Тәлімді тарихы бар заң факультеті
Назарларыңызға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры мен доцентінің мақаласын ұсынамыз
Қазақ ұлттық университеті өзінің негізін 1934 жылы 15 қаңтарда қалағаннан бастап Қазақстандағы білім беру жүйесінің бетке ұстар көркі, университеттік дәстүрлердің, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау көзі болды.
Қазақ ұлттық университеті – іргелі білім ошағы, ғылым мен мәдениеттің орталығы. Халқымыздың заңғар перзенттері қызмет еткен, талай талантты ұл-қыздарымыз шыққан қара шаңырақ. Ғылым мен қоғам қайраткерлерінің бірнеше буынын тәрбиелеп шығаратын алтын ұя. Бүгінгі заман – ой мен өрісті, ізденісті талап ететін және ғылыми жаңалығы көп жаңашыл кезең. Сондықтан заман талабына сай сұраныстағы мамандық – құқықтану, заңгер мамандығы. Осы орайда еліміздегі заңгерлерді дайындауда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін ерекше атап өтуге болады. Өйткені, қазақ жеріндегі аталмыш маман иелерін дайындауда бұл білім ордасының алар орны ерекше.
Заң факультетінің тарихына көз жүгіртер болсақ, оның бастауы негізі 1938 жылы қаланған Алматы заң институты тарихымен байланысып жатыр. 1955 жылы мамырда Алматы мемлекеттік зан институтын С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың заң факультетіне айналдыру жөнінде шешім қабылданды. Мұндай қайта құру бұрынғы құрылым бойынша мамандандырудың тар шенберде жүретіндігіне әрі оның өзі түлектер үшін тиімсіз екендігіне сүйенді, сонымен қатар университетте заң факультетінің болмауы оның білім беру ісін ақсатып тастағандай еді. Заң факультетінде күндізгі және сырттай оқу бөлімдері жұмыс істеді. Ал 1957 жылдан бастап заң факультетінің кешкі бөлімі ашылды.
Заң факультетінің ең алғашқы деканы 1952 жылдан бастап Алматы заң институты директорының қызметін атқарып келген С.З.Зиманов болды. Факультеттің негізін қалаушылар Қазақстандағы заң ғылымдарының дамуына үлкен үлес қосқан атақты заңгер-ғалымдар болған. Атап айтқанда заң факультетінің негізін қалап, ондағы оқу үдерісі мен ғылыми-зерттеу жұмысын жандандыруға С.Я.Булатов (қылмыстық құқық), К.Ф.Котов (мемлекеттік құқық), М.П.Хангалов (мемлекет және құқық теориясы), Л.В.Дюков (мемлекет және құқық тарихы), Я.М.Бельсон (шетелдердің мемлекеттік құқығы, халықаралық құқық), А.М.Агушевич (қылмыстық процесс), В.И.Попов (кримининалистика), И.Д.Фондаминский (азаматтық процесс), С.С.Сартаев (мемлекеттік құқық), А.Н.Таукелев (саяси және құқықтық ілімдер тарихы) т.б. өлшеусіз үлес қосты.
Зан факультеті өзінің зерттеу тақырыптарын айтарлықтай кеңейтті. Ғылыми-зерттеу такырыптарында Қазақстанның мемлекет және құқық тарихы, мемлекеттік аппаратты жетілдіру, заңдылықты нығайту мәселелері үлкен орын алды. Осы жылдары А.Ж.Жақыпова, К.А.Шайбеков, К.С.Үргенішбаев, Ю.Г.Басин, К.А.Абжанов, С.Н.Савицкий, Г.Ф.Поленов, Ш.М.Мәжитов, Н.А.Жангелдин, К.Д.Жоламанов және т.б. кандидаттық диссертацияларын қорғады.
60-шы жылдары заң факультетінің деканы С.С.Сартаев болды. Ол ауылда қазақ мектебін бітірген жастарға өз ана тілінде білім алуға мүмкіндік беру үшін заң факультетінде қазақ бөлімін ашуға үлкен күш салды. 1962 жылы ҚазМУ-дің заң факультетінде бірінші рет қазақ бөлімі ашылып, көп ұзамай кайта жабылып қалды.
Құқықтану, заңгерлік – бүгінгі таңда классикалық университеттік білім беру құрылымының ажырамас бөлігі. Заң ғылымы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ауқымында беделді орынға ие. Университет тарихында факультет мыңдаған құқық саласындағы мамандарды: сот, прокуратура, ішкі істер органдары мен мемлекеттік қауіпсіздіктің жоғары білікті жауапты қызметкерлерін, нотариустарды, адвокаттарды және заң компанияларындағы заңгерлерді дайындап шығарды. Заң факультеті республикамызда заң мамандарын дайындаудағы жетекші орталық болып табылады. Факультеттің негізін қалаушылар Қазақстандағы заң ғылымдарының дамуына үлкен үлес қосқан атақты заңгер-ғалымдар болған. Заң факультетінің ғылыми беделі оның жоғары білікті ғылыми кадрларды дайындауға қосқан зор үлесімен айқындалады. Ғылыми кадрлардың дайындығы магистратура, аспирантура және PhD докторантурасы арқылы жүргізіледі. Ғалымдардың ғылыми зерттеулері заң ғылымдарының теориясын жетілдіру мен өндіріс сұраныстары қамтамасыз ету қажеттілігінен туындайды. Заң факультетінің қазіргі кездегі құрылымы, оның профессорлық-оқытушылық құрамының қалыптасуы, ғылыми потенциалының құрылуы бірнеше кезеңдерден өтті.
Заң факультетінің дамуының барлық кезеңдерінде оның қызметі Қазақстанның қоғамдық өмірімен, еліміздің экономикасының қажеттілігімен, құқық саласындағы жоғары білікті ғылыми, тәжірибелі кадрлармен қанағаттандыруымен тығыз байланыста болғанын айта кеткен жөн. Заң ғылымы, құқықтану, заң ілімі, заңтану – құқықты әлеуметтік нормалардың ерекше жүйесі ретінде зерделейтін және құқықты қолдану қызметінің алуан түрлі қырларын зерттейтін қоғамдық ғылым. Әр елдің Конституциясы заң ғылымының негізі және қайнар көзі болып табылады. Қазіргі заң ғылымы бірқатар білім салаларына сараланған. Олар: мемлекет пен құқық теориясы, құқық және құқықтық ілімдер тарихы, азаматтық құқық, қылмыстық құқық, жер құқығы, су құқығы, көлік құқығы, теңіз құқығы, мемлекеттік құқық, халықаралық құқық, т.б.
Факультеттің миссиясы – еліміздің қоғамдық өмірі мен ғылымына, экономиканың маңызды бағыттарының қарқынды даму мәселелерін шешуге бағытталған заманауи, жоғары білімді, бәсекеге қабілетті мамандар буынын қалыптастыру. Университетте білім беру ісі Болон реформасына сәйкес жүргізіледі, оқытудың кредиттік жүйесі толық күшіне енген, оқу үдерісінің жапсырмасыз ашықтығы, білім алушылардың академиялық ілкімділігі, «бакалавр – магистр – PhD» түрінде үш сатылы мамандар дайындау қамтамасыз етілген. Университеттің жаңа даму кезеңінде әл–Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жаңа Академиялық саясаты іске асырылды, білім тексерудің қуатты корпоративтік Интранет жүйесі жолға қойылды.
Алтын арқауы үзілмеген, ел болуды ойлаған ұрпақтар сабақтастығының жарасымды үлгісін осы білімнің қара шаңырағынан айқын көруге болады. Дәл бүгін алдыңғы толқын ағалар ісін кейінгі толқын інілер жалғастырып, алыптар салған ақ жолдан адаспай келе жатқаны анық. Тұғыры мықты, тұлғасы ерен, ақыл-ойдың азаматтарын шығарған білім ордасының өткені мен бүгінгісін бір-бірімен үндесіп жатқанын қуанышпен айта аламыз. Егеменді еліміздің тарихында, Қазақстанның заң ғылымының 60 жылдығын атау – бүкіл ел қуанышы, мерекесі. Сондықтан оны университеттің халықаралық биік мәртебесіне, осы қазіргі заман талабына сай атап өту біздің міндетіміз.
Бүгінгі жаңарған талаптар қоғамы ең алдымен нағыз маманды көбірек бағалайды. Кәсіби шеберлігі жоғары маман дайындау – ежелден келе жатқан дәстүрлі міндетіміз. Сондықтан болашақта еліміздің іргесін ұстайтын ұрпақ даярлау жолында ел алдындағы жоғары жауапкершілікті біз жақсы түсінеміз. Факультеттің барлық қадамдарына жауаптымыз. Өзімізден бұрын оқу орнының мәртебесі біз үшін аса қымбат. Үнемі бізбен еліміз мақтанса деген ұлы арманымыз бар. Ұлттық уиверситететіміздің бүкіл ұжымына жемісті ұстаздық қызмет, абыройлы еңбек, жаңашылдық ізденістер тілеп, ұшқан ұямыздың әрдайым мәртебесі биік, абыройы асқақтай беруіне тілектеспіз!
Исабеков А.Қ.
з.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры м.а.
Мынбатырова Н.Қ.
з.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті