"Қолөнер тек ою-өрнек
басу емес"

Қолөнер шебері Қуаныш Қынабаймен сұқбат
Қазіргі қолөнер шеберінің таңы қалай басталады? Қазақстандықтар көбіне қандай бұйымдарға тапсырыс береді? Қолдан жасалған бұйымдар фабрикалық өнімдердің көлеңкесінде қалып қоймай ма? Бұл жайлы қолөнер шебері Қуаныш Қынабай баяндайды.
Алғашқы қадам
"Ата кәсіп" деп айтып жатады ғой. Осы өнерді әспеттеген әулетте өстім. Атам бос уақытында қолөнермен айналысып, түрлі бұйымдар жасаған. Ол кісіден ұстаған құрал-саймандар, қолынан шыққан бұйымдары әлі сақтаулы. Ал әкем - суретші. Кішкентайдан соларға еліктеп, сурет салып, ою ойып, түрлі дүниелер жасайтынмын. Оқуға түсер кезде де ойланбастан суретші-мүсінші мамандығын таңдадым. Кейін тек қолөнермен айналысатын болдым. Осылайша былғары және ағаштан бұйымдар жасайтын "Домалақ" бренді дүниеге келді.
"Қолөнер тек ою-өрнек басу емес"
"Жұмыста ең маңыздысы - тазалық"
Бүгінгі қолөнер шеберінің бұрынғы қолөнер шеберлеріне қарағанда жұмысы жеңіл, әрине. Сауданы интернет арқылы жүргізгеннен кейін, біздің таңымыз телефонға келген хаттарды тексеруден басталады. Түскен тапсырысқа қарай, сол бұйымға арналған материалды дайындауға көшеміз.
Әкем бала кезімнен "Жұмыста маңыздысы - тазалық. Тазалық болмаса ісіңнің бір тиын пайдасы жоқ" деп үнемі айтып отыратын. Сондықтан тазалыққа баса назар аударамын. Ол тек шебеханада емес, бұйымдардың стиілінен де байқалады деп ойлаймын.
Менің жұмысымдағы тағы бір маңызды мәселе - материал. Былғары таңдауға ерекше назар аударамын. Өйткені былғары жасалатын бұйымға (әмиян, белдік, қол сөмке, жол сөмке), оны қолдану мақсатына (қалың, жұқа, жұмсақ, қатты) қарай таңдалады.
"Қолөнер тек ою-өрнек басу емес"
Былғары бұйымдарын жасағанда көбіне Түркия мен Шығыс Еуропада өндірілген материалдарды қолданамыз. Қазақстанда да былғары өндіріледі, бірақ оның сапасы төмендеу әрі қаттылау болып келеді. Мүлдем қолданбаймыз демеймін, дегенмен таңдауым өте сирек.
"Қолөнер бұйымдары арзан болмайды"
Көпшілік "отандық өнімді қолда дейсіңдер, онда неге бағасын түсірмейсіңдер?" деп өкпесін білдіріп жатады. Біздің бұйымдар бағасын Қытай мен Моңғолиядан келетін арзан фабрикалық өнімдермен салыстырады. Ал қолөнер аты айтып тұрғандай басынан соңына дейін қолмен жасалып, еңбек пен ыждағатты талап ететін жұмыс. Оның үстіне таза былғары. Сондықтан қолөнер бұйымдары арзан болмайды.
Әр кәсіптің өз қиындығы болады. Біз тек оюлы бұйымдар жасаймыз деп айтпас едім. Жалпы айтқанда, қолөнер тек қана ою-өрнек басу емес. Ол қолдан жасалған кез келген бұйым болуы мүмкін. Сондықтан біз де өнімдеріміздің заманға сай, стильді көрінуіне үлкен мән береміз.
Оюлы көзілдірік
Өзім ағашпен жұмыс жасағанды жақсы көремін. Кейде бесік, сандық жасаймын. Бірде интернеттен ағаштан жасалған көзілдірікті көріп қалып, жасап көруді шештім. Алғашында оюсыз жасап көрген едім, әдемі шықты, бірақ бірдеңе жетіспей тұрғандай болды. Содан "неге оюмен әрлемеске?" деген ой келді. Жұмыстың нәтижесі өзіме ұнады. Көпшілікке де ұнап, жақсы пікірлер айтылды. Осылайша, ою-өрнекті көзілдірік жасай бастадық.
"Қолөнер тек ою-өрнек басу емес"
Талғам
Шетелде жұмысқа, оқуға ұстайтын портфельдер мен сөмкелерге сұраныс көп. Ал бізде ондай бұйымдар аз өтеді. Қазақстандықтар көп тапсырыс беретін заттар әмиян, белдік, борсетка сияқты кішігірім бұйымдар.
"Қолөнер тек ою-өрнек басу емес"
Өзіміздің ұлттық ерекшелік болғандықтан, ою-өрнек басылған бұйымдарды көргенде қуанамыз, әрине. Егер сәнін келтіріп, талғамға сай жасаса, неге қуанбасқа?! Ал оюлы бұйым жақсы өтеді екен деп, оны кез келген жерге тықпалай берсек, оның қадірін кетіріп, ұлттық сән өнерінің ерекшелігін жоғалтып алатын сияқтымыз. Бірақ дизайнерлерге "мынаны жасама" деп тыйым салуға біздің құқымыз жоқ. Өйткені олар қандай тауарға сұраныс болса, соны шығарады. Сондықтан мәселе тек шығатын бұйымға емес, тұтынушының талғамына, сұранысына келіп тіреледі. Ал тұтынушының талғамын арттыру бір күннің жұмысы емес.
суреттер: instagram.com/domalaq