (әке) жағынан жасы үлкені. Ана жағынан (матрилиния) туысса, бұл атауға нағашы сөзі қосылып, нағашы аға деп айтылады.
25.08.2014 04:59 8018

Аға – бірге туған, туысқан, ағайынды, аталас, рулас ер адамдардың патролиния (әке) жағынан жасы үлкені. Ана жағынан (матрилиния) туысса, бұл атауға нағашы сөзі қосылып, нағашы аға деп айтылады.

 Аға

А. ұғымы жалпылама мәнде жұмсалғанмен, оны айтушы «эго» бірге туған аға, туысқан аға, аталас аға, рулас аға дегендерді ретімен қандық жағынан алыс-жақындығына қарай ажыратады. Сондай-ақ дәстүрлі ортада туыстық байланысы болмаса да өзінен жасы үлкен ер адамның барлығын А. тұту моральдық- этикалық нормалардың қатарынан орын алған.

Дәстүрлі қазақ қоғамында елеулі орын алатын А. мен іні сыйластығы – этностың қорғаныс механизмінің қалыпты, әрі ырғақты қызмет атқаруын қамтамасыз ететін әдеп нормалары және моральдық құндылықтар қатарында А.-ның жөні де, жолы да үлкен деп есептеледі. Қазақ тәрбиесінде інінің қашан да өзінен жасы үлкен А.-сын сыйлап, ақылын тыңдап, әдепті ілтипатты, ізетті болуы талап етіледі. А.- сы болса інісіне көмектесіп, қамқорлық көрсетіп жүреді. А.-лы-інілі адамдардың арасындағы қатынастың мұндай әлеуметтік ерекше мәні Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар; Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без, аға тұрып, іні сөйлегеннен без; Ағаға қарап іні өсер, апаға қарап сіңілі өсер; ағаның үйі ақжайлау; Жеңім жаман болса да, жағам жақсы, өзім жаман болсам да, ағам жақсы; Көп ақымақтың ағасы болғанша, бір ақылдының інісі бол; Өз ағасын ағалай алмаған кісі ағасын жағалай алмайды т.б. мақал-мәтелдерден де аңғарылады. Бұл мақалдар туысқандар арасындағы өнегелі қарым- қатынасты, үлкенді-кішілі адамдардың өзара сыйластығы, қайырымдылық пен адалдығының нормалары тәрізді. А.– жасы кішілер үшін айбар, қорған, сүйеніш әрі мақтаныш. Қазақта өзінен үлкен деп сыйлап, құрметтеуге байла- нысты аға тұтты деп айту қалыптасқан. Әдеп (этикет) бойынша өзінің туған А.-сына немесе А.-сымен тұстас, жақсы көретін адамын құрметтеу мәнінде ағай, ағажан, ағажай, ағатай сияқты атауыш қаратпалар қолданылады. Сондай-ақ, әпкелерінің, тіпті шешесінің де отбасылық үрдісте қалыптасқан ахуал бойынша А. атап кететін жайт, және ағаны тәте деп те атайтын жергілікті ерекшеліктер ұшырасады.

Қазақтар аға мен інінің тату-тәтті болуына ерекше мән беріп, ағайынның бірлігін үнемі насихаттап отырған. Оның мысалын төмендегі мақал-мәтелдерден көре аламыз:

Туысы бірдің - уысы бір.

Бөлінгенді бөрі жейді.

Төртеу түгел болса төбедегі келеді,

Алтау ала болса ауыздағы кетеді.

Ағасы бардың жағасы бар,

Інісі бардың тынысы бар.

Өзім жаман болсам да, ағам жақсы.

Ағайын тату болса ат көп,

Абысын тату болса ас көп.

Әдеб.: Абрамзон С.М. К вопросу о патриархальной семье у кочевников Средней Азии // КСИЭ АН СССР. Вып.28. М.:Наука, 1957; Арғынбаев Х. Қазақ халқындағы семья мен неке (тарихи-этнографиялық шолу). Алма- ты: Ғылым, 1973; Кенжеахметұлы С. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Алматы: Атамұра, 2010.

 

 «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға