Жаңалықтар

Ақ құю

Ақ құю – қазақтың мифологиялық наным-сеніммен астасып жатқан ғұрыптың атауы. Мәні – ақты төгіп алудан, шашудан сақтандыру.
25.08.2014 11:09 8684

Ақ құю – қазақтың мифологиялық наным-сеніммен астасып жатқан ғұрыптың атауы. Мәні – ақты төгіп алудан, шашудан сақтандыру. Байқаусызда төгіп алса, саусағын батырып, маңдайына жағу ырымын жасаған соң, аяққа басылмас үшін жақсылап тазалайды. А. қ. ғұрыптық қызмет атқару кезінде ерекше мәнге ие болады. А. қ. әуел баста шаманизмнің аясында қалыптасса керек. Күн көрістің, тіршіліктің негізі болған сүтті (ақты) түркі, моңғол халықтары ежелден қасиет тұтқан. Ақ сүт – таза пиғыл, ақ тiлеудiң, жақсылыққа жорудың символы.

А. қ. ырымының келесi бiр мәнi төмендегiдей сәтте де атқарылады. Бiр жылда адамның көптеген арман тiлектерi орындалып, мақсатына жетiп, табысқа кенелсе, сол жылды құт жылы санап ерекше еске алады. Осы жыл шығарда келесi мүшелде айналып келгенiнше құт-береке ортаймасын деген ырыммен сол жылдың атауы болған жануардың басына ақ құйып, ырым жасайды.

Көктемде алғаш күн күркiрегенде шөмiш сыртын сүтке малып алып, үй айнала «сүт көп, көмiр аз», – деп дөдеге тұсынан ұрғылау құт саналатын жауынның мол болып, малдың көп төлдеуiн, мал және оның желiнi аман болуын ырымдауды бiлдiредi. Бұл жөнiнде Г.Н. Потанин төмендегідей мәліметтер келтіреді: «қазақтар алғаш күн күркiрегенде үйдің дөдегесін айналдыра тоқпақтап, «сүт көп, көмір аз» деп шөмiштi iргеге қойып, «саумалық, саумалық, құрдық па, құрмадық па жақсылықты, ескi жыл шықты, жаңа жыл келдi» деп көктемнің басталуын паш еткен сәтті осылай қарсы алған екен. Ақ тағамды табиғаттың дүлей күштерінің бетін қайтару амалы ретінде де пайдаланды.

Ақ құю

Ақ құю. А.И.Бортников. ҚР МОМ қорынан (КППМ 3129/2).

Оның шарасы сан алуан: қалың өрттің алдына ақ шашады. Үйге қарай құйын келе жатса, ақ шашып «құйын, құйын соқ, пәленбайдың үйін соқ» деген сияқты магиялық мағынадағы сөз айтып, түкіреді және оған қарсы ақшалапты шашатын болған. Өйткені, құйынның ішінде адамға қаскөй зұлым күштер бар-мыс. Кейде жоғарыдағы сөзді айтып құйынды пышақпен оңды-солды осқылай кесіп өтеді.

Ақ құйып шығару – қазақ мифологиялық танымынан туындаған ғұрып атауы, үйге кірген жыланды өлтірмей, басына, сүт, айран, құйып шығару ырымы. «Далада жылан көрсе өлтiредi, үйде жылан көрсе жақсы көредi, неге десеңiз, қайсы уақытта перiште деген жыланға ұқсап жүрер болар», – деген Ә.Диваевтың мәлiметi осы ғұрыптың мәнiн аңғартады. Ақ тағам – таза пиғыл, ақ тiлеудiң, жақсылыққа жорудың символы. Сонда, жыланның ба- сына ақ құю оны перiштеге балауды бiлдiргенi болып шығады. Үйге кірген жыланды өлтірмей, басына А. қ. ш. жамандыққа жақсылықпен жауап берудің белгісі саналған. Яғни қазақ қасиетті ақ арқылы жақсылық ету дұшпанды қара ниетінен қайтарады деп есептеген.

Қазақы ортада бір үйге бас сұққанда, «құрауыз» шыққан адам ренжіген кезде айтылатын «үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады» деген стреотиптік сөз орамы да аталмыш ғұрыптың айырықша этномәдени мәнін аңғартса керек.

Ақ тамызу – егер отбасынан үйірлі құмырсқа шықса, оны да өлтірмейді. Қайта оған ақ тамызады. Сонда, құмырсқалар ол жерден кетіп қалады. Жоғарыда айтылғандай, өрттің алдына ақ тамызады, су тасыса, оған да ақ тамызады. Сонымен А. т. – қазақ халқының досым түгіл, дұшпаныма да қылдай қиянат жасамаймын, жан баласына жан ашырлықпен қараймын деген ізгі ниетін білдіруі. Ақ сүт таза пиғыл, ақ тiлеудiң, жақсылыққа жорудың символы.

Әдеб.: Потанин Г.Н. Очерки Северо-Западной Монголии. Результаты путешествия исполн. в 1876-1877 г. по поручению ИРГО. СПб., 1881. Вып. ІІ (материалы этнографические); К. На бузе // ТВ. 1888. №15; Голубова Н.О. О кумысе и лечении им. М., 1899; Диваев А. Из быта киргиз // ТВ. 1906.

№118; Карутц Р. Среди киргизов и туркмен на Мангышлаке. СПб., 1911; Арғынбаев Х.А. Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерктер. Алматы: Ғылым, 1969; Новгородова Э.Э. Древняя Монголия. М.: Наука, 1989; Диваев Ә. Тарту. Алматы: Ана тілі, 1992; Хинаятұлы Б. Қазақтардың төрт түлікке қатысты дәстүрлі ырым, жосын-жоралғы, әдет-ғұрыптары // Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері: өткендегісі және бүгіні. Алматы: Ғылым, 2001; Қатран Д. Қазақтың дәстүрлi ас-тағам мәдениетi. Ғылыми редактор және алғысөз авторы Нұрсан Әлімбай. Алматы: ҚМӨҒЗИ, 2002; Арғынбаев Х., Тоқтабай А., Сейітқұлова Ж. Қазақтың мал шаруашылығына байланысты наным- сенімдері // Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. І том. Алматы: Арыс, 2005; Ғабитханұлы Қ. Қазақ мифологиясының тілдегі көрінісі. Алматы: Арыс, 2006.

 

 «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға