Ақ боз ат шалу
Ақ боз ат шалу – Тәңірге жалбарынып, құрбандыққа шалу. Әсіресе, әлеуметтік мәртебесі аса жоғары уақиғалар кезінде жасалады. Мысалы, боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге отырғызып, ханды көтергенде, ел-жер тағдыры сынға түскен шешуші ұрыстар алдында батырларға, олардың қалың қолына ақ жол тілегенде А. б. а. сойылады.
Қысылған әскер басының,
Қасына барып тұрғанда.
Ақ боз атты шалғанда,
Мойныңа кісе салғанда
Баба түкті шашты Әзіз,
Содан бата алғанда
Тілеуің қабыл болғанын.
Басыңа қыдыр қонғанын,
Ұмыттың ба соны, Абылай!
(Ертедегі әдебиет нұсқалары. Алматы, 1967)
«Қобыланды батыр» жырында, Қараман: «Боз ат шалып Құдайға, қырық мың қол алып» Қобыландыға көмекке аттанады. 1726 жылы үш жүздің басы бірігіп, Әбілқайырды бас қолбасшы сайлап, жоңғарға қарсы шыққанда Ақ боз атты шалу рәсімі орындалған.
Екі ел арасындағы шапқыншылық тоқтатылып, бітімге келген жағдайда ақ боз бие сойылып, қанына елшілер қолдарының сұқ саусақтарын батырып, енді ешқашан жау болмаймыз деп анттасқан. Ақ боз ат сойып ант беріп, куә болу қазақ салтында ХХ ғ.-дың басына дейін жеткен. Бұдан басқа ақ боз атты құрбандыққа шалу рәсімі, көптен көріспеген туыс-жегжаты келгенде, жаугершілікте жоғалып кеткен туыс-тумасы табылғанда, табындағы мал өліп, жылқы шығынға ұшырап тоқтамай қойғанда орындалады.
Ал жеті атадан соң дербес ру болып бөлінген кезде құрбандыққа ала жылқы шалынады. Қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрлі жеті атаға толмай қыз алыспайтын рулас ағайындар ру-қауымның демографиялық мөлшері тым көбейген жағдайда, яғни сегізінші атадан әрі көбейіп, жайылым жер жеткіліксіз сезілгенде, арнайы үлкен жиын өткізіліп, алдын ала дайындалған жылқының құйрығын тараптардың ру басылары өзара кесісіп, арнайы керілген ала арқаннан бөлінетін жақтың игі жақсылары аттайды. Соңынан аруақтарға арнап ала жылқыны құрбандыққа шалып, ру ақсақалдары өз араларында қыз алысуға келісім берген.
Ақ боз биені құрбандыққа шалу себебі – аруақтарды риза қылу. Сонымен бірге, өркендеу идеясының бір ғұрыптық көрінісі деуге болады.
Әдеб.: Ертедегі әдебиет нұсқалары. Алматы, 1967; Әлімбай Нұрсан. Дәстүрлі қазақ қоғамын зерттеудің ілкімді принциптері жөнінде қысқаша номадологиялық дискурс (немесе жалпытеориялық проекция) // Евразийский ежегодник. Астана: ЕНУ им. Л.Н.Гумилева, 2005; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
Ақсарбас атау/ көкқасқа атау – көне заманғы наным-сенімге негізделген құрбандық шалу ғұрпы. А. үш түрлі: бозқасқа, көкқасқа және қызылқасқа мал шалынатындығы туралы ауызекі және жазбаша деректерде айтылады. Мұндағы бозқасқа дегені қой, көкқасқа жылқы, қызылқасқа түс сиырға қатысты. Қазақтар аруақтарға арнап құрбандық шалып, құдайы бергенде өте сирек кездесетін ақ сары бас немесе боз қасқа түстісін союға айырықша мән береді. Өйткені, боз қасқа атау Тәңіріге тілекті тез жеткізеді-мыс. Боз, көк түстер қазақ халқы сыйынған тәңірінің, Көктің символына теңелетін қасиет түске саналады. Бұл жерде құрбандық шалудың қалыптасқан тәртібі байқалады: айталық, құрбандыққа шалынатын қойдың түсі ақ, басы мен мойыны сары болуын жақсы ырымға балайды. Әрі, мал жастау, яғни екі тісті, түсі ақ, тұла бойы түгел қардай аппақ, маңдайы ақжолақ болып келуін жақсылықтың нышанына балап, құрбандық қабыл болады деп ырымдайды. Адамның қауіп-қатерге ұшырағанда, ауырғанда, жаны қысылғанда Алла атымен «ақсарбас» деп үш рет айтуы керек. Аман қалған кісі осыдан кейін ел-жұртты шақырып, құдайы береді. Алыс сапарға кеткен адамның амандығы үшiн арналған малды да метафоралық образбен А. атадым дейді. Осындайда «А, Құдай оң жолыңа баста, пәледен сақта, жолыңа ақсарбас айттым!» деп Тәңірге тәу етеді. Халықтың дәстүрлі нанымында адамның жолына айтылған ақсарбас ол ауылдан ұзақта, жырақта, қауіп-қатердің шебінде жүрген кезде «айтылған иесіне тілекші болып, оның амандық-саулығын тілеп жүреді». Жаңа босанған әйелге А. қой сойып, ақ тілеу айтып, қалжа жегізеді. Себебі аяғы ауыр кездегі тері шықпаса, ана мен баланы қырық түрлі қырсық шалады, қалжа жемеген әйелдің баласы ынжық болады деп ырымдайды. Қызға құда түсіп келіп, екі жақ келісімге келіп, «құдандалы» болғанда, қыздың әкесі құдаларына батасын оқытып, ақ қой сойған. Қазақта «ақ қойдың қаны, ақ бата оқығаны» деген сөз осыны меңзейді. Күйеужігіт тарапы жаңа түскен келіннің «өлі-тірісіне» ақ тоқты апарады. Оның мағынасы дәстүрлі наным-сенімдегі өркендеу идеясынан бастау алады. Қазақтарда қойдың ақ сары басын құрбандыққа шалу – құдайы айтудың жақсылық, қуанышпен аяқталуын тілеу. Беделді адам қайтыс болғанда құрбандыққа қойдан ақсарбас шалынса, қатардағы құрбандыққа қоңыр тоқты мен қара шұнақ лақ сойылғаны белгілі.
Әдеб.: Хинаятұлы Б. Қазақтардың төрт түлікке қатысты дәстүрлі ырым, жосын-жоралғы, әдет-ғұрыптары // Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері: өткендегісі және бүгіні. Алматы: Ғылым, 2001; Ысқақов Ә.К. Абайдың өмір жолы // Абай туралы естеліктер. 1-кітап. Семей, 2010.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»