Жаңалықтар

Ақ от (шөп)

Ақ от (шөп) – мал азығы, малға сіңімді, жұғымды, тауда, биік құмдақ, тасты, көгалды жерде өсетін тұщы шөптердің түрлері.
25.08.2014 11:50 21277

Ақ от (шөп)

Ақ от (шөп) – мал азығы, малға сіңімді, жұғымды, тауда, биік құмдақ, тасты, көгалды жерде өсетін тұщы шөптердің түрлері. Суық ұрып (қазан ұрып), күздің ақ жаңбырына шайылған күзеудің шөбі де ақ от деп аталған. Ақ отты төрт түліктің бәрі бірдей жейді. Бірақ соның ішінде ақ оттың көбісі – жылқы малының негізгі азығының бірі. Ақ отқа қамыс, жоңышқа, ажырық, көде, бетеге, селеу, жауылша, тарлау, жұмырқияқ және т.б. жатады. Бетпақдала шөлінде кездесетін Ақ оттардан шырмауық, доңыз оты сияқты шөптер теңіз жағасында қамыс арасында да өседі.

Сыр қазақтары мал азығы ащы отқа сексеуіл (діңі  мен  бұтақтары бұраң-бұраң боп келетін, құмды жерлерде өсетін, шөлге төзімді, морт  сынатын  жапырақсыз  қатты ағаш тұқымдас өсiмдiк), қара барқын, қара сораң, жантақ, күйреуік, жыңғыл, тал, жиде, тораңғы, торғай оты, балық көз, кекіре, ала бота, боз бота, жалмаң құлақ, бозды бас, көкбек, шыртылдақ, шытыр, қызғалдақ, теріскен, дүзген (жапырақсыз, жасыл өркенді, бунақ-бунақ болып осетін бұталы өсімдік), ақ бас, теке сақал, бөргек, шайыр, шағыр, құрғаш сияқты шөптерді жатқызады. Ащы шөптер негізінен шөлейіт жерлерде, яғни Қызылқұм, Қарақұмда көп өседі. Жайылымдар малдың жейтін отына байланысты таңдалды. Ақ от түйеге тойым бермеген, онымен азықтанған түйе жүдей бастаған. Сондықтан да ақ от өскен жерге жайған түйеге күшін сақтау үшін тұзды жиірек беріп, азықтандырудың қосымша әрекеттеріне жүгінген. Түйені алабота, көкбек, жирен, бөргек, қарсұқ, бұран, құрқара, қарабарқын, балықкөз, жоштал, құрғаша, шайыр, шағыр, жыңғыл, жас сексеуіл шыбығына жайған.

Жылқы малын шөбі шүйгін, яғни тарлау, райыш, қоянқарта, қаяқ, майқара, ебелек, зығыр, ергек, жусан, жүгерік, ақбас, көде өскен жерлерге жаяды. Жылқы малы сүйіп жейтін ақ оттың қатарына бидайық, бетеге, қоңырбас, ебелек, изен т.б. осы сияқты шабындық шөптерді жатқызған. Бұлардың екінші атауы – боз от. «Бозды жерде жылқы семірер» деген мақал осы жайтқа байланысты қалыптасса керек.

Сиыр жусан, боттауық, буын сүйек, селеу, ши, қамыс, көде, бетеге өскен алқаптарда жайылады. Қой малының азығының құрамы мейілінше мол болды. Қой малы жайылымындағы шайыр, жерен, бозғанақ, қызғалдақ, жауқазын, балқурай, жантақ, көкбек, жуа, жолкөк, қарпан, баялыш, балауса, қараспан, киік оты, майшөп, балықкөз, торғай оты, қара барқын, сары сораң, күштамыр, бұзаубас, тік санар, селеу, шалғын, торлау, жүзген, тоспашағыр, құртқашаш, аққоңырау, шырмауық, қартұяқ, теріскен, өлең, сарысулан, тіксанар, қарабұршақ, ақбұршақ сияқты өсімдіктер Қазақстанның барлық аймақтарында кездеседі.

Әдеб.: Загряжский Г. Быт кочевого населения долин Чу и Сырдарьи // ТВ. №25. 1874. 25 июня. №27, №28, №30, №31, №32; Диваев А. Из области киргизского скотоводческого хозяйства // ТВ., 1904.№102; Ларин И. Введение в изучение естественных кормов Казахстана (Краткая характеристика кормовых свойств степных полупустынных и пустынных растений). Издание общества изучения Казахстана. Кзыл- Орда, 1927; Өмірзақов Т. Атамекен // Наурыз: жаңғырған салт-дәстүрлер. Алматы: Қазақстан, 1991.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға